Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бойы 2 метр 15 см: Атырау облысының солтүстігіндегі ауылда алып адам тұрады

Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат округіне қарасты Құрылыс ауылында өзгелерден дене бітімі ерекше, алып тұлғалы Парасат Нұрғалиев тұрады. Парасаттың бүгінде бойы 2 метр 15 см, салмағы 150 кг, ал аяқ киім өлшемі - 56, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап. 

Фото: azh.kz

Осы айдың аяғында 27 жасқа толатын Парасат отбасындағы ең кенжесі екен. Бес ағайынды жігіттің үшеуі үйленіп өз алдына отау тіксе, әпкесі де тұрмысқа шыққан. Парасат 2014 жылы Құрылыс орта мектебін бітіріп, Атыраудан темір пісіруші мамандығын алып шыққан.

“Әкем Серікқали қайтыс болған, анам Қоңырша екеуміз бірге тұрамыз. Анам айтатын, сен ерекше салмақта туылмағансың, көппен бірдей болдың деп. Менің әжем Әуез аса етжеңді болмағанымен, сүйекті, ірі болған. Әкем де осал болған жоқ, жауырынды, денелі еді, қолының өзі дәу болатын. Мені көргендер әкеңе тартқансың дейді. Ал ағаларым мендей емес, бойлары орташа”, – дейді Парасат. 

Алтыншы сыныпқа дейін Парасат басқа балалардан ерекшеленбеген. Бірақ одан кейін бірден өсе бастаған. 

“Мен басқа балалар сияқты болғаныммен, 6-сыныпта оқып жүргенде денемдегі ерекшелікті байқай бастадым. Біртүрлі сүйектерім өсе бастағандай ма, аяқтарым ұйып, біртүрлі сезімде болдым. Киімдер кішкентай бола бастады, бойым тез өсіп, аяғым үлкейіп кетті. 9-10-шы сынып оқып жүргенімде аяқ киім табу проблема бола бастады, 50-ші размерге жетті. Ал ондай аяқкиім табу өте қиынға соқты. Мектепті бітірерде салмағым 120 кг, ал бойым 2 метрге жетті. Денсаулығымда еш кінарат болған емес”, – дейді алып. 

Парасаттың тұрақты жұмысы жоқ, көбінесе үйлердің іргетасына лай құюмен, сылақ сылауме айналысады. 

“Жұмыстан шаршамаймын, қазір төрт адам болып іргетасын құюмен айналысудамыз.  Ауылдың "қара жұмысымен" айналысамын. Өз мамандығыммен жұмыс жасаған емеспін”, – дейді ол. 

Парасаттың ерекше дене бітіміне орай аяқ киім табу қиынға соғады. Кез-келген сауда орнынан оған шақ киім табу мүмкін емес, оған арнайы тігінші керек еді. Тігінші туысы алып жігітке киімді өзі тігіп беріп отырған. Ал аяқ киімді табуға қиналатын. Алыптың аяғына баратыны резіңке сланцы ғана. Ал күн суып, қыс түскенде, қар еріген кездерде далаға аттап шыға алмаған кездері болыпты. Сондықтан Байғали Өтеманов бастаған ауылдастары оған көмектесуге бел буып, аяғының өлшеміне сай аяқ киімге тапсырыс берген.

“Қазақтың алыбы Қажымұқан атамыздың аяқ киімі 54-ші өлшем болыпты. Ал Парасаттың аяғы одан да үлкен. Оған шақ келер аяқ киімді тіктіру үшін бірталай жерге хабарластым, біраз тігіншімен сөйлестім. Аяғының үлкендігін білгесін бәрі қарсылық білдіре бастады. Тіпті Астанаға шақырған аяқ киім тігіншілері болды, онда Парасатты апару үшін аяғына аяқ киім керек қой. Сөйтіп қиналып жүргенімде Алматыдан тігінші Валерий ВОРОНИН ғана келісім берді. Шебердің айтуынша, ол 40 жыл етік тігумен айналысқанда 49-шы өлшемнен артық аяқ киім тікпеген. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа, Роза Бағлановаға арнайы аяқ киім тіккен шебер екен. Бір жағынан қызығушылық танытқан ол 56-шы размерлі қалыбы жоқтығына қарамастан тігіп шығуға уәде берді, онысын орындады да. 52-ші размерлі қалыпты үлкейтіп, 20 күннің айналасында 200  мың (жалпы 350 мың теңгеге тігеді екен) теңгеге осы аяқ киімді тігіп берді. Кеше ғана келді, бұл күздік аяқ киім, ал киіп көр, Парасат”,- деді ауылдасы Байғали Өтеманов күлімдеп.

Жақсы былғарыдан тігілген, қызғылт қоңыр түсті аяқ киімді көрген Парасат балаша қуанып: “Мұндай аяқ киімді қашан кигенімді ұмытып қалыппын” деді.

Сөзге сараң болғанымен, қара күштің иесі Парасат жолдастарымен жақсы араласып тұрады екен. Оны ауыл адамдары жақсы көреді. Алып жігіттің ірілігіне таң қалып, суреттерге түсірумен болдым. Бойы 1 метр 70 см Байғали оның қасында "баласындай" болып қалды. Қолымызды салыстырып көрдік, саусақтары өте ірі. Менің қолым оның жартысындай ғана.

“Үнемі қара жұмыс табыла бере ме, тұрақты өз кәсібі оған таптырмайтыны түсінікті. Гиннестің рекордтар кітабына сұранып тұрған Парасаттың өмірі өзгеше болу керек”, - дейді ауылдастары.  

Талқылау