"HAS" қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы досы арқылы жарты миллиард теңгені жасырмақ болған

Видеодан скриншот
Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті "HAS" қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтардың өтініштері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды 6 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу мақсатында салымшылардың қаражатына сатып алынған, жалпы құны 1,2 миллиард теңгеден асатын мүлік соттың шешімімен өндіріп алуға жіберілді.
Өндіріп алынған активтердің қатарында 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер учаскесі, автотұрақ орындары, тұрғын емес үй-жай және банк шоттарындағы ақшалай қаражат бар.
Сот орындаушылары жәбірленушілерге 300 миллион теңге көлемінде төлемдер жүргізді. Қазір жалпы сомасы 821 миллион теңгеден асатын залалмен 125-тен астам жәбірленушіден арыз түсті.
Сонымен қатар салымшылардың қаражаты есебінен ұйымдастырушы елорда аумағында орналасқан, құны 525 миллион теңге болатын жер учаскелерімен бірге "A.D.A.M. group" ЖШС-ін сатып алғаны анықталды. Аталған мүлік оны жасыру мақсатында ұйымдастырушының танысының атына рәсімделген. Соттың санкциясымен көрсетілген мүлікке тыйым салынды.
Биыл 6 қаңтарда күдіктілердің әрекеттері қайта сараланып, оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, қаржылық пирамиданы ұйымдастыру және жарнамалау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру баптары бойынша айып тағылды. Тергеу жалғасып жатыр.
Қаржы мониторингі агенттігі "HAS" қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды аумақтық бөлімшелерге арызбен жүгінуге шақырады.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді