Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БЖЗҚ активтерін басқарудың тиімсіздігі туралы тұжырым дұрыс емес - Ұлттық банк басшысы

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәжіліс депутаттарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін басқаруға қатысты сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

бжзқ

Ол БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарудың тиімсіздігі туралы тұжырымдармен келіспейтінін айтты.

"БЖЗҚ зейнетақы активтерінің сенімгерлік басқарушысы ретінде Ұлттық банк валюталар, елдер, секторлар және эмитенттер бойынша қаржы құралдарының алуан түріне инвестициялауды көздейтін теңгерімді инвестициялық саясат жүргізеді. Зейнетақы активтерін инвестициялау тек нарықтық шарттарда жүзеге асырылады. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтары үшін әділ кірістілікті қамтамасыз етеді”, – деді Пірматов.

Оның айтуынша, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің негізгі бөлігі жергілікті нарықта ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары, квазимемлекеттік компаниялар мен халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары сияқты сенімді эмитенттердің бағалы қағаздарына инвестицияланады. Бұл БЖЗҚ зейнетақы активтерінің сақталуы мен кірістілігін қамтамасыз етеді.

“Инвестициялар ауқымын және қаржы құралдарының тізбесін кеңейту, сондай-ақ портфельдің сапасын, өтімділігін және ұзақ мерзімді кірістілігін арттыру мақсатында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің бір бөлігі сыртқы нарықтарға инвестицияланады", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның атап өтуінше, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін тиімді инвестициялау үшін тәуекел мен кірістіліктің оңтайлы арақатынасын қамтамасыз ететін жаңа стратегиялық бөлу әзірленді. Валюталық активтерді басқару индекстік негізде жүзеге асырылады. Ол халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып, жаһандық акциялар, дамыған және дамушы елдердің облигациялары, инвестициялық деңгейдегі эмитенттердің корпоративтік облигациялары сияқты активтердің негізгі шетелдік сыныптарына инвестициялауды көздейді.

"Мысалы, теңгемен номинирленген қаржы құралдарының ағымдағы үлесі БЖЗҚ зейнетақы активтері көлемінің - 71,5, шетел валютасында номинирленгендер 28,5 %-ға тең. Күрделі макроэкономикалық жағдайға және әлемдік қор нарықтарының құлдырауына қарамастан, әлемдегі көптеген институционалдық инвесторлар шығынға ұшыраса да, биыл БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі оң болды.

Ұлттық банк басшысы БЖЗҚ-да зейнетақы активтері шоғырланған сәттен бастап (2014 жылғы сәуір – 2022 жылғы қараша) жинақталған инфляция 111,2 % болған кезде зейнетақы активтері бойынша жиынтық кірістілік 114,2 %-ға жеткенін атап өтті.

“БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарудың тиімсіздігі туралы жекелеген қысқа мерзім аралығында алынған кірістілік негізінде жасалған тұжырымдар дұрыс емес. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің орнықтылығы тұрғысынан кірістілік пен инфляция көрсеткіштерін ұзақ уақыт аралығында қарастырған жөн", – деді Ғалымжан Пірматов.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 02 Қаңтар, 2023 11:01