Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бухенвальдте лагерде тұтқында болған қазақтарға ескерткіш тақта орнатылды

бухенвальдте

Фото: Jens Schlueter / Getty Images

Германиядағы Бухенвальд лагерінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқында болған қазақстандықтарды еске алуға арналған ескерткіш тақта ашылды. Олардың есімдерін енді сондағы QR-код арқылы көруге болады. Игі бастамаға тарихшы Перизат Сәдуақас мұрындық болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Нацистік Германияның ең ірі түзету лагерьлерінің бірі – Бухенвальд. 1937 жылдан бастап соғыс аяқталғанға дейін мұнда 280 мың адам қамауда болған. Олардың 56 мыңы аштықтан, азаптаудан және аурудан көз жұмды. Қаза тапқандардың қатарында Қазақстан азаматтары да бар. Сарапшылар жерлестеріміздің аты-жөні мен олар жайлы деректерді анықтады. Көпшілігі Алматы, Атырау және Ақмола облыстарының тумалары.

“Бухенвальдте болған оқиғалар – тек Германияның немесе Кеңес Одағының ғана тарихы емес. Мұнда қаза тапқандар – аты-жөні жоқ жандар емес, әрқайсысының өз есімі, тағдыры және шыққан тегі болған. Бұл ескерткіш осыны алғаш рет айқын көрсетіп, тұтқындардың арасында қазақстандықтардың да болғанын еске салады. Нацистік билік әрбір тұтқынды тізімге мұқият тіркеп отырған, дәл сол жазбалар арқылы есімдерін анықтадық”, – деді тарихшы Рикола-Гуннар Люттгенау.

Қазақстандық тұтқындар жайлы ескерткіш бұрынғы крематорий ғимаратына орнатылды. Бұл жерде ресми сайтпен байланыстыратын QR-код бар. Сілтеме арқылы өтіп, 35 отандасымыз жайлы деректерді білуге болады. Тарихшы Перизат Сәдуақас Бухенвальд тарихындағы қазақ ізі туралы екі жыл бұрын кешенге барған кезде білді. Бұл оның зерттеу жұмысына бастау болады. Кейін Бухенвальд мемориалымен бірлескен жоба аясында бірегей тізім қалыпқа келтірілді. 

“Қазақ, орыс, неміс транскрипциясын жасадық. Ол тізімде тұтқындардың туған жерлері, туған күндері және жеке нөмірлері көрсетілген. Осы ақпараттарды алу табу, жинақтау қызықты болды және көп еңбекті талап етті. Біз бұл тізімді жасақтап, және жалпы осы Бухенвальд тұтқындарына арнап тақта орнату мәселесімен екі жыл айналыстым. Тақтаны өзім қаржыландырғанмен ол барлық осы тұтқындардың ұрпақтарының атынан қойылды. Яғни сол арқылы өмірден өткен сондай қайғылы тағдырға душар болған азаматтарды қазіргі ұрпақтарымен байланыстыру, олардың рухтарына құрмет көрсету. Яғни бүгінгі іс-шара жекелеген адамдар емес барлық қазақ халқының сол азаматтарға деген құрметі және ықыласы деп қабылдау керек деп ойлаймын”, – дейді тарихшы Перизат Сәдуақас.

Ескерткіштің ашылу салтанатына дипломаттар, неміс тарихшылары, студенттер және Қазақстаннан келген қонақтар қатысты. Сарапшылардың айтуынша, Бухенвальдтегі қазақстандықтар тақырыбы әлі толық зерттелмеген. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс неміс тарапының қолдауымен жалғаса бермек.

Назархан Уән
Жексенбі, 21 Желтоқсан, 2025 15:10