"Еркектен сезіне алмаған қамқорлықты сезіндім": Қазақстандық әйелдер бостондық некеде қалай өмір сүріп жатыр
Фото: Unspalsh
Былтыр жыл басында режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жары, актриса Назира Бақаеваның жеке өмірі ел талқысына түскен еді. Ол 32 жастағы әйелмен түскен суреттері мен видеоларын жеке парақшасына жүктегендіктен, көпшілік Бақаеваны жас қызбен “көңіл қосты” деп ойлап, қатаң сынға алды. Дегенмен актриса жақында сұхбат беріп өзінен бірнеше жас кіші Doris есімді бойжеткенмен бостондық некеде тұратынын айтты. Ол тұрмыста болған уақытта өзінің актриса екенін, арман-мақсаттарын ұмытып, келін, ана, жар рөлінде қалып кеткенін мойындап, Doris-тің қиын сәтте қолдау көрсеткенін жеткізді. Осы тұста Stan.kz тілшісі бостондық неке туралы біліп, өмір сүрудың осындай формасын таңдаған әйелдермен сұхбаттасты.
Бостондық некеде тұратын қазақстандық әйелдің бірі – 29 жастағы Айғаным Нұпбай, 2 жасар ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Бостондық неке бойынша серіктесі Мөлдір (кейіпкердің аты-жөні өзгертілген) есімді 19 жастағы студент.
Ол сәтсіз некеден кейін туғандары мен бұрынғы күйеуінің қолдауынсыз өмірін қайта құруға бел буған.
“Бұрынғы күйеуіммен шамамен 3 жылдай некеде болдық, алайда мінез-құлқымыздың үйлеспеуіне байланысты жолымыз екіге айырылды. Әсіресе сәби дүниеге келгеннен кейін күнделікті тұрмысты ретке келтіру оңайға соқпады, жауапкершілік те, ауыртпалық та еселене түсті”, – дейді ол.
Айғанымның бала кезінен мүкісі бар. Былтыр Айғанымның есту қабілеті 72 пайыздан 84 пайызға төмендеген. Ал 90 пайыздан бастап кереңдік басталады. Кейінірек кохлеарлық имплант орнату үшін арнайы ота жасалған.
Ол толық жазылып шыққаннан кейін жұмысқа шығуға шешім қабылдаған, дәл осы кезде көмекші табу мәселесі туған.
“Баланы балабақшаға апарып-алып жүру әрі жұмысқа кешікпеу мен үшін өте қиын болды. Жұмысым таңғы 8:00-де басталады, балабақша да дәл сол уақытта ашылады. Алғашында көршілерден таңертең баламды алып кетіп, балабақшаға апарып беруді сұрағым келген. Бірақ бұл қорқынышты көрінді – балам әлі кішкентай, небәрі 2 жаста болды”, – деді ол.
Фото: Жеке архив
Сөйтіп Айғаным ұлын 10 айлығынан бері қарап жүрген күтушісін бірге тұруға шақырады. Оның сөзінше, ұлы күтушіні жақсы біледі, оған сенеді, күтуші де баланың нені жақсы көретінін, онымен қалай қарым-қатынас жасау керегін біледі.
“Қазан айында екі күнге Астанаға іссапарға баруым керек болды. Сол кезде күтушіні ұлыммен бірге екі күн тұруға шақырдым. Мен одан: “Қайда тұрасың?” деп сұрадым да, “Маған көшіп кел, саған жеке бөлме дайындап қоямын, бізбен бірге тұр” деп ұсыныс жасадым”, – дейді ол.
Мөлдір Айғанымның үйінде тегін тұрады, жеке бөлмесі бар, есесіне оның міндетіне үй шаруашылығына көмектесу мен балаға қарау кіреді. Ал кейіпкеріміз коммуналдық төлемдер, азық-түлік секілді қаржылық мәселелерге жауап береді.
“Ол Алматыға енді ғана үйренісіп келе жатқан адам, ал менің өз баспанам бар. Сондықтан студент үшін керемет ұсыныс болды, ол менімен қаланың қақ ортасында тегін тұрып, оқуына көңіл бөле алады”, – деді ол.
Айғаным 4 жұмыста қатар істегендіктен, қатты шаршайтынын айтады. Ол осындай күндердің бірінде Мөлдірдің қамқорлығын ерекше сезінген сәтін айтып берді.
“Бір күні екінші жұмыстан кейін әбден қалжырап келе жаттым. Үйге кіреберістің өзінен дәмді бәліштің иісін сезіп, “әттеген-ай, көршілер пісіріп жатқан шығар” деп ойладым. Пәтерге кірсем, бәлішкі Мөлдір пісірген екен. Көңілім босап, жылап жібере жаздадым. Оған қоса таңертең жиі панкейк пісіреді. Сен бүкіл қамқорлығыңды кішкентай ғажайыпқа арнағанда, біреудің саған да қамқорлық танытқаны керемет екен”, – деді ол.
Ол бостондық некедегі серіктесінің арқасында көптен бері сезіне алмай жүрген сезімді бастан кешіргенін жеткізді.
Сондай-ақ серіктесімен тұрмыстық міндеттерді қалай бөлетінін айтып берді. Сөзінше, өзі жақсы табыс табады, ал оның бос уақыты бар. Сондықтан Айғаным қаржылық мәселелерге жауап берсе, үйдегі тазалық пен жайлылықты Мөлдір өз мойнына алған.
“Біз көбіне апалы-сіңлі секілдіміз. Мен одан мүлде ақша сұрамаймын. Басқа қалаға кетуім немесе кешке жоспарым болып, ұлымды қалдыратын болсам, оған ақша беремін. Кейде оған біркүндік жұмысқа шығуға көмектесемін. Мен оның студент екенін жақсы түсінемін, сондықтан оған оқуының бәрінен маңызды екенін үнемі айтып отырамын”, – деді ол.
Айғанымның сөзінше, олардың бір-бірінің алдында ешқандай жауапкершілік жоқ, есесіне қамқорлық бар.
“Мен жұмыстан шаршап таңертең ұйықтап жатсам, ол сабағына кетер алдында таңғы ас дайындап кетуі мүмкін. Ал кешке ол сабақтан қайтқанда мен оны дәмді кешкі аспен күтемін”, – деді ол.
Ол өзінің бостондық некеде тұратынын жақындары мен достарынының қалай қабылдайтынын түсіндірді. Сөзінше, анасы қызына көмектесетін адамның болғанына қатты қуанады. Ал құрбылары осындай өмір сүру форматы туралы ойлана бастады.
Кейіпкеріміз бостондық некенің қиын жағдайға тап болған барлық әйел үшін таптырмас мүмкіндік екенін алға тартты.
Фото: Жеке архив
Келесі кейіпкеріміз – Меруерт Серікбаева (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді). Шамамен 3 айдай бостондық некеде тұрған Меруерт бұл форматтың артықшылықтары мен кемшіліктерін айтып берді.
Жалғызбасты ана алдымен бостондық некенің артықшылықтарына тоқталды. Айтуынша, серіктесінің де баласының болуы оң септігін тигезген.
“Ол әйел менің қызыма өте жақсы қарады. Қызым аса белсенді бала болса, ал ол ешқандай қарсылықсыз ойнап, көңілін көтеретін еді. Қолым бос емес кезде тамақтандырып қана қоятынмын. Ал мен өз кезегімде ол жұмыспен жүргенде оның қызына қарайтын едім. Яғни, екі ана бірнеше балаға жақсы қарайды”, – деді ол.
Меруерт пен оның серіктесі тамақ дайындау, үй жинау, кір жуу, дүкенге бару және қоқыс тастау секілді тұрмыстық міндеттерді кезектесіп атқарған. Кейіпкеріміз жалғыз тұрғанда тұрмыстық жағынан айтарлықтай қиналғанын жасырмады, ал бірге тұрғанда жеңілдеген.
“Тұрмыстық жағынан, дәл мен сияқты баласы бар анамен бірге тұру маған ұнады. Балалардың жастары шамалас, мүмкіндігінше бір жынысты болса тіптен жақсы, бірге ойнап, бірге дамиды. Біз бірге серуендедік, бірге дүкенге бардық. Менің қызым өте белсенді, әрі маған қатты байланып қалған. Ал бостондық некенің арқасында қызым екінші тұлғаға, яғни серіктесіме үйреністі, оның қызы маған да үйреніп қалған. Біз бір-бірімізге балаларды қысқа уақытқа қалдырып, жеке тірліктермен шығуға мүмкіндік пайда болды. Қоғамдық жерде екі арбаны бір-бірімізге қалдырып, кезекпен дәретханаға кіру, супермаркетте кезекке тұру секілді дүниенің бәрі жеңілдейтін”, – деді ол.
Алайда кейіпкеріміздің сөзінше, бостондық неке жақсы жағынан гөрі жаман тұсымен ерекше есінде қалған. Өйткені серіктесінің қаржылық мәселелері бар болып шыққан көрінеді.
“Kaspi-і бұғатталған болып шықты. Біз алғаш танысқан кезде ол “қаржылық қиындық жоқ, мен жұмыс істеймін, қашықтан істеймін” деген. Мен де қашықтан жұмыс істейтінмін, екеуміз де үйде болатынбыз – бұл маған ыңғайлы көрінді. Алайда кейін оның шын мәнінде жұмыс істемейтінін, табысы жоқ екенін білдім. Сол кезде “пәтерақыны таба ала ма, таба алмай қала ма?” деген уайым мені қатты қысты. Өйткені ол ақшаны таппаса, мен оны баласымен бірге көшеге қуып жібере алмаймын ғой”, – деді ол.
Оның сөзінше, серіктесі пәтер ақысына небәрі 60 мың теңге төлеуі керек болғанымен, оны да тауып бере алмаған. Салдарынан көбінесе азық-түлік пен коммуналдық төлемді Меруерт төлеп отырған. Осындай факторлар кейіпкеріміздің анасының үйіне көшіп кетуіне түрткі болған.
Жалғызбасты ана бостондық некенің оң тұстары көбірек болғанын, тек серіктесінің жеке басы мәселелерінің көп болуы теріс әсер қалдырғанын ашық айтты. Ол екі жақ келісіп ортақ тәртіп орнатса және оны ұстанса, мұндай форматтың өте ыңғайлы екенін алға тартты.
Меруерт бүгінде анасымен бірге тұрады.
Бостондық некеде тұрып көрген тағы бір кейіпкеріміз – Кристина Ли (кейіпкердің аты-жөні өзгертілген). Кристина ажырасқаннан кейін алты жасар ұлымен жалғыз қалып қойған, бұған қоса оған ипотекаға алынған пәтердің қарызы рәсімделген. Айтуынша, экс-күйеуі алимент төлемеген, тіпті ұлын аса қатты іздемеген көрінеді.
Бір күні әріптесі әрі құрбысының сіңлісі жатақханадағы орнынан айырылғанын естіп, оны бірге тұруға шақырады.
“Мен, ұлым және құрбымның сіңлісімен үш адам болып бірге тұрдық. Тату-тәтті өмір сүре бастадық. Құрбымның сіңлісі алғашында ұлымды балабақшаға апарып-әкеліп жүрді. Жұмыстан келгенде кешкі ас дайын тұрады, кір жуылып, жайылып, жиналып қояды. Ыдысты кім жуады деп дауласпайтын едік, үй жинауды өтініп сұраудың да қажеті жоқ. Үй шаруасы өздігінен, байқалмай-ақ арамызда бөлініп, атқарыла беретін”, – деді ол.
Кейін оның үлкен әпкесі де Кристинаның пәтеріне көшіп келіп, төртеуі бірге тұрған.
“Үй тар, сыймаймыз деген әңгіме болмады. Керісінше, бірге көңілді өмір сүрдік. Бәрін бірге істедік – бірге бешбармақ пісірдік, Marvel фильмдерін көріп отырып сыра мен чипс іштік, бірге демалысқа шықтық, әкеме де, олардың анасына да бірге бардық, клубтарға да бірге қыдырдық”, – деді ол.
Сондай-ақ Кристина құрбыларымен бірде-бір рет ұрыспағанын айтады. Бұған қоса ол бұл кездерді – өмірінің ең керемет кезең ретінде есте қалғанын жеткізді.
“Ешқашан біреу тамақ дайындауды ұмытып кетпеді, ешкім шұлықты бұрыш-бұрышқа шашып тастамады. Кейін қыздар жігіттерімен тұруға көшіп кетті, бірақ біз сол күндерді әлі күнге дейін жымиып еске аламыз. Мүмкін, қартайғанда қайтадан бірге тұратын да шығармыз”, – деп әзілдеді ол.
Сондықтан, “бостондық неке – егер адамдар адекватты болса, шынымен керемет нәрсе” деп түйіндеді кейіпкеріміз
Бостондық неке әйелдер ғана қолданатын тәжірибе емес. Өмір сүру құны мен тұрғын үй бағасы қымбаттаған соң, келесі кейіпкеріміз ер адам болғанына қарамастан, шығынды азайту үшін студент жігітпен бір пәтерде бірге тұруға келіскен.
Психолог не дейді?
Психолог Асель Жубанышева мұндай одақты өзара әрекеттесуді, серіктестікті, қарым-қатынасты қалайтын екі ересек тұлғаның бірге өмір сүру формасы деп түсіндірді. Оның сөзінше, бостондық некеде тек баласы бар адамдар тұрады деген шарт жоқ.
“Бұл – екі жаққа да тиімді өзара қолдау. Қарапайым отбасы сияқты. Адамдар отбасы құрғанда “неге?” деп сұрамаймыз ғой. Мұнда да сол сияқты, адамдар жай ғана бірге болғысы келеді”, – деді ол.
Маман сондай-ақ бостондық некенің негізгі айырмашылығын ажыратып берді.
“Бостондық неке” жеке тұрып та өмір сүре алатын, эмоционалды тұрғыдан жетілген екі ересек адамның, ең алдымен, эмоционалдық жақындық үшін бірге болуды таңдауы. Яғни олар біреумен сөйлескісі келеді, өмір сәттеріне бірге қуанып, қарым-қатынаста дамығысы келеді. Бірге саяхаттап, тұрмысты бөлісіп, қаржылық мәселелерді бірге шешуді қалайды. Мұнда белгілі бір міндеттемелер болады, екі құрбы сияқты “кеттім” деп бірден кетіп қала алмайсың. Тіпті әйелдердің біреуі ер адамға тұрмысқа шығуды шешсе де, кәдімгі некедегідей, серіктесіне уақыт беруі керек. Адамдар қалай келіссе – үш ай ма, алты ай ма – қатынасты аяқтауға, ортақ қаржылық сұрақтар мен міндеттемелерді реттеуге мүмкіндік беріледі”, – деді ол.
Психологтың сөзінше, егер бостондық некеде балалар өсіп жатса, онда “балаларға не болады?” деген мәселе туындайды. Себебі бостондық некеде, екі әйел болса да, олар балалар үшін бірдей деңгейде ата-ана саналады.
Асель Жубанышева бостондық некеде тұратын әйелдер үшін психология тұрғысынан қандай қиындықтар туындауы мүмкін екенін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, кез келген басқа некеде немесе қарым-қатынаста кездесетін мәселелермен бірдей қиындық болуы мүмкін.
“Өйткені бұл адамдар, ал адам кейде күтпеген әрекет жасауы ықтимал. Бір-бірін жақсы таныса да, әртүрлі дағдарыстар мен өмірлік жағдайлар қарым-қатынастың дамуына әсер етеді. Дегенмен, әдетте, бірге болуды таңдаған өзіне сенімді, өзін өзі қамтамасыз ете алатын адамдардың өзара сөйлесіп, отырып ақылдасып, ортақ шешім қабылдауға қабілеті жоғарырақ болады”, – деді ол.
Бостондық некеде өзін жақсы танитын ересек әйелдер болғандықтан, олар құндылықтар туралы, түрлі мәселеге көзқарасы туралы алдын ала көп әңгімелеседі.
“Мысалы өз тәжірибемнен айтсам, қазір мен араласатын бір қыз бар, ол Венада тұрады. Біз тіпті “егер балалы болсақ, балаларды қалай тәрбиелейміз, қандай құндылықтарды ұстанамыз?” дегенге дейін бәрін талқылаймыз. Бірақ талқылау бір бөлек, ал өмірде іс жүзінде бәрі мүлде басқаша болуы мүмкін. Сондықтан мұндай қиындықтар кез келген қарым-қатынастағыдай болуы ықтимал”, – деді ол.
Маман балалардың эмоциялық қауіпсіздік тұрғысынан бостондық некені қалай қабылдайтынын айтып берді.
”Балалар оны дәл ата-анасы қалай қабылдаса, солай қабылдайды. Егер ата-ана “ойбай, бостондық неке деген сұмдық, ешқашан!” деп жалғыз қалуды таңдап, соның ішінде өз-өзіне қиналып жүрсе, бала да соны солай қабылдайды. Ал егер ата-ана “Бостондық неке – мені ұратын немесе моральдық тұрғыдан жаншитын ер адаммен бірге болғаннан әлдеқайда жақсы. Мен бақыттымын, менің серіктесім бар, біз бірге табыс табамыз, бірге саяхаттаймыз, тұрмысты бөлісеміз, баспана аламыз, түрлі елге барамыз, оқимыз, дамимыз” десе бала да бұл жағдайды сабырмен қабылдайды”, – деді ол.
Асель балалар бәрін ата-анасының көзқарасы арқылы қабылдайтынын түсіндірді. Сондай-ақ ол “Балаларды тәрбиелеудің қажеті жоқ, олар бәрібір сізге ұқсап өседі. Одан да өзіңізді тәрбиелеңіз” деген мақалды келтірді.
Айта кетейік, бостондық неке – екі адамның (көбіне әйелдердің) ресми некесіз, романтикалық немесе жыныстық қатынассыз бірге тұрып, бір-біріне эмоциялық, тұрмыстық, қаржылық тірек болып өмір сүру формасы. Кейінгі кездерде әлеуметтік желілерде қазақстандық әйелдер тұрмысты, шығындарды, балаларға күтім мен қамқорлықты бірге бөлісетін бірге тұратын адам іздейтіні туралы хабарландыруларды жиі жариялай бастады.
Мұндай одақтар “бостондық неке” деп аталады. Ол XIX ғасырда пайда болған: сол кезде екі әйел романтикалық қатынаста болмай-ақ, бір шаңырақ астында өмір сүріп, тұрмысты және өзара қолдауды бірге бөліскен. Қазақстанда бұл модель күтпеген жерден жалғызбасты аналар арасында кең қолдау тапты.