Бурак Өзчивит “Өшпес махаббаттың” қалай аяқталатынын айтып қалды
Әлем бойынша миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулаған Бурак Өзчивит танымал «Өшпес махаббат» телехикаясының қалай аяқталатынын айтып қалды. Актердің айтуынша, бұл – қол жетпес махаббат туралы хикая. Яғни Кемал есімді жігіт өзінің сүйіктісіне қосыла алмауы мүмкін. Десе де, телехикая әлі күнге дейін түсіріліп жатқандықтан, оның желісі өзгеріп кетуі де ғажап емес. Мұнымен қатар, актер өзінің мансап жолы туралы айтып берді.
Бұл туралы 31 арнаның «Айта берсін» бағдарламасында айтылды.
«Табысты болудың сыры – ісіңді асқан жауапкершілікпен орындауға тырысуда. Мен актермін. Ал актер қолдан келгенше көрерменін сендіре білуі тиіс. Мысалы, мен қазір «Өшпес махаббат» телехикаясына түсіп жатырмын. Бұған дейін де «Сұлтан Сүлеймен», «Бозторғай» секілді бірнеше телехикаяға түстім. Табысты болудың ортақ бір сипаттамасының бар екені анық. Әрине, ол – рөліне сендіріп, кейіпкерінің болмысын көрерменге жеткізе білу», – дейді Бурак Өзчивит.
Актер өзінің шығармашылық жолын сән әлемінен бастаған. Түркиядағы көптеген сұранысқа ие модельдердің бірі өз елінің ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің подиумдарын бағындырып, «Әлемнің ең үздік моделі» атағына ие болады. Дүниежүзіндегі ең көрікті ер-азаматтардың көшін бастап тұрған актер өзін ең сымбатты жігіттердің қатарына жатқыза ма екен?
«Модель болу – негізінен әкемнің арманы болатын. Жас күнінде әкем әлемнің подиумдарын бағындыруды армандапты. Бірақ ақыры тағдыры жазбаған. Мен Мәрмәр университетінде «Көркем өнер және фотография» мамандығы бойынша білім алдым. Модель болуға алғашқы қадамды ерте жасадым. Өзімнің сымбатты екендігімді білгендіктен, модел болдым деп айта алмаймын.
Бұл салаға ауысуға шешім қабылдадым десем, өтірік айтқаным болар. Өйткені, актерлік – менің алғаш таңдаған мамандығым. Университетті тәмамдағаннан кейін де жалғастырдым. Бір күні киноға түсуге ұсыныс түсті. Көп кешікпей өзім де бағымды сынап көргім келді. Сөйтіп жолымды осы бағытқа бұрдым. Қазір актерлікке бет бұрғаныма 11-12 жылдай уақыт болып қалды. Бұл салаға өзімді жаңадан келдім деп айта алмаймын. Адам алдағы өмірін қатты жоспарламауы керек. Менің ойымша, жоспарлаған дұрыс емес. Кейде тағдырға бағынған жөн деп есептеймін», – дейді ол.
Түркияның жоғарғы рейтінгісіне ие болған бұл туындыда Бурак Өзчивит басты рөлдерді бірін сомдайды.
«Өшпес махаббат» телехикаясының басталғанына екі жыл уақыт болды. Ал менің оған түсе бастағаныма үш жыл уақыт болыпты. Яғни бұл жобаға дайындық кезеңін осыдан үш жыл бұрын бастадық. Телехикаяға алғаш келгендердің бірі менмін. Жобаның ашылуынан бастап, басы-қасында жүрмін. Қалай басталады, қандай жоба болады деп ақылдасқанымыз есімде. Одан бері үш жыл өтіп кетіпті. Қазақстандағы бауырларымыз ол жайында білмейтін шығар.
Түркия мен басқа елдерде бұл телехикаяның рейтингі өте жоғары. Көрермендер тарапынан оң сүйіспеншілікке ие болды. Оңтүстік Америкадан бастап, Грецияға дейінгі аймақта танылды. Сол себепті қазақстандық көрермендердің көңілінен шығатынына сенімдімін. Ол жақтағы бауырларымыз да сүйіп көреді деп ойлаймын. Өйткені мен ол жақта болып, бізге деген сүйіспеншіліктеріне куә болдым. Бізді жақсы көріп, жанкүйерлеріміз көбейеді деп үміттенемін», – дейді Бурак мырза.
Расымен де, «Өшпес махаббат» телехикаясы Қазақстанда көрсетіле бастағалы бері Буракты жақсы көретіндердің саны арта түсті. Оған актердің сымбаттылығы ғана емес, телехикая желісінің қызықты түсірілуі де себеп.
«Кейіпкерім туралы да айтып өтейін. Оның есімі – Кемал. Телехикая – Кемалдың басынан кешірген хикаясы, тағдыры мен қиыншылықтары, қысым көріп, сүрінуі, әлеуметтік теңсіздік салдарынан сүйген қызынан айырылуы, оған қосыла алмауы жайындағы телехикая. Меніңше, Қазақстан халқы оны бір көргеннен ұнатып қалады. Мұндай ғашықтар, қол жетпес махаббат туралы хикая ол елде де бар деп ойлаймын», – дейді актер.
Жіберіп алмаңыз:
Сара Тоқтамысова Айгүл Иманбаеваға өлең арнады
Айгүл Иманбаева “Сәбитпен қайта қосылды” дегендерге жауап берді
Жігер Ауыпбаев күзетші болып жұмыс істеп жүрген жерінен ұсталып қалды (видео)
Димаш қатысып жатқан “I am a Singer” жобасы отандық телеарнадан көрсетілетін болды (видео)