Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Боранбаевқа тиесілі "Қайрат" футбол клубы Алматы бюджетінен 750 миллион теңге алмақ

Фото: almaly.kz

Жеке меншіктегі "Қайрат" футбол клубы 2026 жылы Алматы қаласының бюджетінен 750 миллион теңге алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BES.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ресми құжатқа сәйкес, бөлінетін қаражат премьер-лига командасының және клубтың бүкіл құрылымының қызметін қамтамасыз етуге жұмсалмақ.

“Қайрат” футбол клубының штатында барлығы 103 қызметкер бар, оның ішінде:

- Премьер-лига командасы: 5 бапкер және 21 футболшы;

- “Қайрат Жастар”: 5 бапкер және 31 футболшы;

- “Қайрат” академиясы: 41 бапкер және 800-ден астам тәрбиеленуші.

Сонымен қатар Алматы қаласында футзалды спорт түрі ретінде даярлау мен дамытуға 90 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат жаттығу үдерісін ұйымдастыруға, спортшылардың халықаралық, қалалық және республикалық жарыстарға қатысуына, сондай-ақ академияның жұмысын қамтамасыз етуге және спорттық резервті даярлауға бағытталмақ. 

Алматы әкімдігі Қайрат Боранбаевқа тиесілі жеке меншік “Қайрат” футбол клубын қалалық бюджеттен қаржыландыру үшін қаражат бөлінуіне қатысты пікір білдірді. 

Әкімдіктің мәліметінше, “Қайрат” футбол клубы тек ықтимал жеткізушілердің бірі ретінде ғана қарастырылуы мүмкін екенін, алайда бұл әлі нақты шешім емес екенін атап өтті.

“Бұл жерде нақты бір кәсіби футбол клубын немесе оның негізгі командасын тікелей қаржыландыру туралы сөз болып отырған жоқ. “Қайрат” футбол клубы балалар-жасөспірімдер инфрақұрылымы дамыған, лицензияланған академиясы, білікті бапкерлер құрамы және футболмен айналысатын балалар санының көп болуына байланысты әлеуетті жеткізушілердің бірі ретінде ғана қарастырылуы мүмкін”, – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар әкімдік бөлінетін қаражат негізгі құрамдағы ойыншылардың жалақысына жұмсалмайтыны ерекше атап өтті.

“Қалалық бюджет қаражаты командалардың халықаралық чемпионаттарға қатысуын, кәсіби футболшылардың еңбекақысын немесе клубтардың өзге де коммерциялық қызметін қаржыландыруға арналмаған”, – делінген әкімдік хабарламасында.

Алайда әкімдік әзірге тендер өткізілмегенін және қаражатты нақты кім алатыны белгісіз екенін мәлімдегенімен, бюджеттік шығыстарға арналған өтінім құжаттары бұл пікірге қайшы мәліметтерді көрсетеді. Құжаттарға сәйкес, Алматы қаласының 2026 жылғы бюджетінен бөлінетін 750 миллион теңге дәл “Қайрат” футбол клубына арналған. Сондай-ақ клубтың негізгі штатында 103 қызметкердің бар екені, сондай-ақ тәрбиеленушілердің, бапкерлер мен футболшылардың саны да атап өтілген.

Фото: goszakup.gov.kz

Айта кетейік, бұл қаржы "Қайратқа" алғаш рет бөлініп отырған жоқ. Атап айтқанда, "әр түрлі жас санатындағы балалар-жасөспірімдер командаларын ұйымдастыру және олардың Қазақстан Республикасының футбол біріншілігіне қатысуын қамтамасыз ету қызметтері" бойынша өткізілген конкурсқа Қайрат Боранбаевқа тиесілі клуб жалғыз қатысушы болған.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 05 Ақпан, 2026 23:25