Қазақстандық 27 жастағы қыздың облыстық мекемеге басшы болғанын сынаған: Алайда қазақстандықтар аруды жақтап шықты

Қазақстандық Ботагөз Сәбекова Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі басшысы лауазымына тағайындалған. Осыдан кейін желі қолданушысы “25 жастағы қыздың” мұндай лауазымды атқаратынына наразылық білдіріп, жазба жариялады. Алайда өзге қазақстандықтар қызды жақтап, басшы болу жас таңдамайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ботагөз Сәбекова еңбек жолын “Ақмола – Тіршілік” ЖШС-інде тілші ретінде бастаған. Әр жылдары “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ-тың Ақмола облысы бойынша филиалында PR-менеджер, сондай-ақ “Qazaqstan Media” ЖШС-інде тілші болып жұмыс істеген.
Кейінгі бірнеше жылда Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыс істеп, коммуникациялар бөлімінің басшысы және басшының орынбасары қызметтерін атқарған.
Алайда желіде қолданушы Ботагөз Сәбекованың мұндай басшылық қызметке тым жас екенін, тәжірибесі жетпейтінін жазып, сынға алды.
“25 жастағы қызды басшылық қызметке қалай тағайындауға болады? Ақмола облысында журналистиканың нағыз майталмандары бар ғой. Меритократия қағидалары қайда? Бұл қызды байыпты журналистикада айтарлықтай тәжірибесі жоқ болса да, қандай еңбегі үшін тағайындаған?” – деп жазды ол.

Желі қолданушылары Ботагөзді жақтап шықты
Дегенмен көпшілік бүгінде жауапты қызмет атқару үшін жас емес, тәжірибе мен дағды маңызды рөл атқаратынын айтты.
“Жас – кәсібиліктің көрсеткіші емес. Меритократия қағидалары дегеніміз – білім, құзырет және жауапкершілік, паспорттағы жыл саны емес”, “Көбіне жасты алға тартып ашулану – тағайындау мәселесінен гөрі қабылдау мәселесін көрсетеді… Басшылық қызмет – өмір сүрген жыл саны үшін берілетін сыйлық емес, нәтиже үшін жауапкершілік! Егер адам 25 жасында-ақ осы жауапкершілікті алып, міндетті атқара алса, онда жас – аргумент бола алмайды”, – деп жазды олар.
Кейбір қолданушылар Ботагөзді жеке танитынын, оның өте еңбекқор қыз екенін алға тартты.
“Мен оны көп жылдан бері танимын. “Алтын белгі” иегері, үздік (қызыл) дипломы бар, 24/7 жұмыс істейді, тәрбиелі, көп оқиды. Ал сен адамды сырт келбетіне қарап бағалап отырсың”, “Мен оны жеке танимын. Біріншіден, ол 25-те емес, 28-де. Екіншіден, ол шынымен де білікті маман. Тәжірибесі жақсы, марапаты да көп. Мұнда жастың қандай қатысы бар екенін түсінбедім?”, – деп жазды олар.
Сондай-ақ қазақстандықтар жас кезінде-ақ бастық болғанын айтып, өз тәжірибесін бөлісіп жатыр.
“Мен 24 жасымда ірі кәсіпорында бас бухгалтер болдым. Мені жасым үшін емес, құзыретім, кәсіби деңгейім және мінез-құлқымдағы белгілі бір қасиеттерім үшін жұмысқа алды. Ал 20 жасымда үлкен зауытта бас бухгалтердің орынбасары қызметін атқардым”, “28 жасымда ірі өндірістің өндіріс жөніндегі директорына айналдым. 30 жасқа келгенде менің қарамағымда 80 ер адам жұмыс істеді”, – деп жазды олар.
Ал Алексей есімді қолданушы 19 жасынан бастап жұмыс істейтінін, соның арқасында бүгінде 8 жылдық тәжірибесі барын жазған. Ал бүгінде ол бөлім жетекшісі әрі шеф-редактор.
Тағы бір қолданушы 27 жасында шамамен 200 адамға жетекшілік еткенін жазды.
“Мен 26 жасымда бөлімше басшысы болдым (қарамағымда 15–20 адам болды). 27 жасымда өңірлік басқарма басшысы қызметіне тағайындалдым, шамамен 200 адамға жетекшілік еттім. Және жоқ, мен бұл лауазымдағы ең жас қызметкер болған жоқпын. Тағайындау конкурс арқылы, іріктеудің барлық кезеңінен өтіп жүзеге асты. “Бәке-сәке” болған жоқ, туыстық не басқа да байланыстарсыз. Сондықтан иә, жас қыз да басшы бола алады”, – деп жазды олар.
Алайда қызды “жоғары лауазымдағы біреудің қарындасы тіпті тоқалы шығар” деген пікірлер де табылды.
“Жай ғана жоғары лауазымдағы біреудің қарындасы, қызы, жиені шығар”, “Оның жасырын таланты бар шығар”, “Әрине, таныс арқылы шығар, 25 жаста қандай тәжірибе болуы мүмкін. Ол оқуын енді тәмамдаған шығар”, “Қазақстанда жоғары қызметке, тіпті аса қабілетті, өте білімді болсаң да, оңайлықпен жете алмайсың! Мұнда не туыстық, не көңілдестік, не “қалтасын жақсы толтырған” болуы керек!”, “Нақты бұл адам туралы ештеңе демеймін. Бірақ! Біздің елде жоғары лауазымға қалай келетінін бәрі біледі ғой”, – деп жазды олар.
Ботагөз Сәбекованың өзі не дейді?
Осы тұста жазбаға Ботагөз Сәбекова өзі де пікір қалдырған.
“Дұрыс ойлана алатын, салмақты пікір қалдырғандардың бәріне қате әрі орынсыз тұжырымдарға ермегендеріңіз үшін рақмет. Мен сөз таластырып, айтыс-тартысқа кіріспеймін, сондықтан мені әдейі арандатуға бағытталған кез келген әрекетті мәнсіз деп санаймын. Бұл жазба да, жекелеген пікірлер де мені ренжіткен жоқ. Керісінше, әйелдер тарапынан үлкен қолдау көрдім. Өкінішке қарай, жағымсыз пікірлердің бір бөлігі “еркексымақтардан” шықты. Бейшаралар қатты шамданып қалды”, – деп жазды ол.
Ол сондай-ақ өзінің 25 емес, 27 жаста екенін ескертті. Айтуынша, ол тәжірибесін нақты журналистика саласы бойынша көрсеткен.
“19 жасымнан бері жұмыс істеймін, жалпы үздіксіз еңбек өтілім – 8 жыл. Осы уақыт ішінде журналистикада да, маркетингте де, жобаларда да еңбек еттім. Ешқашан бір жұмыстың жалақысын күтіп отырып қалған емеспін – әрдайым 2–3 бағытты қатар алып жүрдім”, – деді ол.
Ботагөз жоғары лауазымдағы ешқандай “танысы” жоқ екенін, қарапайым отбасыдан шыққанын атап өтті.
“Қорытынды жасамас бұрын, мені нақты қай жерге тағайындағанын біліп алған дұрыс еді. Әңгіме үкімет туралы емес, облыстық деңгейдегі коммуналдық-мемлекеттік мекеме туралы болып отыр. Штат шағын – 17 адам (әйелдер ұжымы), әрі ұжымның өзі менің тағайындалуымды қолдады. Біздің жұмыс оңай емес және көп жағдайда жас әрі мобильді мамандарға көбірек сай келеді. Менің тәжірибем мен жинаған дағдыларым маған басшылық қызметті атқаруға мүмкіндік берді”, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін журналист Ажар Момбек халық емшісіне мемлекеттік марапат берілгенін сынға алғаны хабарланған еді.
"Төсек салып жатқызайық, содан кейін өзі-ақ қалады": Алып қашу құрбаны болған қазақстандықтардың жантүршігерлік оқиғалары