Бурабайда қар көлігі ағашқа соғылып, 24 жастағы қыз комаға түсті

Ақмола облысында дәрігерлер Бурабай курортында қар көлігі (снегоход) апатынан ауыр жараланған 24 жастағы қыздың өмірі үшін күресіп жатыр. Науқастың жағдайы аса ауыр, ол жансақтау бөлімінде комада жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға Бурабай курортында болған. Қар көлігі (снегоход) жоғары жылдамдықпен ағашқа соғылып, 24 жастағы қыз ауыр жарақат алған.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас бас сүйегі мен бет сүйектерінің сынуы, жабық бас-ми жарақаты және травматикалық шок секілді көптеген ауыр жарақат алған.
"Облыстық нейрохирургтер мен бейінді мамандар қатысқан консилиум жарақаттардың ауырлығына байланысты әзірге операция жасау мүмкін емес деген қорытындыға келді. Қазіргі уақытта кез келген хирургиялық араласу науқас үшін аса қауіпті", - делінген басқарманың хабарламасында.
Дәрігерлер артериялық қысымды уақытша тұрақтандырғанымен, болжам әлі де қолайсыз. Науқас жансақтау бөлімінде жатыр, комадан шыққан жоқ.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар құқық қорғау органдары Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы квадроциклдер мен қар көліктерін жалға беру орындарын тексере бастады.
Тексеру барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, клиенттерге нұсқаулық берілуі және техниканың техникалық жағдайы анықталмақ.
Еске салайық, бұған дейін Риддер қаласында ғимарат шатырынан мұз құлап 76 жастағы зейнеткер зардап шеккенін жазған едік. Оқиға 11 ақпан күні таңертең Тәуелсіздік даңғылы, 12 мекенжайында болған. Орталық алаңның маңында 76 жастағы әйелдің үстіне шатырда қатқан мұз құлаған. Құлаған кезде үй терезесінен көріп тұрған тұрғын жедел жәрдем шақырған.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр