Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ботакөз Омарованың ұсталуы: Сенатор Асанов журналистерге парақорлардың кінәсін дәлелдеуді ұсынды

Коллаж: Stan.kz

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов журналист Ботагөз Омарованың ісіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жақып Асанов алдымен Омарованың ұсталғаны туралы естімегенін айтты. Сонымен қатар ол министрді немесе судьяны сынауға заң бойынша тыйым салынбағанын айтты. Алайда нақты айыптаулар қамтылған материалдарға қатысты талап өзгеше екенін жеткізді. Мәселен, пара алды деген айып тағылса, оны дәлелдеу қажет.

“Құқықтық тұрғыдан қарасақ, екі түрі бар. Бірі, бағалау пікірлері. Онда кез келген адамды сынауға болады. Министр, әкім, прокурор немесе судьяның жұмысын дұрыс атқармай жатқанын айтуға рұқсат. Журналистке оның жұмыс стилі немесе басқа қыры ұнамауы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Бұл тұрғыда мәселе жоқ деп ойлаймын. Ал нақты деректер келтіріліп, “мына адам пара алды” деп айтылса, қоғам соған сенсе, мұндай ақпаратты таратқан тарап оны дәлелдеуге міндетті”, – деді Асанов.

Жағдайдың мән-жайы

Бұған дейін 20 наурыз күні журналист Ботакөз Омарованың елордадағы полицияға “әңгімелесуге” шақырылғаны хабарланған еді. Әріптестерінің айтуынша, журналист өз еркімен барған. Алайда бірнеше сағаттан кейін оның процессуалдық мәртебесі өзгерген. Алдымен ол қорғауға құқығы бар куәгер ретінде танылса, кейін Қылмыстық кодекстің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша күдіктіге айналған.

Әріптестері журналистің полиция бөлімінде 8 сағаттан астам уақыт болғанын айтады. 21 наурызға қараған түні тергеу соты оған екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Осыдан кейін журналистің пәтерінде тінту жүргізілген. Омароваға қатысты қудалауға нақты қай материал себеп болғаны әзірге нақтыланбады.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 11:03