Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл – халықты мазақ қылу": Астана қаласында "7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотека рәсімдеу үшін ұзын-сонар кезек түзілді

Астана қаласының тұрғындары "7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотека рәсімдеу үшін бір күн бұрын банк алдында кезекке тұрған. Үйлі болғысы келгендер бағдарлама шартын өзгерту арқылы үкіметтің халықты мазақ қылғанын мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

7-20-25

Мади Жақсыбаев есімді желі қолданушысы мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотека рәсімдегісі келгендер банк алдында қонғанын мәлімдеді. Ал кезекке тұрғандардың көпшілігі жас отбасылар дейді. 

"Мемлекет өз халқын мазақ қылып отыр, қанша пәтер бос тұр. Ал "тиімді" бағдарлама біреу ғана, дегенмен жалақы төмен, инфляция жоғары, барлығы қымбат болса әрі мұны пайдаланып құрылыс компаниялары байып жатса, мұны тиімді деуге келе ме? Мемлекетке қайтарылған миллиардтар қайда? Жастар пәтер алуы үшін бұл қаржының бір бөлігін осында құю керек. Мен жай ғана куәгермін, пәтер алмаймын, бірақ үнсіз қала алмадым", – деп жазды ол Facebook-тегі топтардың бірінде. 

Ал блогер Дәулет Мұқаев кезекке байланысты туындаған мәселені шешу жолын ұсынды. 

"100 миллиард теңге лимитті алып, бағдарламаны 2025-26 жылға дейін қысқарту керек. 2029 деп көрсетілгенімен, 2029 жылы үйдің бағасы қандай боларын білесіздер... Сөйтіп аты бар, заты жоқ бағдарлама болып шыға келеді", – деді ол Instagram-парақшасында. 

"7-20-25" операторының PR менеджері Айбар Олжай банкте түзілген кезекке байланысты пікір білдіріп, бағдарлама бойынша тек бастапқы, пайдалануға берілген тұрғын үйлерге ғана несие рәсімдеуге болатынын мәлімдеді. 

“Қазіргі уақытта азаматтардың көпшілігі серіктес банктерге тұрғын үй әлі таңдалмаған немесе пайдалануға берілмей тұрса да жүгінуде. Бұл банктерде негізсіз кезектің пайда болуына әкеліп соқты. Және екінші деңгейлі банктердің скоринг жүйесіне ауыр салмақ түсіруде. "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ азаматтарды таңдаған тұрғын үй пайдалануға берілген жағдайда ғана банктерге жүгінуін сұрайды”, – деді ол. 

Талқылау