Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүгін – Дүниежүзілік театр күні: Аида Балаева театр майталмандарын құттықтады

Дүниежүзілік театр күніФото: istockphoto.com

Бүгін – Дүниежүзілік театр күні. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева театр өнерінің барлық өкілін осы мерекемен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, театр – тәрбие алаңы, талғамды қалыптастыратын, ой мен сезімді тербететін, қоғамға өзін және өз дәуірін тереңірек тануға мүмкіндік беретін бірегей өнер кеңістігі.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, театрлардың дамуы – кез келген елдің мәдени деңгейінің маңызды көрсеткіші. Бүгінде Қазақстанда театр өнеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқаны анық байқалады. Көрермен сұранысы да барған сайын мазмұнды әрі талапшыл сипатқа ие болуда. Әсіресе, сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады”, – деді министр.

Министрдің ақпаратына сүйенсек, бүгінде елімізде 70-тен астам театр жұмыс істейді, оның ішінде 57 мемлекеттік театр бар.

“Тек 2025 жылдың өзінде мемлекеттік театрларда 410 премьера сахналанып, 539 гастрольдік сапар ұйымдастырылды. Былтыр көрермендер саны 2,8 миллионнан асты. Ал, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында республикалық театрлар 170 мыңнан астам көрерменге қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіштер театрдың елімізде сұранысқа ие, өміршең әрі халыққа жақын өнер екенінің айқын дәлелі”, – деп жазды ол.

Аида Балаева осы орайда мәдениет пен тарих мәселелерінің елдің Ата Заңында берік құндылық ретінде бекітілуі де ерекше маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Жаңа Халықтық Конституцияда мемлекеттің қызметінің іргелі қағидаттарының қатарында ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау міндеттері айқын көрініс тапқан.

“Бұл Қазақстан үшін мәдениет қосалқы сала емес, қоғамдық дамудың және ұлттық бірегейліктің негізгі тіректерінің бірі екенін көрсететін маңызды бағдар”, – деді ол.

Министр Конституцияда тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарау, тарих пен мәдениет ескерткіштерін сақтау әр азаматтың міндеті ретінде бекітілгенін жеткізді. Сондай-ақ театр өнерінің барлық өкілін Дүниежүзілік театр күнімен құттықтады.

“Бүгінде қазақстандық театрлар жаңа қойылымдарымен көрерменді қуантып, халықаралық сахналарда ел абыройын асқақтатып келеді. Олар түрлі фестивальдерге қатысып, жоғары бағаларға ие болып, мәдени байланыстарды кеңейтуге өз үлесін қосуда. Осы айтулы күні театр өнерінің барлық өкілдерін Дүниежүзілік театр күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге шалқар шабыт, шығармашылық табыс, өнер жолында жаңа жетістіктер тілеймін!” – деп жазды ол.


Аида Балаева: Конституцияның авторы – бүкіл халық, демек, жауапкершілік те бәрімізге ортақ


Айта кетейік, бұған дейін Ақпарат министрі Аида Балаева референдумдағы азаматтардың белсенділігін атап өткені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 27 Наурыз, 2026 18:14