Болат Сыздықовты Батырхан Шүкеновтің жанына жерледі
“Мюзикола” тобының негізін қалаушы Болат Сыздықов Алматыдағы Кеңсай қорымына, бір жыл бұрын қайтыс болған Батырхан Шүкеновтың жанына жерленді.
Сурет авторы: Андрей Магай. “Комсомольская правда Казахстана” басылымынан алынды.
Карина Абдуллинаның сөзінше ол Болат Сыздықовтың қасында соңғы сәтке дейін бірге болған. Музыкант ауруханаға дейін өзі барған. Көңіл-күйі де көтеріңкі болыпты. Дәрігер оған екпе жасаған. Карина осы сәтте Сыздықовтың әуежайда қалдырып кеткен көлігін жүргізіп келуге шығып кетеді. Жолда хабарласса дәрігер музыканттың көз жұмғанын айтқан. Дәрігердің сөзінше Болат Сыздықовқа ағзаға тамшылап сіңетін екпе қойылған. Ол сол сәтте ұйықтап кетіпті. Әрі ол жан тапсырған кезде жүзінде күлкі болыпты.
Сурет Марғұлан Сейсенбаевтың Facebook парақшасынан алынды.
Қаралы жиынға келген жұрт артиске арналған соңғы шапалақтарын соғып, ақтық сапарға шығарып салды. Табыт жанында оның өнердегі серігі Карина Абдуллина Сыздықовтың тастамай киетін қара шляпасын кеудесіне басып жүрді. Ал музыканттың 12 жыл бойына қолынан тастамаған гитарасын Ринат Гайсин ұстап жүрді.