Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы қаржы министрімен байланысты асфальт зауыты қарызға батқан соң, сатылымға шығарылды

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Абай облысында eGov дерегіне сәйкес мыңға жуық құрылтайшысы бар “К-Дорстрой” компаниясына тиесілі асфальт зауыты аукционға шығарылды. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, мүлік компанияның салық берешегін өтеу үшін сатылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аукционға шығарылған мүлік Аягөз қаласында орналасқан стационарлық, циклдік E-mak Express 204 FUM асфальт зауыты. 2025 жылдың 28 қарашадағы бағалау есебіне сәйкес, мүліктің нарықтағы құны 245,5 миллион теңге. Аукцион мемлекеттік “Міндет” сервисінде өткізіледі және биыл 26 ​​желтоқсан сағат 11:00-де басталады.

Аукцион бетінде зауыттың ең төменгі сату бағасы 159,6 миллион теңге екені көрсетілген. Кепілдік жарнасы 36,8 миллион теңге. 

eGov деректеріне сәйкес, “К-Дорстрой” компаниясының шамамен мыңға жуық құрылтайшысы бар. Алайда олардың есімдері жария етілмейді. Компания 1993 жылы тіркелген. Kompra сервисінің мәліметінше, құрылған сәтінен бастап 2019 жылға дейін оның ресми түрде көрсетілген құрылтайшылары болмаған.

Дегенмен, бұған дейін Orda.kz басылымы компанияның негізгі құрылтайшысы “АС” компаниясы арқылы 77,9% үлеске ие болған Зейнолла Кәкімжанов екенін жазған. Ол Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі (2002–2003 жылдары). Ал Forbes.kz мәліметінше, “АС” компаниясын Зейнолла Кәкімжановтың туған әпкесінің ұлы Темірболат Сұлтансихов басқарған.

DFO порталында жарияланған “К-Дорстрой” компаниясының 2022 жылғы қаржылық есебіне сәйкес, компания акцияларының 95%-ы “Целинтрансстрой” компаниясына тиесілі. Kompra дерегіне сүйенсек, бұл компанияның иелері  Сабит Қанатов пен Тахип Искандаров. Сабит Қанатов 2000 жылдардың басында мемлекеттік кірістер вице-министрі әрі Салық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Фото: kursiv

2008 жылы БАҚ беттерінде Астана соты Сабит Қанатовты ірі көлемде салық төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырғаны туралы жазылды. Алайда ол Тәуелсіздік күніне орай жарияланған рақымшылыққа ілігіп, жаза мерзімі екі есе қысқартылған.

Компанияның 2022 жылғы шығыны 2,77 миллиард теңге болған.

Еске салайық, 2024 жылдың жазында Бас әскери прокуратура мемлекетке келтірілген залалдың бір миллиард теңгеге жуық сомасы өтелгенін мәлімдеген еді. Хабарламаға сәйкес, сот Қорғаныс министрлігінің “К-Дорстрой” компаниясына қарсы талап-арызын қанағаттандырып, 1 миллиард 36 миллион теңге көлеміндегі аванстық төлемді және 31 миллион теңге мөлшеріндегі өсімпұлды өндіру туралы шешім шығарған.

Компания жолдар, көпірлер мен әуеайлақтарын салу және қайта жаңғыртуға маманданған. 2016 жылы Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ірі 50 жекеменшік компанияның қатарына енген. Оның жобаларының қатарында Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда және Көкшетау әуежайларын реконструкциялау бар.

Компания бірнеше рет даулы жағдайға тап болды. 2022 жылы “Жетіген” әскери әуеайлағын күрделі жөндеу кезінде жұмысшыларға жалақы төленбеген. Бірнеше ай бойы ақысыз жұмыс істеп, жылусыз контейнерлерде тұрған қызметкерлер наразылық акциясын ұйымдастырған. Компания мәселені мойындағанымен, жауапкершілікті Әскери инфрақұрылымның бас басқармасына жүктеген.

Нәтижесінде Әскери инфрақұрылым басқармасы сотта жеңіске жетіп, 2023 жылдың сәуірінде сот “К-Дорстрой” компаниясының есепшоттарына тыйым салған. Осыдан кейін электронды сауда-саттық сайтында компания мүлкін сату туралы хабарландырулар пайда болды.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 20 Желтоқсан, 2025 08:37