Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тарихта аты қалатын Қазақстан әйелдері кімдер

Фото: Stan.kz \ Жанар Авард-Туребаева, Данна Қарағұсова, Салтанат Байқошқарова, Күнсұлу Закарья және Роза Әшірбаева

Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосып, ел атын әлемге танытқан әйелдер аз емес. Олар ғылымда, спортта, медицинада, бизнесте және қоғамдық қызметте үлкен жетістіктерге жетіп, ел тарихында өз ізін қалдырып келеді. Бірі ғылымдағы жаңалығымен адам өмірін сақтаса, енді бірі спорттағы жеңісімен ел намысын қорғап жүр. Stan.kz Қазақстанның заманауи тарихында өзіндік орны бар, еңбегі арқылы ел беделін көтерген әйелдердің бірнешеуі туралы сөз қозғаймыз.

Пандемияда ел үмітін арқалаған ғалым – Күнсұлу Закария

Пандемия кезеңі адамзат үшін ауыр сынақ болды. Дәл осы уақытта қазақстандық ғалымдар да қарап қалмай, вируспен күресте өз үлесін қосты. Қазақстан COVID-19-ға қарсы өз вакцинасын жасаған санаулы мемлекеттердің бірі болды. Ол отандық ғылым үшін де, ел абыройы үшін де үлкен жетістік. Осы тарихи жетістіктің басында тұрған тұлға биология ғылымдарының докторы, ғалым Күнсұлу Закария еді. Оның жетекшілігімен әзірленген қазақстандық инактивтелген вакцина QazVac тиімділігін дәлелдеп, ел ғылымының әлеуетін әлемге көрсетті.

Осы тарихи табыстың басында тұрған тұлға – биология ғылымдарының докторы, ғалым Күнсұлу Закария. Оның жетекшілігімен әзірленген қазақстандық инактивтелген QazVac вакцинасы тиімділігін дәлелдеп, еліміздің ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде көрсетті.

2025 жылғы 17 шілдеде жалғыз акционердің шешімімен Күнсұлу Закария "QazBioPharm" ұлттық холдингі директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Қазір ол осы қызметті атқарып келеді. Бұған дейін Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі қызметінен босатылған еді.

Фото: Ақорда / Күнсұлу Закарья

Күнсұлу Закария ұзақ жылдар бойы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтын басқарды. Оның жетекшілігімен биотехнология, микробиология және биологиялық қауіпсіздік салаларында ауқымды ғылыми жобалар жүзеге асырылды.

Ғалым басқарған ғылыми жұмыстардың ауқымы да айтарлықтай. Оның жетекшілігімен 10 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылып, олардың аясында 200-ден астам ғылыми жоба, соның ішінде 22 халықаралық жоба орындалды. Қазір ол биологиялық қауіпсіздік бағытындағы үш ғылыми бағдарламаның ғылыми жетекшісі. Ғалым өз жетістігінің басты кілті ретінде тәртіпті, табандылықты және жауапкершілікті атайды. Бүгінде ол Қазақстанда биотехнология саласын дамытуға үлес қосуды өзінің басты армандарының бірі санайды.

Ел ғылымына қосқан елеулі үлесі үшін Күнсұлу Закария "Барыс" және "Даңқ" ордендерімен, сондай-ақ ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықпен марапатталған. Айта кетері, ғалым бұл сыйлықтың қаржысын қайырымдылыққа аударған.

Ал енді қазақ әйелдерінің батылдығы мен жаңа белестерді бағындыруға дайын екенін дәлелдеген тағы бір тарихи оқиғаға тоқталайық.

Қазақ әйелі алғаш рет ғарышқа ұшты

Қазақстандық кәсіпкер Данна Қарағұсова ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ әйелі атанды. Ол Blue Origin компаниясының коммерциялық экипажы бар New Shepard ғарыш кемесімен суборбитальды туристік рейске қатысты. Ұшу АҚШ-тың Батыс Техас штатындағы Ван Хорн қаласына жақын орналасқан Corn Ranch ұшыру алаңынан жергілікті уақытпен 09:41-де жүзеге асырылды. Суборбитальды рейс шамамен 10-11 минутқа созылды.

NS-36 экипажының құрамында Данна Қарағұсовадан бөлек тағы бес адам болды. Олардың қатарында франчайзингтік кәсіпкер Джефф Элгин, инженер әрі зерттеуші доктор Клинт Келли III, кәсіпкер-зерттеуші Аарон Ньюман, инвестор Виталий Островский және аты-жөні жарияланбаған тағы бір жолаушы бар. Ұшуға санаулы минуттар қалғанда Данна Қарағұсова ғарыш кемесінің кабинасынан түсірілген суреттерді әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, тарихи сәттің куәсі болатынын жазды.

Ашық деректерге сәйкес, New Shepard кемесімен ғарыштық туризм бағдарламасына қатысу құны шамамен 500 мың доллар шамасында бағаланады. Дегенмен Blue Origin компаниясы нақты тарифті ресми жариялаған жоқ. Бұған дейін алғашқы коммерциялық рейстегі орын 28 миллион долларға аукцион арқылы сатылғаны белгілі. Ал бейресми деректер бойынша мұндай сапардың құны 200–450 мың доллар аралығында болуы мүмкін.

Фото: Blue Origin / Данна Қарағұсова

Данна Қарағұсова – Қазақстанда және халықаралық деңгейде ірі мәдени-ойын-сауық жобаларын жүзеге асырған First Media Group маркетинг холдингінің негізін қалаушы. Бұл компания әлемдік шоу-бизнес жұлдыздарының концерттерін ұйымдастыруымен танымал. Соның ішінде Қазақстанға Jennifer Lopez пен Backstreet Boys секілді әлемдік жұлдыздардың гастрольдерін әкелген жобалардың артында осы компания тұр.

Айта кетейік, Данна Қарағұсова – Қазақстанның бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Сенат пен Мәжілістің экс-депутаты Гүлжан Қарағұсованың қызы. Ал First Media Group – жиырма жылдан астам тарихы бар маркетингтік холдинг. Компания ірі концерттік жобаларды, медиакампанияларды және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруымен танылған. Данна Қарағұсованың ғарышқа ұшуы – тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар қазақ әйелдерінің жаңа белестерді бағындыруға дайын екенін көрсеткен тарихи оқиға болды.

Медицина саласында мыңдаған отбасының тағдырын өзгерткен тағы бір қазақстандық әйелдің еңбегі ерекше.

Cалтанат Байқошқарова

Қазақстандағы ЭКО саласының бастауы

Cалтанат Байқошқарова Қазақстандағы демографиялық дағдарыс кезеңінде мыңдаған отбасының ата-ана атануына жол ашқан мамандардың бірі репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы, "Экомед" медициналық орталығының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова. Ол тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) әдісін енгізіп, 1996 жылы "пробиркадан" (Зертханада ұрықтандыру арқылы) туған алғашқы сәбидің дүниеге келуіне себепкер болды.

Мұндай жолға оны жеке өміріндегі ауыр сынақ алып келді. Салтанат жеті жыл бойы бала көтере алмай, бедеулік мәселесінің қаншалықты қиын екенін өз басынан өткерді. Бірнеше операциядан кейін де көптен күткен сәби дүниеге келмей, бұл жағдай жас маманды осы мәселені терең зерттеуге итермеледі. Кейін ол Алматыдағы "Неке және отбасы" консультациясында жұмыс істеп, бедеулікпен күресетін жұптарға көмектесе бастады.

Фото: Салтанат Байқошқарова

1990-жылдары Қазақстанда ЭКО әдісі мүлде қолданылмайтын. Көптеген дәрігерлер оны жүзеге асыру мүмкін емес деп санады. Соған қарамастан Салтанат Байқошқарова Ресейдегі осы саланың негізін қалаған мамандардан тәжірибе жинап, қажетті құрал-жабдықтарды іздеп, үлкен қиындықпен алғашқы лабораторияны құрды. Сол кезеңдегі электр жарығының жиі өшуі мен қаржылық қиындықтарға қарамастан, мамандардың табандылығы нәтижесін берді.

1996 жылы Қазақстанда ЭКО әдісі арқылы алғашқы бала дүниеге келді. Бұл оқиға елдегі репродуктивті медицина үшін үлкен бетбұрыс болды. Бүгінде Қазақстанда 26 ЭКО орталығы жұмыс істейді. Осы әдістің арқасында елде 25 мыңға жуық сәби өмірге келген.

Соңғы жылдары мемлекет те бұл мәселеге ерекше назар аудара бастады. "Аңсаған сәби" бағдарламасы арқылы мыңдаған қазақстандық отбасыға ЭКО процедурасына квота бөлініп, ата-ана болу мүмкіндігі беріліп отыр. Қазір Қазақстанда бедеулік диагнозы қойылған жұптардың саны әлі де көп. Сондықтан репродуктивті медицина саласының дамуы демографияны жақсартуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар шетелде жүріп, қазақстандық ғылым мен медицинаның беделін арттырып жүрген тағы бір отандасымызға тоқталайық.

Жанар Авард-Туребаева – ұзақ өмірдің құпиясын зерттеп жүрген қазақстандық ғалым

Францияда қазақстандық ғалым әрі дәрігер-клиницист Жанар Авард-Туребаева қартаю үдерісін зерттеп, егде жастағы адамдардың өмір сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеп келеді. Ол геронтология мен гериатрия саласында еңбек етеді. Дәрігердің пациенттерінің орташа жасы – 93-94 жас.

Алматы облысындағы шағын ауылда дүниеге келген Жанар Туребаева бүгінде Франциядағы беделді медицина мамандарының бірі саналады. Ол Францияда докторлық диссертациясын қорғап, гериатрия және ішкі аурулар саласында ғылыми-клиникалық қызмет атқарып келеді.

2015 жылы қазақстандық ғалым Францияның Жоғары дәрігерлік деонтологиялық комитетінің кеңесшісі болып сайланды. Бұл орган елдегі дәрігерлердің кәсіби этикасын қадағалайды. Мұндай жауапты қызметке шетелдік мамандардың сирек шақырылатынын ескерсек, бұл – оның кәсіби беделінің жоғары екенін көрсетеді.

Фото: KazNMU / Жанар Авард-Туребаева

Қазір Жанар Авард-Туребаева университеттік клиникаға қарасты Жад орталығының бөлімін басқарады. Ол қарт адамдарда жиі кездесетін созылмалы ауруларды зерттеп, олардың белсенді әрі сапалы өмір сүруіне мүмкіндік беретін медициналық тәсілдерді іздестірумен айналысады.

Жанар Авард-Туребаева тек медицинада ғана емес, мәдени-дипломатиялық салада да белсенді. Ол Францияның Ренн қаласында Қазақстанның құрметті консулы ретінде қызмет атқарады. Оның бастамасымен бұл қалада қазақтың ұлы ойшылы Абайға ескерткіш орнатылған. Қазақстанда дүниеге келіп, Еуропада ғылым мен медицинада үлкен жетістікке жеткен Жанар Авард-Туребаева бүгінгі заманда әлемдік деңгейде еңбек етіп жүрген қазақстандық әйелдердің жарқын үлгісі.

Осы ретте елімізде алалардың құқығы мен денсаулығын қорғау жолында еңбек етіп жүрген тағы бір белсенді әйел бар екенін өткен жөн.

Аружан Саин – балалар құқығын қорғауға өмірін арнаған қоғам қайраткері

Аружан Саин – қазақстандық тележүргізуші, продюсер, актриса және қоғам қайраткері. Ол елімізде қайырымдылық қызметімен кеңінен танылған.

2006 жылы Аружан Саин ауыр дертке шалдыққан балаларға көмектесу мақсатында "Милосердие" ерікті қоғамын құрды. Қор ауру балаларға ем алуға көмектесіп, сәбилер үйлері мен балалар үйлеріне қолдау көрсетіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсеткен көмегі үшін ол "Алтын жүрек" ұлттық сыйлығына ұсынылған.

2019 жылы президентттің жарлығымен Аружан Саин "Құрмет" орденімен марапатталды. Сол жылы ол Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте Аружан Саин балаларға қатысты мемлекеттік саясатты жақсартуды, жүйелі мәселелерді шешуді және қазақстандық балаларға жаңа мүмкіндіктер ашуды басты мақсат етіп қойды.

Оның маңызды бастамаларының бірі – балаларға арналған жаппай спортты дамыту бағдарламасы. Жан басына шаққан қаржыландыру жүйесі арқылы балаларға тегін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге қатысуға мүмкіндік берілді. Бүгінде осы бастаманың арқасында Қазақстанда 160 мыңнан астам бала спортпен және түрлі дамыту үйірмелерімен тегін айналысып жүр.

Аружан Саин – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі саналатын балалардың денсаулығы мен құқықтарын қорғауға күш салып жүрген, қазіргі заманның белсенді әрі ықпалды қазақстандық әйелдерінің бірі.

Фото: bala-ombudsman.kz

Спорт саласында Қазақстанның абыройын әлемдік деңгейде асқақтатқан әйелдер де аз емес.

Ольга Шишигина – Олимпиада шыңын бағындырған қазақстандық әйел

Ольга Шишигина – Қазақстан спорт тарихында алтын әріппен жазылған есімдердің бірі. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын медаль жеңіп алып, еліміздің абыройын әлемге танытты.

Спортшының басты ерекшелігі – жарыс кезінде қарсыластарын ерекше дәлдікпен "сезе" білуі. Ол тек өз жүгірісін ғана емес, қарсыластарының ырғағын, демін, аяқ дыбысын да аңғара алатын. Дәл осы сезімталдық пен психологиялық дайындық оған шешуші сәтте басымдық беріп, Олимпиада шыңына жетеледі.

Ольга Шишигина – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Спорттағы жеңістерінен кейін ол Қазақ мемлекеттік туризм және спорт академиясында жеңіл атлетика кафедрасын басқарды. Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметінде спорт нұсқаушысы болып еңбек етіп, подполковник әскери атағын алды.

2013 жылы ол парламент мәжілісінің депутаты болып сайланып, қоғамдық-саяси өмірге де белсенді араласты. Спортшы "Құрмет", "Барыс" I дәрежелі, "Достық" II дәрежелі ордендерімен және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталған.

Фото: Reuters.com

Жеңіл атлетикада әлемдік рекордтар жасап, Олимпиада тұғырында ел туын көтерген тағы бір қазақстандық спортшы бар.

Ольга Рыпакова – қазақ спортының рекорд орнатқан жұлдызы

Ольга Рыпакова – Қазақстан жеңіл атлетикасының әлемдік деңгейдегі ең жарқын тұлғаларының бірі. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында үш қарғып секіруден алтын медаль жеңіп алып, ел спорты тарихында жаңа белеске көтерілді. Сонымен қатар 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері.

2010 жылы жабық ғимараттағы әлем чемпионатында чемпион атанған спортшы сол жылы Хорватияның Сплит қаласында 15,25 метр нәтижесін көрсетіп, Азия рекордын орнатты. Бұл көрсеткіш әлі күнге дейін құрлықтағы ең үздік нәтижелердің бірі саналады.

Рыпакованың айтуынша, табыстың басты сыры – үздіксіз еңбек, табандылық және өзіңе деген талап. Ол спортшылар отбасында өскен. Әкесі Сергей Алексеев оның алғашқы жаттықтырушысы болды. Бүгінде спорт – олардың отбасының өмір салтына айналған: жұбайы да, балалары да спортпен айналысады.

Ольга Рыпакованың жетістіктері Қазақстанда жоғары бағаланды. Ол физикалық мәдениет пен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. 2014 жылы Өскемен қаласында халықаралық деңгейдегі жеңіл атлетика орталығы ашылып, оған Ольга Рыпакованың есімі берілді.

Фото: olympic.kz

Анар Бурашева – әлемнің жеті шыңын бағындырған алғашқы қазақстандық әйел

Экстремалды спорт түрінде әлемнің ең биік шыңдарын бағындырған қазақстандық әйел де бар. Қазақстандық альпинист Анар Бурашева әлемдік альпинизм тарихына өз есімін алтын әріппен жазды. Ол Антарктидадағы ең биік нүкте – Винсон массивіне көтеріліп, әйгілі “Seven Summits” – "Жеті шың" бағдарламасын толық аяқтаған алғашқы қазақстандық әйел және Орталық Азиядағы тұңғыш әйел альпинист атанды. Осы альпинизм әлеміндегі ең беделді жетістіктердің бірі. Бағдарлама жер шарындағы жеті құрлықтың ең биік шыңдарын бағындыруды талап етеді. Анар Бурашева аса күрделі мақсатқа небәрі екі жылдың ішінде қол жеткізді.

Спортшының жетістіктер қоржынына әлемнің ең биік әрі ең қауіпті шыңдары енді. Ол Азиядағы Эверестті (8848 м), Оңтүстік Америкадағы Аконкагуаны (6962 м), Солтүстік Америкадағы Деналиді (6194 м), Африкадағы Килиманджароны (5895 м), Еуропадағы Эльбрусты (5642 м), Антарктидадағы Винсон массивін (4897 м) және Австралия мен Океаниядағы Карстенз пирамидасын (4884 м) бағындырды.

Мұндай жетістік тек жеке жеңіс емес, Қазақстан спорты үшін тарихи белес. Өйткені "Жеті шың" бағдарламасын орындау үшін альпинист тек физикалық төзімділік пен кәсіби дайындықты ғана емес, сондай-ақ ерік-жігер мен батылдықты да қатар көрсетуі керек.

Фото: Анар Бурашеваның желідегі парақшасынан

Әлемнің әр түкпіріндегі мұзды таулар мен экстремалды жағдайларды еңсеріп, ол арманын шындыққа айналдырды. Альпинист бұл жолда өзіне қолдау көрсеткен отбасы мен достарына алғысын білдіріп, олардың сенімі мен қолдауы үлкен күш бергенін айтады.

Осылайша, Анар Бурашева тек шыңдарды ғана бағындырған жоқ – ол қазақстандық әйелдердің қайсарлығы мен батылдығын әлемге тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның ерлігі мен табандылығы болашақ альпинистерге ғана емес, үлкен мақсатқа ұмтылған әрбір адамға шабыт беретін үлгі болып қалмақ. Спорттың тағы бір түрі теннисте Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген жас жұлдызды атап өтуге болады.

Елена Рыбакина – Қазақстанның теннис жұлдызы

Elena Rybakina – әлемдік теннистегі ең табысты қазақстандық спортшылардың бірі. Ол 1999 жылы 17 маусымда Мәскеуде дүниеге келген. Кейін Қазақстан атынан өнер көрсетуге шешім қабылдап, қысқа уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі теннисшіге айналды.

Рыбакина кәсіби мансабында бірқатар ірі жетістіктерге қол жеткізді. 2022 жылы ол беделді Wimbledon Championships турнирінде жеңіске жетіп, Үлкен дулыға турнирін жеңген Қазақстаннан шыққан алғашқы әйел теннисші атанды. Бұл тарихи жеңіс ел спорты үшін ерекше маңызды болды.

Спортшы бұл жетістікке үлкен еңбек пен табандылықтың арқасында жетті. Бұған дейін ол Токиода өткен 2020 Summer Olympics ойындарында жүлдеге өте жақын келіп, жартылай финалға дейін жеткен еді. Олимпиададан кейін Рыбакина қайта күш жинап, өз ойынын жетілдіріп, көп ұзамай Уимблдонда чемпион атанды.

Фото: olympic.kz

Негізгі жетістіктері

  • 2022 жыл – Wimbledon чемпионы, Үлкен дулыға турнирін жеңген алғашқы қазақстандық әйел.
  • 2023 жыл – Australian Open турнирінің финалисі.
  • 2023 жыл – BNP Paribas Open (Индиан-Уэллс) турнирінің чемпионы.
  • 2023 жыл – Italian Open турнирінің жеңімпазы.
  • WTA рейтингінде бірнеше рет әлемнің үздік ондығына енді.
  • WTA турнирлерінде бірнеше мәрте чемпион атанды.

Елена Рыбакина өзінің қуатты сервистерімен, дәл соққыларымен және сабырлы мінезімен танымал. Оның ойыны тұрақтылықпен және тактикалық дәлдікпен ерекшеленеді.

Бүгінде Рыбакина әлемдік теннис аренасында Қазақстанның абыройын асқақтатып, жас спортшыларға үлкен үлгі болып жүр. Оның табыстары елдегі теннистің дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстанды халықаралық спорт кеңістігінде таныта түсті. Елдегі гендерлік теңдік пен әйелдер құқығы мәселесін көтеріп жүрген белсенді әйелдер де ел дамуына өз үлесін қосып келеді.

Роза Әшірбаева – әйелдер құқығын қорғаушы

Солардың бірі Роза Әшірбаева. Ол Қазақстандағы әйелдер құқығын қорғау және гендерлік теңдік мәселелерін көтеріп жүрген қоғам белсенділерінің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы әйелдердің құқықтық қорғалуын күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру бағытында жұмыс істеп келеді.

Роза Әшірбаева Қазақстанда әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Ол түрлі қоғамдық бастамаларға қатысып, әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірге белсенді араласуына ықпал етіп келеді. Сонымен қатар гендерлік теңдік мәселелерін талқылайтын конференциялар мен қоғамдық кездесулерде жиі сөз сөйлеп, әйелдердің құқықтарын қорғау тақырыбын қоғам назарында ұстауға үлес қосып жүр.

Фото: Роза Әшірбаеваның желідегі парақшасынан

Қоғам белсендісі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне ерекше назар аударып, бұл проблеманы шешу үшін заңнаманы жетілдіру және қоғамдағы көзқарасты өзгерту қажеттігін жиі айтып келеді. Оның пікірінше, әйелдердің қауіпсіздігі мен тең мүмкіндігі – қоғамның тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі.

Роза Әшірбаева бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жолында еңбек етіп жүр.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 08 Наурыз, 2026 09:00