“Бомжсың ба?”: Атырауда блогерлермен кикілжіңге келген күзетші көз жұмған (видео)
Атыраудағы “Мемлекеттік сараптама орталығы” мемлекеттік мекемесінің күзетшісі жұмыс орнындағы оқиғаға байланысты басына қан құйылып көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі заңгер Айнұр Балакешовға сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Оқиғаның видеосын қорғаушы Айнұр Балакешова өзінің желідегі парақшасында жариялады. Марқұм мекеме күзетшісі Хәкім Иманиязов 56 жаста болған.
“Мемлекеттік сараптама орталығына” өздерін блогермін деп таныстырған бірнеше адам келіп, бірқатар заң бұзушылықтарды айтып, телефон камерасына түсіреді. Мемлекеттік тудың жоғына, турнекеттік жұмыс істемейтініне шағымданып, мекеме басшысын шақыртқан.
Мемлекеттік органға кіргісі келген блогерлер жолын бөгемек болған күзетшіге дауыс көтеріп, артынша балағаттаған. Видеодан ер адамның күзетшінің аяқ киіміне тиісіп, “сен бомжсың ба?”, “сен кімсің?”, “сен еркек емессің, белдемше киіп ал” дегенін естуге болады.
“Атырауда "Мемлекеттік сараптама орталығы" мемлекеттік мекемесінің күзетшісін өздерін блогер деп атаған келушілер балағаттап, салдарынан күзетшінің денсаулығының нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырылып, бірнеше аптадан кейін ол көз жұмды”, – делінген заңгердің жазбасында.
Марқұм күзетшінің артында жұбайы, екі ұлы мен қызы қалды.
Заңгердің айтуынша, марқұм күзетшінің әйелі Мариям жұмыста жүрген күйеуін қорлағандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын қалайды.
Оқиғаға қатысты полиция департаменті мәлімдеме жасады.
"Атырау қалалық полиция басқармасы тарапынан желіде таратылған фактіге қатысты тексеру амалдары басталды. Қазіргі уақытта мән-жайлар анықталуда. Дегенмен, аталған фактіге қатысты бұдан алдын ешқандай арыз-шағымдар түспегенін хабарлаймыз”, – делінген полиция хабарламасында.