"Бұл – сіздің тіліңіз, біздің емес”: Алматыдағы спа-орталық қазақ тіліне қатысты дау аясында өздеріне кибершабуыл жасалғанын мәлімдеді
Magnum-ға қатысты даудан кейін алматылық спа салон да қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқаны үшін сынға ұшырады. Желіде пікір білдірген тұрғынның мәліметінше, анасы орыс тілін білмегендіктен қазақ тілінде қызмет алғысы келетінін салон қызметкерлеріне жеткізген. Дегенмен Thai Welness Spa салоны Stan.kz тілшісіне бұл жалған ақпарат екенін және хат-хабар фотошоппен өзгертілгенін айтып ақталды.
Threads желісінде тұрғын Thai Welness Spa салонының администраторы қазақ тілінде жауап беруден бас тартып дөрекілік танытты дейді.
“Мен оларға анам тек қазақша сөйлейтінін түсіндіргім келді, бірақ Айгерім есімді администратор маған дөрекі тонмен қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес екенін айтты. Менің анамның жасы келіп қалған, қазақша білім алған. Осы жайттан кейін олардың рейтингін түсіріп тастағым келіп тұр”, – делінген жазбада.
Автор көрсеткен скриншотта “менің анама дөрекілік танытып, қазақша сөйлеуге міндетті емес екендеріңізді айтпай-ақ қойсаңыз болмай ма, біз бәрін түсінеміз. Бірақ сіздер СПА-сыздар, тіл білулеріңіз керек. Сіздерге шетелдіктер де келуі мүмкін” деп ол жазған.
Ал спа салон жауабы: “Қайталап айтамын, біз қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емеспін. Бұл – сіздің тіліңіз, біздің емес” болған.
Осыдан кейін желі қолданушылары 2GIS қосымшасында спа салонға наразылықтарын жеткізіп, төмен баға жаудырды. Бірақ жазба авторы постын өшіріп тастаған.
Stan.kz тілшісі Thai Welness Spa-ға қоңырау шалып, мәселеге пікір білдірулерін сұрады. Олар мұндай хат-хабар болғанын жоққа шығарды.
“Бәсекелестер аяғымыздан шалып, жала жапқысы келді. Мұның бәрі өтірік. Біздің беделімізді түсіруге бағытталған”, – деп Thai Welness Spa әкімшілігі қысқа қайырды.
Одан кейін Айгерім Болатова есімді администратор сол күні жұмыста болмағанын және қазақ тілінде сөйлейтінін айтып берді.
“Нағыз қазақ, найман қызы Айгерім мен боламын. Мен өз ана тілімді құрметтеймін, ал біреуді кемсіту – ол тәрбиесіздік. Қазақ тілінің абыройын сөгіспен емес, сыйластықпен көтерсе жарасар еді.
Мен бірнеше күн жұмыста болмадым. Мұндай мәлімдемелер тоқтамаса, заң түрінде шара қолданамын. Беталды дүниенің ақ-қарасына жетпей, мән-жайды білмей, мені қаралап жатқандарыңыз жөн болмады”, – деді ол.
Осы ретте Thai Welness Spa негізін қалаушы Нуриян Сәрсенбекова жағдайды толық айтып беруге келісті.
“Бүгін біз кибершабуылға тап болдық, СПА орталығымыздың бәсекелестері фотошоп арқылы жалған хат-хабарлар жасады. Сол үшін бір сағатта 600-ге жуық теріс және жағымсыз пікір жазылды. Шын мәнінде, бұл бизнес иелері үшін өте қорқынышты. Жылдар бойы қалыптасқан бизнес пен беделді дәлелсіз айыппен бір секундта жоя салады”, – деді.
Сөзінше, спа қызметкерлері үш тілде сөйлей алады.
“Осыған дейін тілге қатысты мұндай шағымдар ешқашан түскен емес. Біз администраторларымыз сауатты екенін дәлелдей аламыз. Ал аталмыш диалог мүлдем болмаған. Біз оған хабарласып, спаға қай күні келгенін сұрағымыз келді. Бірақ ол растай алмады”, – деді Сәрсенбекова.
Еске салсақ, қазақстандықтар қазақ тіліне қатысты даудан кейін Magnum-ға бойкот жариялаған еді.