Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлық жерде кезек": Еліміздің солтүстігінде бір аптадан бері жанармай тапшылығы байқалуда

Еліміздің солтүстігінде бір аптадан бері АИ-92 маркалы жанармай тапшы. Жанармай көп жерде тек талонмен ғана беріліп жатыр екен. Салдарынан жанармайды сатып жатқан санаулы ғана бекеттерде кезек пайда болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Сондай-ақ тұрғындар бір айдан бері автогаз құя алмай қиналғандарын да жеткізді.

“Жанармай іздеп жүргелі біраз болды. Сабақтан шыққалы екі-үш сағаттан бері іздеп жүрмін. Барлық жерде осындай кезек. Әр жерде бәрі қырылысып, жанармай құйып алғысы келеді. Ешкім жанармайсыз қалғысы келмейді. Мәселені тезірек шешіп берсе екен”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Нұржігіт Сәбит.

Тұрғындардың айтуынша қалада газ бен жанармайды тек талонмен беріп жатыр. Ауыл-аймақта жағдай солай боғандықтан бәрі қалаға келіп жанармай іздеп жүр.

“Үш-төрт бекетке бардым. Еш жерде жанармай жоқ дейді. Не бір айдан бері газ жоқ. Мұндай жағдай болады деп ойламадым. Бұл не масқара?! Газ бен жанармай тапшылығы қашан шешіледі?!”- деді тұрғын Олег Сизов.

Әкімдік өкілдері бұл тапшылықың себебін түсіндіре алмады. Ал Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде газ бен жанармай толық көлемде жеткілікті. Тек жанармай кешігіп жеткізілуі мүмкін екен. 



“СҚО-ның ай сайынғы қажеттілігі 5 832 тоннаны құрайды. Ағымдағы жылы 31 қазанындағы жағдай бойынша 4 631 тонна немесе жоспардың 92% жөнелтілді. Қазіргі уақытта өңірдегі СМГ қалдығы 656 тоннаны құрайды, қажеттілігі тәулігіне 150 тонна. Жолда тағы 1450 газ келе жатыр”, – деді Энергетика министрлігінің бас сарапшысы Расул Төленов. 

Тұрғындардың сөзінше, барлық жанармай мен сұйытылған газ астықты кептіруге кетіп жатқан көрінеді. Яғни, элеваторлар жанармайды әдеттегіден көп мөлшерде алып жатқан болуы мүмкін.

Талқылау