Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болашағымызды білгіміз келеді": Қазақстандықтар балгерлер мен көріпкелдер қызметіне 3 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсаған

Балгер, көріпкел Фото_ ruterestФото: ru.pinterest.com

Қазақстанда көріпкелдер, балгерлер, астрологтар, нумерологтар мен басқа да эзотерикалық бағыттағы мамандардың қызметіне сұраныс күрт өскен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы магиялық қызмет көрсетушілер мемлекетке 2,9 миллиард теңге табыс туралы есеп берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 75 есе көп. Сол жылы тіркелген сома бар болғаны 39,5 миллион теңге болған. Бұл соңғы бірнеше жылдағы рекордтық көрсеткіш. Бюро есептерінде мұндай қызметтер екі санатқа бөлінген:

•    экстрасенстердің қызметі;

•    астрологтар, спириттер мен балгерлердің қызметі.

Негізгі өсім екінші топқа тиесілі, олардың үлесіне жалпы көлемнің 92,3%-ы, яғни 2,7 миллиард теңгеге тең. Ал экстрасенстер 225,7 миллион теңге табыс тапқанын көрсеткен.

Алайда осы сандар шынайы жағдайды толық көрсете алмайды, себебі эзотерикалық қызметтер әлі күнге дейін "көлеңкелі" нарықта кеңінен ұсынылады. Ал бұл көрсеткіштер өз қызметін заңды түрде тіркеп, салық төлеп отырған адамдардың ғана ресми табысы. Қазақстанда емшілер мен көріпкелдердің қызметі заңмен реттелмеген әрі лицензияланбайды. Дегенмен олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істеуге құқылы. Экономикалық қызмет түрлерінің ұлттық классификаторында оларға арнайы код ОКЭД 96.09 ("Басқа санаттарға кірмейтін өзге де жеке қызметтер") белгіленген.

2024 жылғы көрсеткіштердің өсуіне бірнеше фактор әсер етуі мүмкін:

•    заңнамадағы өзгерістер (мысалы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған бірыңғай жиынтық төлемнің күшін жою және жылдық табысы 12 ең төменгі жалақыдан (1 миллион тг) асатын азаматтарға міндетті түрде ЖК тіркеу талаптары);

•    азаматтар тарапынан бал ашу, тағдыр картасын талдау, нумерология сияқты қызметтерге деген сұраныстың артуы.

Мысалы, Google Trends сервисінің мәліметінше, 2024 жылы қазақстандықтар "наталдық карта", "тағдыр матрицасы" сынды сұраныстарды іздеуді жиілеткен.
Айта кетейік, көрсетілген 2,9 миллиард теңгенің жартысы ғана 1,5 миллиард теңгесі халықтан түскен. Ал қалған 1,4 миллиард теңге түрлі ұйымдар мен өзге көздерден алынған. Бұған дейінгі жылдары мұндай бөлініс болмаған.

"Талдау" ақпараттық-талдамалық жүйесі аймақтар бойынша да мәлімет береді. Алайда барлық өңір есеп бермеген, сондықтан дерек толық емес.

Павлодар облысында 208,6 миллион теңге, ал Астанада бар болғаны 679 мың теңге деп көрсетілген. Алматы бойынша мүлде дерек жоқ, бірақ дәл осы қалада балгерлер мен көріпкелдерге арналған жарнамалар саны ең көп делінген.

Магиялық қызметтердің құны кең диапазонда орналасқан және қызмет көрсетушінің жеке брендіне тікелей байланысты. Қарапайым жарнама көздері (агрегаторлар, анықтамалықтар, әлеуметтік желілер):

•    қарапайым бал ашу (карта, кофе): 3 мың теңге
•    наталдық карта талдауы: 3 500 тг
•    магиялық ритуалдар: 5 мың теңге бастап
•    нумерологиялық кеңес, экстрасенсорлық сессия: 20 мың теңгеден бастап

Аты танымал көріпкелдердің жеке сайттарындағы қызметтер:

•    қарғысты кетіру: 30 мың теңгеден бастап
•    нашақорлықпен күрес: 250 мың теңге
•    жұбайын қайтару: 500 мың теңге
•    бизнес жүргізуге "жәрдем": 400 мың теңге
•    мүлік сату үшін магиялық көмек: құнының 10%-ы.

Ең қымбат қызмет деструктивті, "қара магия" ритуалдары: 1 миллион теңгеден бастап көрсетілген.


"Болашағыңды болжап беремін": Астанада TikTok-тағы жарнамасынан кейін ер адам ұсталды


"40 күн дұғасы да, намазы да қабыл болмайды": Имам көріпкелге барып, болашақты болжаудың қаншалықты ауыр күнә екенін айтты


Еске салайық, бұған дейін Қостанайда әйел тарологтан 100 мың теңге өндіріп алғанын жаздық. Күйеуінің опасыздығынан кейін болашағын білгісі келген Қостанай тұрғыны онлайн тарологқа жүгініп, 100 мың теңге төлеген. Болжам орындалмаған соң, әйел ақшасын қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінді. Сот келісімшарт талаптарына сүйене отырып, тарологты қаражатты қайтаруға міндеттеді. Психологтар мұндай қызметтерге жүгінудің артуын адамдардың жауапкершіліктен қашуы және шешім қабылдау қабілетінің әлсіреуімен байланыстырады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 15:45
Талқылау