Бұрын-соңды болмаған кеш өткіземін: Өмірқұл Айниязовтың жеке концерті несімен ерекшеленбек?
Өмірқұл Айниязов бұрын-соңды болмаған ерекше жанрда жеке кеш өткізбекші. Бұл туралы әншінің өзі Stan.kz тілшісіне хабарласып сүйінші сұрады.
Өмірқұл Айниязов өзге әріптестері секілді жаңа жылға дайындықты әзірге бастамады. Тіпті, оған әншінің уақыты да жоқ. Қазір ҚР Мәдениет қайраткері өзінің жеке кешіне қызу дайындық үстінде. Эстрада мен ұлттық музыканы үндестіре білген Өмірқұл Айниязовтың бұл кеші Алматыда емес, Талдықорғанда өтпек. Бұл туралы әншінің өзі былай деп сыр шертті:
«Шынымды айтсам, Талдықорған өңірінің менің өмірімдегі орны ерекше. Менің шығармашылығым сол өңірден басталған еді. Мұны оқырман біледі деп ойлаймын. Сондықтан да, 12-желтоқсан күні Талдықорған қаласындағы алаңда өзімнің жеке кешімді өткізуге бел будым».
Алдыңғы кештерден тым ерекше өткізуге жоспарланған бұл кеште қымбат декорация болмайды. Есесіне, ең үлкен led-экран құрылмақ.
«Қыстың басы болғандықтан біздің декорациялар шыдайды ма, жоқ па білмейміз. Оның үстіне алаңда декорациялар емес, экрандар маңызды. Себебі, алыста отырған халық сенің жүзіңді жөнді көре алмайды. Нүктедей болып тұрмас үшін led-экранға басты назарды аударуды жөн көрдік», – дейді Өмірқұл мырза.
Шығармашылық кештің тізгінін Әйкерім Қалаубаева, Қуаныш Сұлтанұлы, Қайрат Әділгерей ұстамақ.
«Бұл кеште мен 35-ге жуық ән орындаймын. Сондай-ақ, кеш қонақтары ретінде Серікбол Сайлаубек, Серік Ибрагимов бой көрсетеді. Және де «Jado» сән үйінің жаңа коллекцияларын да келген көрермен тамашалай алады. Қазір үлкен дайындықпен, қатты қобалжу үстінде жүрмін. Іштей қорқыныш та бар. Күндіз күлкіні, түнде ұйқыны жоғалттық. Жеке шығармашылық кеш болғандықтан жоғарғы деңгейде өткенін қалаймын. Егер бәрі сәтті болса, бәлкім, осындай кешті Алматының да стадиондарында өткізіп қалармын», – деп өзінің уайымын жасырмады Өмірқұл мырза.
Айтпақшы, 12-желтоқсан күні аталмыш кештің қызықтарын Stan.kz алғаш болып хабарлайды.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Жіберіп алмаңыз:
Атағы дардай әншілер “Бала дауысы” жобасының қатысушыларына лайықты көңіл бөлмеген (фото)
Сынақтан сабақ алдым: Кенжебек Жанәбілов науқас балаларға арнап мектеп ашпақшы
Асылым 1 жаста: Арман мен Ашаның тойға дайындығы қалай? (фото)
Мақпал Жүнісова Инстаграмға “ішкен-жегенін” салатын әріптестерін сынап тастады
Сары әулие ең жас әйелі дүниеге әкелген жиырма үшінші перзентін көрсетті (фото)