Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұйрыққа бағынбағандарды ату керек": Қазақстандық депутаттың пандемия кезінде жазған жазбасы көптің талқысына түсті

Депутат Самат Нұртаза коронавирус пандемиясы кезінде "адамдарды ату керек" деген әлеуметтік желідегі пікіріне қатысты түсінік берді. Facebook-те депутаттың 2020 жылы жазған пікірі пайда болды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат көпшіліктің талқысына түскен жазбасында “әскерді периметрмен тізіп қойып, бұйрыққа бағынбағандарды ату керек” дейді.

“4-5 атқан соң тынышталады. Табиғи сұрыпталу керек адамдар. Біздің халық қорыққанын сыйлайды”, – деген депутат осыдан 3 жыл бұрын.

Самат Нұртаза сол кезде неліктен мұндай пікір жазғанын түсіндірді. Пандемия кезінде екі жақын туысының қайтыс болғанын айтқан ол, сол кездері халық мемлекеттің, санитариялық дәрігерлердің айтқан ескертулерін ескермей, тығылып той жасағанын еске алады.



“Коронавирустан қайтыс болған жақындарым болды. Бұл оқиғалар есімізден тез шығып кетеді ғой. Қазақ халқы сол кезде қырылып жатқанда Қытай миллиондаған халқы бар Ухань қаласын толық жауып тастады. Қала тым-тырыс, ешкім жоқ. Қытайдың сондай темір тәртібіне қызықтым. Олар үйде отыр десе отырады. Соның нәтижесінде Қытайда адам шығыны аз болды. Сондықтан ашынып, қынжылғандықтан сондай пікір жазып жібердім”, – дейді депутат.

Самат Нұртаза "қатты кеткенін" мойындап, ресми түрде кешірім сұрай алатынын да жасырмаған.

Еске салайық, бұған дейін Самат Нұртаза журналистерді "қолтырауынға" теңеп, сынға қалған болатын. Бұл жазба әлеуметтік желіде дау туғызып, кешірім сұрауды талап еткен журналистер де табылды. Алайда депутат кейінірек даулы жазбасын өшіріпті. Оның орнына бұл әрекетінің мәнін түсіндірген. Шенеуніктің сөзінше, "ашылғысы келіп" қалжыңдаған.

Самат Нұртаза –  биыл Мәжіліске Amanat партиясынан сайланған депутат.

Талқылау