Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болашақтың кітапханасы: "Алтыналмас" ұлттық деңгейдегі ең ірі әлеуметтік жобалардың бірін жүзеге асырып жатыр

Фото: Рендерді "АК Алтыналмас" АҚ ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қызылорда қаласында заманауи, көпфункционалды кітапхана салу туралы жоспарын жариялады.  

Президенттің айтуынша, білім мен кітап оқу мәдениеті – ұлт дамуының негізгі тіректерінің бірі.

"Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек", – деді Президент.

Алтын өндіретін "Алтыналмас" компаниясы ұлттық деңгейдегі бұл ауқымды әлеуметтік жобаны жүзеге асырады. Аталмыш жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 20 млрд теңгені құрайды. Бұл бастама Қазақстан өңірлеріндегі мәдениет пен білім саласындағы ең ірі жобалардың біріне айналмақ.

Фото: Рендерді "АК Алтыналмас" АҚ ұсынды

Заманауи кітапхана

Жаңа кітапхана өңірдің ең ірі мәдени-білім орталығына айналады. Ерекшелігі – кейбір негізгі аймақтар тәулік бойы оқырманға қолжетімді болады.

Фото: Рендерді "АК Алтыналмас" АҚ ұсынды

Мұнда 100 орындық заманауи амфитеатрлы, Hi-Tech құралдарымен жабдықталған ашық форматтағы оқу залы, 50 жұмыс орны бар электрондық зал, медиалаборатория және цифрлық контентпен, жасанды интеллект пен заманауи бағдарламалармен жұмыс істеуге арналған подкаст-студиялар қарастырылған.

Фото: Рендерді "АК Алтыналмас" АҚ ұсынды

Ғимараттың жалпы ауданы шамамен 13 000 шаршы метрді құрайды. Кітапхана көп деңгейлі функционалдық аймақтарға бөлінуді қарастырады. Мысалы, жертөле қабатында архивтер мен сирек кездесетін қорлар, негізгі кітап қоры, реставрация мен типография бөлімдері, әдебиетті қабылдау және тарату аймақтары орналастырылады. Ал бірінші қабатта букшоп пен кофехана, балалар кітапханасы мен ойын аймағы, коворкинг, 200 орындық конференц-зал және фудкорт қарастырылған.

Фото: Рендерді "АК Алтыналмас" АҚ ұсынды

Екінші қабатта өлкетану және мерзімді басылымдар залдары, әмбебап оқу залы, анықтамалық-библиографиялық бөлім және көрме галереясы орналасады. Үшінші қабат шығармашылыққа және заманауи форматтарға арналмақ. Мұнда келушілерге арт-студиялар мен шеберханалар, медиалаборатория, өнер залы мен сирек кітаптар залы, әлем әдебиеті бөлімі, электрондық кітапхана және ашық оқу аймақтары қызмет көрсетеді.

Фото: Рендерді "АК Алтыналмас" АҚ ұсынды

Осылайша, кітапхана мектеп оқушылары, студенттер, зерттеушілер, шығармашылық топтар, білім мен идеялармен жұмыс істейтін барлық адамдар үшін негізгі орталыққа айналады.

Компанияның атқаратын рөлі 

Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып, компанияның білім, ғылым мен мәдениетті ұзақ мерзімді дамытуға атсалысатын сенімді әлеуметтік серіктес екенін көрсетеді.

Фото: Рендерді "АК Алтыналмас" АҚ ұсынды

"Алтыналмас" АҚ айтуынша, бұл бастама – олардың жүйелі әлеуметтік саясаты мен бизнес стратегиясының бір бөлшегі.

"Тұрақты даму адамға жасалған инвестициясыз мүмкін емес. Кітапхана – ойды, мәдениетті және болашақ ұрпақты қалыптастыратын орын. Біз үшін ұлттық ресурстар қоғамға ұзақ мерзімді пайда әкеліп, барлығына үлес қосуы маңызды", – дейді компания өкілдері.

Жобаның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 12 ай қажет болады. Құрылыс жұмыстары 2029 жылдың соңына дейін аяқталмақ. Заманауи кітапхананың пайда болуы Қызылорда облысының рухани және интеллектуалды дамуына үлес қосып, бизнестің мемлекетпен тиімді серіктестігін көрсететін үлгі болмақ.

"Алтыналмас" – әлеуметтік жауапкершілікті компания, өз өңірлерінің өміріне жүйелі түрде қатысып келеді. Мысалы, 2025 жылы компания үш жылдық ауқымды бағдарламаны бастап, кенттер мен шағын қалалардың тұрмысын жақсартуға 28,1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады. Бұл қаржы Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Жамбыл облыстарында білім, спорт, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, абаттандыру және мәдениет саласындағы негізгі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

STAN.KZ
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 11:49