Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

BYD электромобиль нарығында көш бастады: Компания Tesla-ны сатылым бойынша басып озды

тесла жеңілді

Фото: pixabay.com

2025 жылы Tesla компаниясының электромобиль сатылымы жылдық есепте 8,6 пайызға төмендеп, нәтижесінде Қытайдың BYD компаниясы әлемдік нарықта бірінші орынға шықты. Айта кету керек, өткен жыл BYD үшін де оңай болмаған. Осылайша, Tesla алғаш рет жылдық сатылым көлемі бойынша бәсекелесінен жеңілді. Tesla басшысы Илон Маск бұл жағдайды тактикалық жеңіліс деп бағалап, ал стратегиялық тұрғыда жеңіс әлі де өз компаниясының еншісінде қалатынына сенімді екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Bloomberg басылымы келтірген Tesla-ның ресми деректеріне сәйкес, компанияның электромобиль жеткізілімі 2025 жылдың төртінші тоқсанында 16 пайызға азайып, 418 227 данаға дейін қысқарған. Бұл көрсеткіш тәуелсіз сарапшылар бұрын болжаған мәліметтерден де төмен болып шықты. Ал BYD, керісінше, тоқсандық та, жылдық та сатылымын арттырып, бір жыл ішінде шамамен 2,26 миллион электромобиль жеткізген. Tesla бұл кезеңде 1,64 миллион көлік сатқан.

Соңғы айларда Илон Маск Tesla сатылымының төмендеуінен назарды басқа жаққа бұру үшін бірқатар бастама көтерді. Соның бірі — роботакси бизнесін дамыту жөніндегі көзқарасын жария етуі. Алайда бұл бағыт әзірге бастапқы кезеңде ғана қалып отыр және көпшілікке көзбояушылыққа көбірек ұқсайды. Дегенмен, болашақта жағдай өзгеруі мүмкін. Сол сияқты толық автопилот жүйесінің жетілдірілуі Tesla көліктеріне жаңа серпін беруі ықтимал. Компания тактикалық тұрғыда уақытша шегінсе де, ұзақмерзімді стратегиялық ойында жеңіске жетуі мүмкін.

BYD үшін шешуші бетбұрыс 2024 жылы-ақ орын алуы ықтимал еді. Алайда сол жылы Tesla қытайлық бәсекелесінен бірнеше мың көлікке ғана алда болып, көшбасшылықты сақтап қалған. Ал 2025 жыл нарықтағы күштердің арақатынасын түбегейлі өзгертіп, BYD-дің бірінші орынға шығуға толық лайық екенін көрсетті.

Дереккөз мәліметінше, Уолл-стритте 2026 жылы Tesla сатылымының болашағына қатысты күмән күшейіп келеді. Екі жыл бұрын сарапшылар Tesla жылына 3 миллионнан астам электромобиль сатады деп болжаған еді. Қазір орташа болжамдар бұл көрсеткіштің шамамен 1,8 миллион көлікке дейін төмендейтінін меңзейді.

Компанияның бұрынғы анонсына сәйкес, 2026 жылдың басты жаңалығы ретінде руль мен педальдары жоқ Cybercab электромобилі ұсынылуы тиіс болатын. Алайда 2025 жылдың соңына қарай реттеуші органдар бұл көлікке басқару тетіктерін міндетті түрде орнатуды талап етуі мүмкін екені белгілі болды. Бұл шешім модельдің басты ерекшелігін жоққа шығаруы ықтимал.

Назархан Уән
Жексенбі, 04 Қаңтар, 2026 14:18