Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та екі қазақстандық азаматқа алаяқтық схемасын ұйымдастырды деген айып тағылды

Фото: cwbchicago.com

Чикагодағы федералдық прокурорлар бірнеше шетелдік азаматты Medicare және медициналық сақтандыру бойынша алаяқтық схемаларын ұйымдастырды деп айыптады. Олардың мәліметінше, күдіктілер үкіметтік бағдарламалар мен жеке сақтандыру компанияларынан 1 миллиард доллардан астам соманы жалған талаптар арқылы алған. Талаптар медициналық жабдықтар мен диагностикалық тесттер үшін жасалған. Алайда науқастарға мүлде жеткізілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі cwbchicago басылымына сілтеме жасап хабарлайды.   

Федералды прокурорлар бір айыптау актісі бойынша Қазақстан азаматын Medicare алаяқтығына қатысты ақшаны жылыстату мақсатында қастандық жасады деп айыптады.

Қазақстан азаматына қандай айып тағылып отыр?

Әнуар Абдрахманов Кентукки штатында орналасқан Priority One Medical Equipment компаниясын бақылауына алып, оны Medicare бағдарламасы аясында алаяқтық мақсатта пайдаланды деп айыпталып жатыр.

Тергеу дерегінше, ол 2024 жылдың наурыз–тамыз айларында глюкоза деңгейін өлшейтін құрылғылар мен катетерлер сатып алу бойынша шамамен 666 миллион доллар көлемінде жалған өтінімдер берген.

Айыптау актісіне сәйкес, Әбдірахманов 2023 жылдың мамыр айында Америка Құрама Штаттарына сол жылдың қыркүйегінде мерзімі аяқталған жазғы жұмыс визасымен кірген. Ол виза мерзімі аяқталса да сол елде тұра берген. Сот құжаттарына сәйкес, компанияны бұрынғы иесі сатқан соң, 2024 жылдың сәуір айында Абдрахманов Priority One компаниясын басқаруға келген.

Тергеушілердің айтуынша, 2024 жылдың мамыр–тамыз айларында Medicare Priority One компаниясына қатысты шамамен 250 шағым түскен. Көп азамат компаниядан ешқандай медициналық құрал да, қызмет те алмағанын айтқан. Ал Иллинойс штатындағы алты адамға глюкоза өлшейтін құрылғылар мен катетер берілді деп көрсетілгенімен, олар мұндай заттарды сұрамағанын, ал кейбірі тіпті қант диабетімен ауырмайтынын мәлімдеген.

2024 жылдың шілдесінде тергеушілер Кентуккидегі Priority One кеңсесін тексерген. Сол кезде олар кеңсенің жабық және бос екенін білген. Бұл кеңсеге жұмысқа алынған қызметкерлер тергеушілерге өздерінің жалғыз міндеті поштаны жинап, оны өмірінде көрмеген басшысына Telegram мессенджері арқылы жіберу болғанын айтқан.

Сот жазбаларында қызметкердің Чикаго маңындағы мекенжайларға FedEx арқылы чектер жібергені көрсетілген. Ал бір қызметкер тергеушілерге бірде Priority One компаниясына берілген 1 миллион долларлық чекті жоғалтып алғанын және кейін оны тапқаны үшін 2 000 доллар бонус алғанын айтқан.

Medicare 2024 жылдың шілдесінде Priority One компаниясына төлемдерді қаржы таратылмай тұрып тоқтатқан. Алайда шағымда көрсетілгендей, Medigap қосымша сақтандыру компаниялары талап-арыздар бойынша кемінде 450 мың доллар төлеген. Қаржылық құжаттарға сәйкес, Абдрахманов кейін шамамен 182 мың долларды Гонконгтағы шоттарға аударған. Ал тағы 200 мың доллардан астам қаражатты басқа шетелдік шоттарға жіберуге тырысқан.

2024 жылдың тамызында тергеушілер Абдрахмановтың Priority One компаниясының банктік шотына Medigap сақтандыру компанияларынан түскен шамамен 30 чекті, жалпы сомасы 22 500 доллар болатын қаражатты салғанын тіркеген.

Тағы бір іс бойынша Қазақстан азаматына айып тағылды

Айыпталып отырған азаматтың аты-жөні Таир Смағұл. Ол Чикаго аймағында тұрады. Прокурорлар Таир Смағұлды Medicare жүйесіндегі ауқымды алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыруға қатысқан деп айыптап отыр. Тергеу дерегінше, ол Коннектикут штатында тіркелген, Medicare мақұлдаған Medical Home Care Inc. компаниясына қатысты алаяқтық схемаға қатысқан.

Федералды айыптауға сәйкес, 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Смағұл компанияны бақылап, медициналық тұрғыда қажет емес немесе мүлде жеткізілмеген катетерлер мен басқа да жабдықтар үшін Medicare мен Medigap сақтандыру компанияларына жалған шоттар ұсынған. Шағымда Medical Home Care 2023 жылы мамыр мен 2024 жылы маусым аралығында катетерлер бойынша шамамен 470 мың талап-арыз беріп, жалпы сомасы 953 миллион доллар болатын алаяқтық есеп-шот жолдағаны айтылған. Осы кезеңде Medicare компаниясына қатысты 27 377 шағым түскен. 

Фото: cwbchicago.com

Тергеушілер катетер алған деп көрсетілген 19 Medicare алушымен, оның ішінде Иллинойс штатындағы бес адаммен сөйлескен. Олар бұл бұйымдарды алмағанын мәлімдеген. Сондай-ақ катетерлерді тағайындады деп көрсетілген үш медициналық қызметкер мұндай тағайындаулар жасамағанын және аталған азаматтар олардың пациенті болмағанын айтқан.

Қаржы құжаттарына сәйкес, 2024 жылдың қаңтар–ақпан айларында Смағұл компанияны бақылаған кезеңде Medigap сақтандыру компаниялары Medical Home Care-ге алаяқтық талап-арыздар бойынша кемінде 854 080 доллар төлеген. Тергеушілердің айтуынша, Смағұл Иллинойс штатындағы банкоматтар арқылы бұл қаражатты бірнеше рет қолма-қол шешіп алып, кейін Medical Home Care-дің банктік шоттарын жауып, алаяқтық жолмен түскен қаражатты жеке шотына аударған.

Пәкістандық азаматтар да айыпталды

Тағы бір істе прокурорлар Пәкістан тумалары Бурхан Мирза мен Кашиф Иқбалды Medicare және өзге де медициналық сақтандыру бағдарламаларына жалған талап-арыздар арқылы 10 миллион доллар шығын келтірген алаяқтық схеманы ұйымдастырды деп айыптады.

Айыптау қорытындысына сәйкес, Мирза Пәкістанда Nexus BPO Solution атты компанияны басқарған. Ал Иқбал Техас штатының Лавон қаласында тұрған. Прокурорлардың мәліметінше, олар АҚШ-тағы бірнеше сыбайластарымен бірігіп, Medicare алушыларына ешқашан көрсетілмеген диагностикалық тексерулер мен медициналық жабдықтар үшін жалған өтінімдер жолдаған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Мирза адамдардың жеке мәліметін, соның ішінде Medicare нөмірлері мен туған күндерін, олардың рұқсатынсыз және хабарынсыз алаяқтық талаптар беру мақсатында алған.

Айыптауларға сәйкес, 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың қаңтарына дейін айыпталушылар бір зертхананың шотына жалған талаптар арқылы Medicare-ден 4 миллион доллардан астам қаражат төленуіне себеп болған. Ал тағы бірнеше миллион доллар Snazzy Sprocket, Peculiar Pengium және Whimsy Wombat секілді атауы бар жалған компаниялар арқылы өткізілген.

Сондай-ақ айыптау актісінде Кашиф Иқбалға федералды тергеушілерге жалған мәлімет берді деген айып тағылған. Прокурорлар оның алаяқтық схема аясында есепке алынған IT-жұмыстарды орындадым деп жалған мәлімдегенін алға тартады.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 14:47