Анар Батырхан Live Fest-тің мәнін "Оскар" марапатымен салыстырды. Оның айтуынша, бұл – бір жыл бойы атқарылған еңбектің нәтижесін көрсететін, TikTok креаторлары үшін ең жоғары әрі беделді байқау. Фестиваль аясындағы ең әсерлі сәттердің бірі халықаралық сахнада қазақ тілінде ән айту мүмкіндігі болған.
"TikTok арқылы жарын жолықтырып, заңгерден әншілікке өткен": Желіде танымал болған қазақстандықтар қалай жетістікке жеткенін айтып берді

Таиландтың Пхукет аралында өткен TikTok LIVE Fest 2025 халықаралық іс-шарасы барысында қазақстандық креаторлар Руслан Нуртазин, Анар Батырхан және Сухраб Курбанов Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, өз стримдері несімен ерекшеленетінін айтып берді. Руслан аудиторияны еркін форматтағы батлдар мен интерактив арқылы ұстаса, Анар эфирде эмоция, ән мен жүргізушілік шеберлік көмектеседі дейді. Ал Сухраб стримингті нақты стратегия, жүйелі жұмыс және тәртіппен ұштастырып, TikTok Live-ты толыққанды сахна деңгейіне көтеріп отыр.
"TikTok эфирлер арқылы болашақ жарын жолықтырған"
TikTok LIVE Fest 2025 кешінде отандасымыз Руслан Нуртазин бірнеше рет сахна мінберінен көрінді. TikTok-та стрим жүргізіп, контент жасауды нөлден бастаған Руслан Нуртазин бүгінде Live форматында өзіндік аудитория қалыптастырып үлгерген. Оның айтуынша, алғашқы жетістіктер оңай келген жоқ.
"Бір уақытта видео түсіруді, монтаж жасауды, контент құрастыруды, стрим жүргізудің бәрін қатар үйрендім. Блог жүргізе бастағаннан кейін он жетінші күні бір видеом 840 мың қаралым жинады, ал жалпы саны бір миллионға жетті", – деп бөлісті блогер.
Руслан TikTok-та өтетін фестивальға үшінші рет қатысып отыр. Жеңімпаздың сөзінше, бұл байқау – тек бәсеке емес, үлкен мотивация беретін алаң.
"Live-Fest өзімді тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемге көрсетуге мотивация береді. Біз тек бір елдің атынан емес, ТМД кеңістігінің атынан қатысамыз. Осылайша, жауапкершілік әрі шабыт аламыз. Мысалы, стрим барысында LEGO жинап қана қоймай, батлдарға қатысып, тікелей эфирде түрлі форматта аудиториямен байланыс орнатамын. Кейде батл жасаймыз, кейде жай сөйлесеміз. Кейбір қарсыластар ән айтады, ол кезде сөйлесу мүмкін емес. Ал кейде жаңа адамдармен танысасың", – дейді тиктокер Руслан Нуртазин.
Сұхбат барысында Руслан ерекше әрі күтпеген жаңалығын бөлісті. Ол эфирлер арқылы миллион қаралым жинап қана қоймай, болашақ жарын да жолықтырған.
"TikTok эфирлерінің арқасында жарымды таптым. Жақында үйлендік. Жарым Кристина Украина ұлтының өкілі. Қазір ол Канадада уақытша тұрып жатыр. Ал таныстықтың өзі TikTok-тағы тікелей эфирден басталды. Ол маған рекомендацияға шықты. Оған бірнеше донат секілді “роза” лақтырдым, кейін бір-бірімізді қостық, бірге стрим жүргізе бастадық. Сөйтіп екеуміздің аудиториямыздағы оқырмандар бізді жұп ретінде қоса бастады", – деп еске алады Руслан.
Кейін Руслан Нуртазин Кристинаны Қазақстанға екі аптаға қонаққа шақырған. Осылайша виртуалды таныстық шынайы өмірге ұласқан. Қазақстандағы бір ауылды су басқан кезде, блогерлер қауымы зардап шеккендерге көмек көрсетуге жұмылған. Олар зардап шеккен аймаққа бірге барып, тұрғындарға азық-түлік жеткізіп, көмек көрсеткен. Қиын сәтте бір-бірінің адамгершілігі мен шынайы ниетін жақыннан таныған жұп осы жолы бір-бірін жақынырақ тани түскен. Кейін таныстық терең сезімге ұласып, олар ресми түрде некеге тұрды.
Фото: Stan.kz | Руслан Нуртазин және Анар Батырхан
Руслан Нуртазин Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Мектеп бітірген еліміздің ірі қалаларында жұмыс істеген.
"Алматыда он жыл тұрдым, ал қазір Астанада тұрып жатқаныма алты жылдай болды. Ақтөбеде туғанмын, бірақ ол жақта көп тұрмадым. Бұрын математикадан дарынды балаларды даярлайтын мектепте жұмыс істегенмін", – дейді Руслан Нуртазин.
Сөз соңында Руслан стримге деген өз ұстанымын да бөлісті. Оның айтуынша, көрерменге әрдайым шынайы әрі жағымды энергия сыйлау маңызды.
"Егер көңіл-күйім болмай тұрса, стримге мүлде кірмеймін. Ал эфирге шықсам, міндетті түрде жақсы көңіл күймен, күлімсіреп, көрерменге позитив сыйлауға тырысамын. Адамдар стримге өз мәселесінен бір сәтке болса да алыстап, жақсы әсер алу үшін келеді. Сондықтан олардың көңілін түсірмей, керісінше жігер бергім келеді", – дейді Руслан.
Дегенмен креторларлың эфирлері жеке блогта ғана емес, командалық күш пен кәсіби деңгей жағынан да сынға түседі. Мұнда бір адамның харизмасы емес, жүздеген көрерменнің сенімі шешуші кезеңге айналады. Осы тұста Live Fest-тің мәнін ерекше бағалайтын тағы бір креатор Анар Батырхан туралы айта кеткен жөн.
"Неге TikTok-та отырсың? Сен әртіс емессің бе?”
Анар Батырхан үшін TikTok Live Fest жай ғана эфир немесе кезекті байқау емес, бір жыл бойғы еңбектің, командалық қолдаудың және креатор ретінде өсу жолының нақты нәтижесі екен. Ол Live Fest-тің ерекшелігін қарапайым эфирмен салыстыру мүмкін емес екенін айтады.
"Маған қазақ тілінде ән айту ұсынылған сәт үлкен мәртебе болды. Мұны елімнің жеңісі деп қабылдадым. Азияның түкпір-түкпірінен келген креаторлар арасында өз тілімді көрсету мен үшін ерекше маңызды еді. Әдейі қазақ тілін таңдадым. Әуелде мұндай ауқымды болады деп ойламадым, жай ғана эфирге шығып жүрдім. Ал екі жылдан кейін Пхукетте сахнада тұрып, алғашқы байқауларымның бірінде жеңіске жеттім", – деп Анар Батырхан қуанышын жасыра алмады.
Анар Батырхан TikTok-тағы белсенділік пен халықаралық іс-шараларға қатысу шығармашыл адам үшін тек табыс көзі емес, ең алдымен аудиторияны кеңейтіп, өзін жаңа қырынан танытудың жолы екенін айтты. Ол донат пен рейтинг басты мақсат емес, ұзақ мерзімді әсер мен танымалдықтың өзі нәтиже деп есептейді.
Дегенмен бәрі бірдей TikTok-ты өнер адамы үшін маңызды алаң деп қабылдай бермейді дейді Анар Батырхан.
"Кейбіреуі “Сен неге TikTok-та отырсың? Сен әртіс емессің бе?” дейді. Бірақ қазіргі жастардың уақыты TikTok-та. Көп адам мұны әлі сезінбейді, түсінбейді. Онда тегін жарнама шығарасың, әндеріңді, клиптеріңді еш шығынсыз көрсетесің. Қазір мені сахнаға шақырғанда актриса, әнші, тележүргізуші, тиктокер деп таныстырады", – дейді қазақстандық ару.
Фото: Stan.kz | Анар Батырхан мен Сухраб Курбанов
TikTok-тағы белсенділігі Анарға жаңа мүмкіндіктер ашып, соның нәтижесінде ол Кореядағы іс-шараға шақырылып, теледидарда ән айтуға мүмкіндік алған. Кәсіби білімі бар актриса әрі әнші ретінде ол опера бағытынан саналы түрде бас тартып, тірі көрерменмен, эмоцияға негізделген форматты таңдаған. Бүгінде Анардың еліміздің түкпір-түкпіріне тараған командасы бар, тұрақты эфир кестесін ұстанады, яғни күн сайын кешкі 21:30-да шығады. Ашық алаң болған соң негатив пен хейт те кездеседі, алайда Анар бұл мәселеде командасы мен модераторларға сүйенеді. Оның айтуынша, дәл осы қолдау стримингті жалғастыруына себеп болған.
"Кей оқырмандардан негатив болатыны рас. Кейбіреулер соның кесірінен стримингті тастап кетеді. Егер бәріне мән берсең, шыдау қиын. Менде модераторлар бар", – деп түсіндірді Анар Батырхан.
Фото: Stan.kz | Анар Батырхан мен Сухраб Курбанов
Осылайша, TikTok Анар Батырхан үшін жай ғана контент алаңы емес, кәсіби сахна, тірі аудитория және оны алға жетелейтін үлкен бірлестікке айналған.
Анардың сахнадағы қазақ тіліндегі әні, эмоцияға толы эфирлері TikTok-тың тек ойын-сауық емес, мәдениет пен идентификация алаңы екенін дәлелдесе, осы жолдың кәсіби жағын, стратегия мен тәртіптің маңызын айқын көрсететін креаторлардың бірі – Сухраб. Сухраб Курбанов та Анар секілді ән айтып, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып келеді.
"Репертуарындағы 500-ден аса әнімен танымал"
Сухраб стримингті бастағаннан кейін шамамен екі ай өткенде аудиторияның шынайы қолдауын сезінгенін айтады. Осы уақыт аралығында тұрақты көрермен жиналып, команда қалыптасқан. Қазір эфирге шыққанда өзін сенімді сезінеді.
"TikTok платформасында екі мәрте Live Fest жеңімпазы болдым, Single Shine бойынша ТОП-1, Music On Stage бағытында ТОП-2, ал 2025 жылғы Community Fest-те ТОП-1 орын алдым. Енді TikTok Live Fest-ке де қатысып жатырмын. TikTok-тағы ең ауқымды, ең беделді оқиға дер едім. Осындай деңгейге жету маған да, командам үшін де үлкен мақтаныш. Біз ұзақ әрі ауыр жолдан өттік. Көп еңбек, нақты стратегия, жүйелі жұмыс болды. Мұның бәрі жеңіс тұғырынан көріну үшін жасалды", – дейді Сухраб Курбанов.
Сухрабтың айтуынша, Live Fest-тегі жетістік нақты стратегия мен жүйелі жұмысқа байланысты. Ол бұған дейін де халықаралық TikTok іс-шараларына қатысып, мұндай алаңдарды креатор үшін үлкен мүмкіндік деп санайды.
Фото: Stan.kz | Cухроб
Сухраб Курбанов үшін стриминг тек онлайн эфирмен шектелмейді. TikTok-тағы белсенділігі оны офлайн сахнаға да алып келіп, концерттерге шақыртулар түсе бастаған. Музыкалық білімі болмаса да, ол қоңыр дауысы мен шынайы орындау мәнері арқылы өз аудиториясын баурап жүр.
"Иә, кейде концерттерге де шығамыз. Бұл стримнің сахнаға апаратын жолы бар екенін көрсетеді. TikTok маған вокалист ретінде көп нәрсе берді. Әсіресе, жаңа аудитория, жаңа таныстықтар берді. Ең бастысы, мүмкіндіктер көбейді. Музыкалық білім жоқ. Жай ғана ән айтқанды жақсы көремін. Негізгі мамандығым заңгер. TikTok – кәсіби дипломнан бұрын, шынайылық пен еңбекке жол ашатын алаң. Қазірдің өзінде репертуарымда 500-ден аса ән бар. Кейде сұраныс бойынша айтамын, кейде өз қалауыммен. Мұнда адамдар тек қарау үшін келмейді. Олар сенің көңіл-күйіңді сезіну үшін келеді. Сол үшін де бұл жай платформа емес, тірі орта", – дейді креатор.
Қазір ол өз шығармашылығын толықтай TikTok стримингке арнаған. Бұрын кәсіпкерлікпен айналысқан қазақстандық бүгінде сахна мен көрермен арасындағы тікелей байланысты басты құндылық деп санайды.
"Қазір біз толығымен стримдерге, жеке әндеріме көңіл бөле бастадым. Бұған дейін мейрамхана бизнесі болды, кәсіп те болды, бірақ қазір басты бағытым осы TikTok эфирлері. Біз стримде жай отырып қалмаймыз, біз ән айтамыз, эмоция береміз. Біздің энергия алатын ортамыз деуге болады. Адамдарға біздің эмоцияларымыз ұнайды. Біреуге күлкі керек, біреуге тірі қарым-қатынас керек. Маған “Сені шын жүректен қолдағым келеді, істеп жатқан дүниең ұнайды” деп" жиі жазады. Кейбіріне нақты бір ән ұнайды. Олар қайта-қайта сұрайды. “Мына әнді қалай керемет айтасың?” деп жазады. Сол сәтте сен ән айтасың, ал олар қолдау көрсетеді. Мұның бәрі осы тікелей эфир барысында жүзеге асады", – дейді Сухраб Курбанов.

Фото: Stan.kz | Cухроб
Сухрар отбасылық қолдаудың да маңызды екенін атап өтеді. Жұбайы оның стримингтегі белсенділігін түсіністікпен қабылдайды. Халықаралық TikTok іс-шараларына қатысу Сухрабтың кәсіби бағытына ғана емес, жеке өміріне де әсер етпей қоймаған. Қазір жары Сухрабқа модератор ретінде жұмыс істеп, қолдау білдіріп жүр. Сухрартың сөзінше, стримнан табатын табысы да отбасының барлық қажетіне жетіп, артылады.
"Отбасым мұнымен айналысқаныма қарсы емес. Қалыпты жағдай деп қарайды. Ең бастысы, қолдау білдіріп, түсінеді. Тіпті қазір менімен бірге осы салада жұмыс істейміз. Аптасына бір рет, бес-алты рет, кейде күнде ән айтамын", – деді Сухраб Курбанов.
Сұхбат барысында Сухраб Курбанов командалық рухқа да тоқталды. Оның айтуынша, ұжымның ресми атауы әзірге бекітілмегенімен, көрермендер мен қолдаушылар өздерін "Львицалар", "Тигрицалар" деп атап кеткен.
"TikTok арқылы жарын жолықтырып, заңгерден әншілікке өткен": Желіде танымал болған қазақстандықтар қалай жетістікке жеткенін айтып берді