“Бұл әулеттің қайғысынан Қаңтар синдромы өршіп жатыр”: Қоғам белсенділері Шерзаттың отбасы жазаланып жатқанына шүйлікті
Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов көшеге пышақ алып шығып, журналистердің келуін талап еткеннен кейін отбасындағы бірнеше адамға іс қозғалған еді. Кейін Нұрымовтың 15 күнге әкімшілік қамауға алынғаны, үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бұған қоғам белсенділері қарсылығын білдіріп, құқық қорғау органдары мен билікті сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қоғам белсенділері жағдайға байланысты пікірлерін білдірді.
“Полиция мен сот өздеріне ыңғайлы жағын ғана ескереді”
Заңгер Ержан Есімханов үйінен бірнеше мәйіт шыққан адамды қамауға алу адамгершілікке жатпайтынын, тіпті заңда мұндай жағдайда жеңілдіктер болатынын айтады.
“Мұның бәрі інісінің жерлеуінен кейін болған. Ресми, заңды жағын қараған кезде адам өзін агрессивті ұстаса және басқаларға қауіп төндірсе, ол қамауға алынуы мүмкін. Шерзаттың әкесіне ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылды. Бұл бапқа сәйкес, адамға мұндай айып бірінші рет тағылғанда, айыппұл салады не қамауға алу мерзімін қысқартуы мүмкін. Бірақ сот мұны істемеді”, – деді заңгер.
Сөзінше, заңның қоғам көретін жағын да ескеру керек.
“Ресми түрде полиция мен сот бұзақыны жауапқа тартқан болар. Бірақ екінші жағын қарасақ, жауапкершілікке тартылған азамат екі айда ұлы мен інісінен айырылды. Үйі өртеніп кетті. Қоқан-лоқы көрді. Ақыры әділдікке жету үшін полиция мен Талғар әкімдігінің назарын аударуға тырысты. Осыған байланысты көп полиция қызметкері мен әкімдік қызметкерлері жұмыстан босатылды.
Осының бәрін басынан өткерген адамды кәдімгі бұзақымен тең көріп, он бес тәулікке қамау адамдыққа жатпайтын тәрізді. Тіпті әкімшілік кодексте жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде жеке немесе отбасылық қиын жағдайлар ескеріледі. Ал жоғарыда аталғандардың барлығы – ең қиын отбасылық жағдайлар”, – деді Есімханов.
Ол өздеріне тек ыңғайлы жағын ескерді деп полиция мен сотты сынға алды.
“Қарақшы я бұзақы емес, қайғыдан басы арылмаған әкені қатаң жазаламаудың жолдарын тапса да болар еді. Бірақ Қазақстанның полициясы мен соты заңның формалды жағын таңдайды”, – деді ол.
“Талғардағы оқиға – тәртіпсіздік жайлаған Қазақстанның көрінісі”
Саясаттанушы, қоғам белсендісі Досым Сәтпаев Талғар оқиғасы Қазақстанның шынайы келбетін көрсетті дейді.
“Талғар трагедиясы – шындықты айтқан емес, кімнің құқығы көбірек, сонікі дұрыс боп шығатын Қазақстанның көрінісі. Тәртіпсіздік жайлаған, қарапайым адамдар мемлекеттік шенеуніктердің тарапынан әділетсіздік сезінетін, сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесінің еті мен қанына сіңген, санадағы қылмыс жайлы ой шенеуніктерді көкелер етіп, көкелерді шенеуніктердің ағасындай көрсеткен Қазақстанның келбеті”, – деді Сәтпаев.
Айтуынша, 30 жылда Қазақстанның әр өңірінде Талғардағыдай көптеген қайғылы оқиғалар болды. Алайда билік елдің статистикасын бұзбас үшін оның бәрін жасырып қалды дейді. Жәбірленушілерге талай қысым көрсетілгенін айтады.
“Билік қазір жәбірленушілерге, өлтірілген жігіттің әкесіне және оның туыстарына қаталдық танытып отыр. Шенеуніктер бұл іс ашық болып, оны елдің бәрі бақылағанына ашулы. Себебі көп нәрсені жасыру қиын, олардың сапасыз жұмысын қазақстандықтардың бәрі көріп отыр. Бұл қылмысты тергеуге қатысқандардың барлығына да жоғарыдан қысым жасалып жатқанын ұмытпайық. Бірақ әділдікке жету үшін қысым көрсетіп жатқан жоқ. Талғар трагедиясы бүкіл биліктің имиджіне теріс әсер еткендіктен, бәрі тез аяқтап, ұмыттырғысы келіп жатыр”, – деді саясаттанушы.
“Әулеттің қайғысынан пост-Қаңтар синдромы өршіп жатыр”
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Қаржаубай Нұрымовтың әулетіндегі қайғылы оқиғалар авторитар биліктің бойындағы пост-Қаңтар синдромын өршітіп жатқанын айтады.
“Ақорда мен күштік құрылымдар “халық көтеріліп кетпесе болды” деген үреймен азаматтарды, Қаржаубай Нұрымов секілді әділдік іздеп, шырылдаған жәбір көрушілерді алдап-арбауға, үркітуге, айыппұл салуға, қамауға дайын екенін танытты.
Талғардағы трагедияны “Ескі Қазақстанның Тоқаевқа жасаған саботажы” дейтін конспирологтар шықса, еш таңғалмаймын. Қазір Қазақстанда билікті дәл өзі сияқты дискредитациялайтын саяси күш жоқ”, – деді саясаттанушы.
Сөзінше, халықтың билікке деген сенімі төмендеп жатыр.
“Әділетті Қазақстан “заң диктатурасымен” орнамайды. Халық “өз мемлекеті қорғансызға қорған болады, құқық қорғау органдары істі ашық әрі жан-жақты қарайды, сот әділ шешім шығарады” деп шын сенген кезде ғана орнайды. Ел байлығының жартысынан астамы 165 адамның қолында шоғырланған, халқы айлығының 70%-ын тамаққа жұмсайтын, әр бесінші азаматы шетелге көшуді ойлайтын Қазақстанда ол сәттің жақында тумайтыны анық”, – деді Шалқар Нұрсейіт.
Ол қарапайым халықтың қорғансыз болғанына қынжылды.
“Астанада ықпалды көкесі, оффшорда миллиондаған доллары, күштік органдарда “қолдауы” жоқ “әлсіз” отбасыда туған әр қазақстандық қатыгез, қорқақ әрі селқос қоғамда аутсайдер болып қала береді”, – деді ол.
“Мұндай адамдардың сенімін өртеу жақсылыққа апармайды”
Журналист Қарагөз Сімәділ Қаржаубай Нұрымов сынды тұлғалардың көңілін қалдыру жақсылыққа апармайтынын айтады.
“Нұрқанат та, Қаржаубай да өз тіршілігін жасап, қоңырқай күн кешіп жүрген қоңыр адамдар еді. Әулеті, отбасы бар еді, өз үйі, шалқыған байдың қатарына қоспаса да, ешкімге алақан жайғызбаған кәсібі бар еді. Соның барлығы әп-сәтте айран-топыр болды. Баласынан айырылды, бауырынан айырылды. Өз қолымен соққан үйін өртеп жіберді. Мұның әрқайсысы олардың көңіл деген ғаламат жан-әлемін өртеп жіберді ғой. Мемлекетті ұстап тұрған осындай адамдар. Ал мұндай жандардың көңілін, сенімін өртеп жіберудің арты жақсылыққа апармайды”, – деді журналист.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң Шерзаттың ашынған әкесі журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды. Кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетейік, ішкі істер министрлігі Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.