Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бурабайда демалу арзандайды": әкім демалыс орындарының саны артатынын айтты

Фото: borovoe.kz

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабайдағы демалыстың қымбаттығына қатысты шағымдарға пікір білдіріп, бағаны қалай төмендетуге болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әкім бұл мәселенің өте өзекті екенін айтты.

"Мұнда бағаны төмендету үшін бәсекелестік болуы керек. Яғни, қымбат демалыс сегменті де, орташа деңгейдегі демалыс та, қолжетімді нұсқалар да болуы тиіс. Адам көп келген кезде сұраныс өсіп, баға жасанды түрде өседі. Сол себепті қазір демалыс аймақтарын көбейтуге, қонақүй кешендері мен демалыс орындарының санын арттыруға күш салып жатырмыз. Сонда ғана адамдар мүмкіндігі мен талғамына қарай демалысты таңдай алады. 

Бұны нарық реттейді, біз соған ықпал етеміз, түрлі сегменттерді дамытамыз. Қазір бірнеше жоғары санатты қонақүй салынып жатыр, бұл өз кезегінде басқа қонақүйлердегі бағаның төмендеуіне әсер етеді деп үміттенеміз. Сонымен қатар біз Бурабай аймағын кеңейтіп, жаңа инвестициялар тартуға және жайлы жағдай жасауға жұмыс істеп жатырмыз", - деді Ахметжанов.

Әкімнің айтуынша, Бурабайды дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілген.

"Қазір туристік кластерді дамыту үшін жер телімдері аукцион арқылы бөлініп жатыр. Сонымен қатар біз Ақкөл, Қатаркөл, Зеренді бағыттарын дамытып жатырмыз. Бұл туристердің барлық әсем өңірлерге біркелкі келіп тамашалауына мүмкіндік береді", - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, демалыс аймағында тек жағажай туризмі ғана емес, сонымен қатар спорттық, су және өзге де туризм түрлерін дамыту жоспарланып отыр. Бұл инвестиция тартуға және арзан демалыс орындарын көбейтуге серпін беруі тиіс.

Бұған дейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Болат Назарбаев Бурабайдан таныс арқылы жер алуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.

 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 17:19
Талқылау