Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы қаржы вице-министрі "Қазақтелеком" компаниясының басшылық құрамына тағайындалды

Фото: primeminister.kz

Бұрынғы қаржы вице-министрі Бахтияр Кожахметов "Қазақтелеком" компаниясының басшылық құрамына кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақпарат AIX алаңында жарияланған мәліметтерде көрсетілген. Компанияда ол цифрлық бизнес дивизионының бас директоры қызметін атқарады. Сондай-ақ, Кожахметов басқарма құрамында жаңа орынға тағайындалып отыр. Бұған дейінгі мүшелердің ешқайсысы қызметінен кеткен жоқ.

Бахтияр Кожахметов 1985 жылы Қарағанды қаласында туған. Қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген. 2009 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Ақпараттық жүйелер" мамандығы бойынша магистратура дәрежесімен тәмамдаған. 2011 жылы Прагадағы Карл университетінде демография және демографиялық зерттеулер бойынша магистр атанған. Сондай-ақ 2017 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде құқық бакалавры дәрежесін алған.



Ол IT саласы мен мемлекеттік басқару жүйесінде көп жылдық тәжірибеге ие. Әр жылдары "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-да, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау комитетінде және Көлік және коммуникациялар министрлігінде түрлі қызметтер атқарған.

2021–2022 жылдары Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі болған.

STAN.KZ
Жұма, 20 Ақпан, 2026 16:56