Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл халықты қанау ғой": Астанада шетелден әкелінген көлігін тіркей алмай жүрген жүргізушілер наразылыққа шықты

16 қыркүйекте Астанада жүзден астам жүргізуші жиналып, бейбіт митинг өткізді. Көлік иелерінің жиналуына Ресейде тіркеуі жоқ және Еуроодаққа мүше емес елдерден әкелінген рөлі оң жақтағы көліктерге сақтандыру компаниялары құжат рәсімдеуден бас тартуы себеп болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі AIBAT сайтына сілтеме жасап.

колик наразылык

Астанадағы жүргізушілердің талабын тыңдауға Ішкі істер өкілдері де келген. Елімізде қабылданға заңға сәйкес, 1 қыркүйектен бастап сақтандыру компаниялары рөлі оң жақтағы көліктерге сақтандыру беруді тоқтатқан. Ал бұл 20 мыңнан астам көліктің жүруіне тыйым болған. Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан тіркеуге болатын көліктердің қатарында да бұл көліктер жоқ.

Бейбіт шараға келген жүргізуші жаңа қабылданған заңға сәйкес 350 мың көліктің тіркеуге жарамсыз болып қалғанын айтады.

"Қазіргі тиісті заңның аясында біздің көліктер ешқандай ережелерге сай келмей қалды. Яғни, біз көлігімізді тіркей алмаймыз. Қазір біз тиісті заң нормасын алып тастауды немесе өзгертуді талап етеміз", – дейді қала тұрғыны Данияр Мұқышев.

Сақтандырудан қағылған көлік иелері амалсыздан заң бұзып жүруге мәжбүр екендерін алға тартады. Себебі, сақтандыру жоқ рөлі оң жақтағы көліктерге полиция 30 мың теңге айыппұл салып, ал көліктерін айыптұрағына қамайды.
Жүргізушілер сондай-ақ бұл көліктерін шетелден емес, Қазақстаннан сатып алғандарын баса айтады.



Жиынға келген жүргізушілердің тағы бірі бұл заңның дұрыс емес екенін айта келе 2007 жылы қабылданған заңды алып тастауды талап етеді.

"Сақтандыру бермеу дегеніміз біздің көліктерімізді мүлдем жүргізбейді деген сөз. Ол машинамен халық жанұясын асырап отыр. Адамдардың несие алып алған көліктері. Ертең көлігін қамап қойса, оның баласын кім асырайды? Болмаса мемлекет жұмыс тауып берсін. Қаншама адам осы көлігімен нәпақасын тауып жүр. Бұл халықты нағыз қанау ғой", – деп шағымданады Қайрат есімді азамат.

Ішкі істер министрлігі 1 қыркүйекке дейін елге жеткізілген көліктерді 200-250 мың теңгеге тіркеуді жақын арада басталатынын жеткізді. Алайда нақты мерзімді әлі айтпады. Ал рөлі оң жақтағы көліктер бұл тізімде жоқ. Демек, оларды заңдастыру жағдайы қарастырылмаған.

"Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен кейін Қазақстанға әкелінген көліктерден басқа, криминалды есеп бойынша іздеуде жүрген, заңдық немесе сот тарапынан шектеулері бар, бұрын тіркелген елдегі есептен алынбаған, басқару органдары оң жақта орналасқан сондай-ақ тіркеуден немесе толық кедендік тексерістен өтпеген көліктер заңдастыруға жатпайды", – деп түсіндірді ІІМ комитет төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев.

Жиынға келген жүргізушілер заңды қайта қарасын, тізімге оң жақтан басқарылатын көліктерді де қоссын деген талаптарын айтты. Ал министрлік өкілдері бұл мәселені қарап жатқанын алға тартып, басқа жауап айта алмады. 

Талқылау