Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл сұраққа жай ғана жауап беру мүмкін емес": Павлодар облысының әкімі өңірден халықтың көшуіне пікір білдірді

әкім көші-қон туралы айттыФото: ОКҚ

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірден халықтың көшуі мәселесіне пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист биылғы жылдың 10 айында өңірден 6 мыңнан астам адам кеткенін атап өтті. Сұраққа жауап берген әкім бұл тақырыптың күрделі екенін бірден ескертті.

"Мен бұл сұраққа кеңейтілген түрде жауап берейін, өйткені мұны бір ауыз сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Бұл біз жұмыс істеп жатқан негізгі жүйелі проблемалардың бірі", - деді ол.

Халықтың көшіп кетуінің басты себептерінің бірі ретінде әкім экологиялық ахуалды атады. Оның айтуынша, Павлодар облысы ел бойынша зиянды шығарындылар көлемі жағынан бірінші орында тұр.

"Ел бойынша қатты бөлшектердің шығарындылары 2,1 миллион тоннаны құрайды. Соның 30 пайызы Павлодар облысының үлесінде, яғни шамамен 700 мың тонна",  - деді Асайын Байханов.

Шығарындылардың негізгі бөлігі Екібастұз қаласына тиесілі, ірі энергия өндіруші компаниялардың жұмысына байланысты шамамен 400 мың тонна.

Көші-қон мәселесіне тоқталған әкім тек халықтың кетуін ғана емес, өңірге келіп жатқан адамдар санын да ескеру қажет екенін айтты.

"32 мың адам көшіп кеткен, 24,5 мың адам көшіп келген. Соның нәтижесінде шамамен 8 мың адам  таза көші-қон шығыны", - деді ол.

Сондай-ақ әкім халық санының азаюының тағы бір себебі ретінде жастардың Ресейге оқуға кетуін атады. Облыс Ресеймен шекаралас болғандықтан, мектеп түлектері Новосибирск, Омбы, Томск және Кемерово қалаларына жиі оқуға барады.

"Олардың шамамен 50-60 пайызы оқуын аяқтағаннан кейін сол жақта қалады", – деді әкім.

Ол сондай-ақ өңірдің этникалық құрылымын еске салды: облыс халқының 57 пайызы  қазақтар, 43 пайызы  өзге ұлт өкілдері.

Халықтың көшуін өтеу үшін қабылданып жатқан нақты шаралардың бірі ретінде әкім еңбек ресурсы артық оңтүстік өңірлерден қоныс аудару бағдарламасын атады. Оның айтуынша, Павлодар облысына 5500 адам көшірілген, сондай-ақ шамамен 1500 қандас қоныстанған.

"Соған қарамастан, халық санының азаюы бар. Біз мұны мойындаймыз және бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз", -  деп түйіндеді Асайын Байханов.

Рая Мінәп
Жұма, 19 Желтоқсан, 2025 13:09