Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Burger King Kazakhstan-дағы дау: Ресейден келген жұмысшылардың әрекетінен ұлтаралық алауыздық белгілері анықталмады

Burger King Kazakhstan-дағы дау: Ішкі істер министрлігі ұлтаралық алауыздық белгілерін анықтаған жоқФото: threads.com/@zhanat_karatay

Burger King жылдам тамақтану желісіндегі аутизмі бар қызметкерге қысым көрсетілуіне қатысты жанжал басылар емес. Алматының полиция департаменті қазақстандықтардың ашуын туғызған мемге тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Burger King-тің бұрынғы аймақтық басшы Сергей мен оның жұбайы жұмыс орнында Қазақстан мен қазақтарға қатысты қорлайтын мем жапсырды деген ақпарат тараған еді. Stan.kz редакциясы олардың әрекетінде ұлтаралық алауыздық белгілері бар-жоғын тексеру туралы сұрап, ресми сауал жіберді.

“Аталған фактілер бойынша Алматы қаласы Полиция департаменті қызметкерлері тексеру іс-шараларын жүргізді. Тексеру нәтижесінде  ұлтаралық алауыздық белгілері анықталмады. Бұл еңбек қатынасындағы жағдайлар болып саналады. Сондықтан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері шағымданушыларға еңбек құқықтары бұзылған жағдайда тұрғылықты жерінен өтініш беру тәртібі мен мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді”, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Сондай-ақ тамақтану желісінде аутист ұлына қысым көрсетілгенін айтып, дабыл қаққан Жанат Қаратай компаниядан Burger King Kazakhstan бас директоры Алена Амилаханованың қолы қойылған ресми хат алғанын жазды. 

Фото: threads.com/@zhanat_karatay

“Хатта жеке кездесуге шақыру туралы жазылған. Хатта көрсетілген нөмір арқылы мен тек оның өзімен кездесуге келістім. Менің бұл ұсынысым келісілді. Онда “болған жағдайға қатысты сындарлы диалогқа дайын екені, оны реттеу жолдарын айқындау және инклюзивті ортаны дамыту мен қызметкерлерді қолдау мәселесін кеңірек талқылау" туралы жазылған. Бұл хатты осы жазбаға бекіттім. Біз Алматы қаласы Достық көшесі, 85 мекенжайында орналасқан Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығында кездесуге келістік. Уақытында келіп, Амилаханованы күтіп отырдық, іштей диалогқа дайын болдық”, – деп жазды Жанат Қаратай. 

Фото: threads.com/@zhanat_karatay

Алайда Burger King компаниясының делегациясы кешігіп келген. Арасында өзін Амилаханованың өкілі ретінде таныстырған  Асқар Абаевич есімді ер адам болған. Автордың айтуынша, ол өзін агрессивті ұстап, дөрекі сөйлескен. 

“Келген бетте ол агрессивті түрде бөгде адамдармен сөйлеспейтінін айтты. Осы кезде Еңбек инспекциясы департаментінің басшысы олардың бізді оңаша қалдыратынын, тек екі тараптың да кездесуге дайын екеніне көз жеткізіп, амандасу үшін ғана кіргенін түсіндірді. Біз неге Алена Амилаханованың өзі келмегенін сұрадық. Сол сәтте ер адам балағат сөздер мен ауыр айыптауларды қарша боратты. “Сендер кімсіңдер өзі? Енді сендерге Америкадан бас құрылтайшыны алдыртайын ба, әлде Тоқаевты шақырайын ба?” деді. Мұндай сөздері үшін жолдасым оған ескерту жасап, біріншіден, еліміздің Президентін қорлауды тоқтатуды, екіншіден, аузындағы сағызын алып, дауысын бәсеңдетіп сөйлеуін сұрады”, – деп болған жағдайды баяндады Жанат Қаратай.


Бірақ оның бұл ескертуін ер адам құлағына да ілмеген. Жанат Қаратай оның мінез-құлқы біртүрлі көрінгенін,оны тіпті Zoom арқылы қосылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бас прокуратура өкілдері де оны тоқтатпағанын атап өтті.

“Осыдан кейін бұл адаммен мүлдем сөйлескім келмеді. Тек Амилахановамен ғана сөйлесетінімді айттым. Ол тағы да дауысын көтеріп, біз онымен кездеспейтінімізді, барлық әңгіме тек өзінің қатысуымен өтетінін, егер бас тартсақ, сотта кездесетінімізді айтты. Бұл сөздері өзінің сот пен прокуратурада байланысы барын меңзеп, қоқан-лоқы сияқты естілді. Біз залдан шығып кеттік”, – дейді автор.

Ол болған жағдайды сол күйі түсінбегенін жеткізді. Сондай-ақ ол жаңа басшылық кездесуді қасақана бұзуы мүмкін немесе бұл Қазақстандағы инклюзия тақырыбына және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарына деген немқұрайлы қатыныстың көрінісі болса керек деп болжам жасады. 

Еске салайық, аутизмі бар қызметкердің анасы басшылықты қысым көрсетті деп айыптағаннан кейін Burger King Kazakhstan-да жанжал шыққаны хабарланған еді. Әлеуметтік кәсіпкер және аутизм мәселелері бойынша сарапшы Жанат Каратай Threads желісінде аутист ұлы Алибектің жұмыс жағдайына қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, аутизмі бар баласы шамамен төрт жыл Burger King-те аспаз болып жұмыс істеп, ұжымға бейімделіп, қосымша жұмыс істеп, жұмыс кестесі мен демалысын жоспарлап жүрген. Айтуынша, компания бұрын қызметкерлерді қолдап келген, бірақ басшылары өзгергелі жағдай да өзгерген.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 17:36