Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болат Назарбаев Қапшағай жағасындағы жер телімін заңсыз иеленгені анықталды

Фото: Алматы облысының баспасөз қызметі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қапшағай мен Іле өзенінің бойындағы заңсыз берілген жер телімдері біртіндеп мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тексеру барысында су қорғау аймағында орналасқан бірнеше учаскенің заңсыз рәсімделгені анықталған. Аталған жерлердің кейбірі жоғары лауазымды шенеуніктердің, экс-президенттің туыстары мен ірі бизнесмендердің атына тіркелген.

Заңсыз жер бөлу науқаны 2000 жылдардың басында басталған. Сол кезде қала әкімдігі "демалыс орындарын салу үшін" гектарлап жер үлестірген. Кейін бұл учаскелер бірнеше рет сатылып, ықпалды тұлғалардың иелігіне өткен.

Мәселе депутат Бақытжан Базарбектің депутаттық сауалынан кейін көтерілді. Ол өз сөзінде жер телімдерінің көбі ресми құжаттармен рәсімделгенімен, олардың су қорғау аймағында жатқанын атап өткен.

Комитеттің мәліметінше, тексеріс нәтижесінде көлемі 1 гектардан асатын бір учаскенің Болат Назарбаевтың атына рәсімделгені анықталған. Тиісті учаскелерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.


Алматы тауларына коттедждер мен таунхаус салудың заңдылығы тексеріліп жатыр


"Құл-Мұхаммедтен Алагөзовке": Қоғам белсендісі Алматыдағы Тереңқұр аумағындағы қонақүй салынатынын айтып дабыл қақты


Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматы облысындағы жер телімдерін заңсыз бөлу деректеріне қатысты мәлімдеген еді. Оның айтуынша, су қорғау аймағында орналасқан жерлер қарапайым халыққа емес, экс-шенеуніктер мен белгілі кәсіпкерлерге берілген. Депутаттың мәліметінше, Іле ауданын 14 жыл басқарған бұрынғы әкім Николай Логутов жерлерді өз туыстарының атына рәсімдеген. Қазір бұл учаскелердің көбі оның ұлы Константин Логутовтың иелігінде, жалпы көлемі 10 мың гектардан астам. Базарбек Бас прокурордан бұл істі жеке бақылауға алуды және ықпалды тұлғалар тарапынан тексерушілерге жасалып жатқан қысым фактілерін тексеруді сұрады.

STAN.KZ
Сенбі, 04 Қазан, 2025 10:35
Талқылау