Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болгарияда жалған төлқұжатпен ұсталған қазақстандық елде өзіне қауіп төніп тұрғанын айтты

Жалған төлқұжатпен ұсталған Ержан Ниязов

Фото: Haskovo.info

Варна әуежайында жалған поляк төлқұжатымен ұсталған Ержан Ниязовқа 9 шілде күні Хасково қаласында бұлтартпау шарасын таңдау бойынша сот өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ержан Ниязовқа мерзімсіз қамауға алу жазасы тағайындалды. Қазақстан билігі оны елге экстрадициялауды ел билігі талап етіп жатыр. Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 2022 жылдың наурызында оны қамауға алу туралы шешім қабылдаған.

Haskovo Info басылымының жазуынша, Ержан Ниязовқа қару-жарақты заңсыз алып жүру және қолдану, зорлық-зомбылықпен жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру және оған қатысу, сондай-ақ билік өкіліне қарулы қарсылық көрсету баптары бойынша айып тағылған. Айыптау баптарының сипатына және уақытқа қарағанда, оның 2022 жылғы қаңтар оқиғаларына қатысы бар деп күдікке ілінуі мүмкін.

Өз кезегінде Ержан Ниязов Қазақстан билігі таққан айыптарды мойындамайды және бұл істің қолдан жасалғанын айтады. Ол Қазақстанда өз өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан.

Ниязовтың адвокатының айтуынша, айып тағылған кезде Ержан Ниязов Киевте онкологиялық аурудан ем алып жатқан.

Айым Болатқызы
Жұма, 11 Шілде, 2025 09:41
Талқылау