Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Топ чемпионатта ойнағым келеді, ал білім мен спортты қатар алып жүру маңызды қағидам — Әділет Садыбеков

Әділет СадыбековФото:Stan.kz collage

Алматылық “Қайрат” командасының футболшысы Әділет Садыбеков – Чемпиондар лигасында гол соққан үшінші қазақ футболшысы. Ол бұл голынан кейін қазақ жанкүйерлерінің ерекше сүйіспеншілігіне ие болды. Осы голдан кейін Stan.kz тілшісі футболшының өзінен сұхбат алды.

Ағылшын тілін жетік меңгерген футболшы болашақта топ чемпионаттардың бірінде ойнауды басты мақсат етіп отыр. Сондай-ақ ол атақты “Арсенал” командасына қарсы матчта Кай Хавертцпен еркін әңгімелесіп тұрған видеолары әлеуметтік желіде кеңінен тараған. Қос футболшы осы сәтте не туралы әңгімелескендерін де ашып айтты.

– Сіз қазақ футболында Чемпиондар лигасында гол соққан үшінші қазақ ойыншысыз. Бұл голыңызды кімге арнадыңыз және сол сәттегі әсеріңіз қандай болды?

– Чемпиондар лигасында гол соғу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл голымды ең алдымен отбасыма, маған сенген ата-анама және әрқашан қолдау көрсететін жанкүйерлерге арнаймын. Сол сәттегі әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл – бала күнгі арманның орындалған сәті болды. Алаңда тұрып, сол деңгейде гол соғу ерекше эмоция сыйлайды.

– Чемпиондар лигасында "Арсеналға" қарсы ойында алаңда Кай Хавертцпен еркін әңгімелесіп тұрған видеоларыңыз әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Жалпы не туралы сөйлестіңіздер?

– Иә, "Арсенал" командасына қарсы ойында Кай Хавертцпен қысқа әңгіме болды. Негізі қарапайым футбол туралы, ойын барысы жайлы сөйлестік. Бір-бірімізге сәттілік тіледік. Ерекше құпия әңгіме болған жоқ, жай ғана кәсіби ойыншылар арасындағы диалог.

– Кай Хавертцпен әңгімеден кейін көпшілік сіздің ағылшын тілін жақсы меңгергеніңізді, мектепте алтын белгі иегері болғаныңызды айтып жатыр. Футболшылардың ағылшын тілінде еркін сөйлеуі жанкүйерлерді қуантады. Ағылшын тілін қай кезден бастап үйрендіңіз? Негізгі мамандығыңыз қандай?

– Ағылшын тілін мектеп кезінен бастап үйрендім, кейін өз бетімше дамыттым. Халықаралық деңгейде ойнау үшін тіл білу өте маңызды деп есептеймін. Негізгі біліміме келсек, мен бакалавр дәрежесін экономика саласы бойынша аяқтадым, ал магистратураны менеджмент мамандығы бойынша бітірдім. Білім мен спортты қатар алып жүру – мен үшін маңызды қағида.

– "Брюггеге" соққан голдан кейін басқа командалардан ұсыныстар түскен жоқ па?

– "Брюгге" сияқты деңгейі жоғары командаға гол соққаннан кейін түрлі қызығушылықтар мен талқылаулар болған шығар. Мұндай мәселелер көбіне агенттер мен клубтар арасында қаралады. Қазіргі сәтте нақты бір нәрсе айта алмаймын. Мен үшін ең маңыздысы – өз ойынымды көрсетіп, командамның нәтижесіне үлес қосу.

– Болашақта қай шетелдік командада ойнағыңыз келеді?

– Әр футболшы Еуропаның топ-лигаларында ойнауды армандайды. Болашақта мықты чемпионаттардың бірінде өзімді сынап көргім келеді. Бірақ ең бастысы – тұрақты даму мен жоғары деңгейде ойнау. Қай команда болса да, кәсіби тұрғыда өсетін мүмкіндік болса, қарастыруға дайынмын.

– Қазір жаңа құрам бір-біріңізге үйренісе алдыңыздар ма? Команда ішіндегі атмосфера қандай?

 Қазір жаңа құрам бір-біріне жақсы бейімделіп келеді. Уақыт өткен сайын өзара түсіністік артып жатыр. Команда ішіндегі атмосфера өте жақсы, жігіттер тату, барлығы ортақ мақсат үшін жұмыс істеп жатыр.

– Қазақстан Республикасының Суперкубогінде "Тобылға" қарсы матчқа қандай баға бересіз? Кейбір жанкүйерлер төрешілердің жұмысына наразылық білдіріп жатыр. Бұл жөнінде не айтасыз?

 Қазақстан Республикасының Суперкубогінде Тобылға қарсы матч тартысты өтті. Мұндай ойындарда эмоция да, күрес те жоғары деңгейде болады. Төрешілердің жұмысына баға беру – менің міндетім емес. Біз өз ойынымызға жауаптымыз. Қандай жағдай болса да, алға қарап, қорытынды жасап, келесі матчтарға дайындалуымыз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

STAN.KZ
Жұма, 06 Наурыз, 2026 16:49