Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың туған бауырына тиесілі компанияға айыппұл салынды

Фото: gov.kz

Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың туған бауырына тиесілі компанияға Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) компаниясының шағымы бойынша айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өткен жылдың соңында “ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері” компаниясы Дулат Қожамжаровқа тиесілі “High Industrial Lubricants & Liquids Corporation” ЖШС компаниясымен келісімшарт жасасқан. Компания 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалпы сомасы 504 миллион теңге дизель отынын жеткізуі керек болған, алайда компания өз міндеттерін толық орындамаған. 

“2025 жылдың 1 тамызында жеткізуші мемлекеттік органдардың тексерістері мен іс-шаралардың ағымдағы қызметке елеулі кедергі келтіретінін айтып, тапсырыс берушіге (ҚТЖ) қолданыстағы келісімшарттарды 2025 жылғы 1 тамыздан бастап тоқтату туралы өтініш жолдаған”, – делінген хабарламада. 

“ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері” компаниясы 46 миллион теңге авансты қайтаруды және келісімшарттың жалпы сомасының 10%-ы (50,4 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салуды талап етті. Сот арызданушының талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

“High Industrial Lubricants & Liquids Corporation” ЖШС-нен “ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері” пайдасына 45 769 957 теңге авансты, 50 401 768 теңге айыппұлды және 2 885 152 теңге мемлекеттік баж төлемдерін өндіру туралы шешім қабылданды”, – делінген сот хабарламасында. 

Айта кетейік, Дулат Қожамжаров – кәсіпкер, Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың бауыры. Ол “Hill Corporation” компаниясының жалғыз құрылтайшысы. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры, сенаттың экс-депутаты Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғаны туралы жазған едік. Тергеу "басшылық қызметте болған әртүрлі кезеңдерінде қызмет бабын асыра пайдалану”, “қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру” фактілері бойынша басталған.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 23:03
Талқылау