Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бокстан Сербияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы есепте екінші орында қалып қойды

Бокстан әйелдер арасындағы 2025 жылғы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: instagram.com/qaz_team_official

9-16 наурыз арасында Сербияның Ниш қаласында өткен байрақты бәсекеде әлемнің 51 елінен 240 спортшы қатысты. Әлем чемпионатында 12 салмақ дәрежесінде 48 медальдар жиынтығы сарапқа салынды.

Жарысқа төрт мемлекет қана барлық салмақ дәрежесі бойынша боксшылар қатыстырды. Олар: Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және жарыс қожайындары Сербия. Турнир алдында жүлделер жиынтығы бойынша жалпы есепте көш басына талас-тартыс дәл осы төрттік арасында өтеді дегендер көп болды.

1/8 финалдан Қазақстанның 10 спортшысы сүрінбей өтті. Ширек финалға Ресей мен Түркия елінен де осынша боксшы жолдама алды. Сербия мен Өзбекстан плей-офф бәсекелерінің алғашқы кезеңінде 4 спортшыдан айрылып, 8 былғары қолғап шебері ¼ финалға өтті.

Жартылай финалға берілер жолдамаға боксшылар барын салды. Бір жекпе-жекті жеңсе жүлдеге қол созатынын, ең құрығанда қола медальды қанжығаларына байлайтынын әрбір спортшы жақсы түсінді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасынан 6 аруымыз ½ финалға жолдама алды. Өкінішке орай, Жасмин Қизатова, Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова мен Надежда Рябец жарыс жолынан шығып қалды. 

Сербия мен Түркия құрамасынан да жартылай финалға 6 боксшы шықты. Ал Ресей бұл кезеңде жеке дара көш бастады. Себебі, ½ финалда 7 спортшыға өнер көрсету бақыты бұйырды. Мықтылар қатарында азиялық құрамалар көбірек болды. Мәселен, Қытайдың 5 спортшысы, Өзбекстанның 4, Тайланд пен Солтүстік Кореядан 3, Мороккодан 2, Вьетнамнан 1 боксшы жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, Ирландиядан да 3 боксшы, Беларусь, Словакия және Молдовадан 1 боксшыдан ½ финалда өнер көрсетті.

Жартылай финалға өткен 48 боксшы финалға берілер 24 жолдаманы сарапқа салды. Қазақстан құрамасы сапынан 5 боксшы финалдық бәсекеге жолдама алды. Жартылай финалда 70 келі салмақта Наталья Богданова ғана жеңіліс тапты. Сөйтіп қола жүлдені қанағат тұтты.

Финалға Ресей құрамасынан 5 боксшы өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Осылайша қос құрама ақтық сынға берілер 24 жолдаманың 10-на иелік етті. Жарыс басынан мықтылар қатарынан табылған Түркия 3 боксшысын финалға шығарып, екінші орынға орналасты. Ал Қытай, Тайланд, Ирландия құрамалары сапынан 2 боксшыдан финалға шықты. Және Өзбекстан, Морокко, Сербия, Солтүстік Кореяның бір-бір өкілдері алтын үшін таласатын болды.

Ақтық сында Қазақстан құрамасы сапынан екі боксшы жеңіліс тапты. 60 келі салмақта Виктория Графеева ресейлік Нуне Асатрянға ұтылды. Ал +81 келіде Елдана Тәліпова қытайлық Илиан Жаннан жеңіліс тапты. Қос аруымыз күміс медальды қанжығаға салды.

Есесіне еліміздің әнұраны Сербия төрінде үш рет шырқалды. 48 келі салмақта сынға түскен команда капитаны Париж олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай қарсыласты қоғадай жапырды. Назым финалда ресейлік Юлия Чумгалакованы 5:0 есебімен ұтып, үш дүркін әлем чемпионы атанды.

50 келі салмақта өнер көрсеткен Алуа Балқыбекова қытайлық Меи Худы финалда еш қиындықсыз ұтты. Қорытынды есеп 5:0. Қазақстан құрамасы жеңіл салмақтағы екінші алтын медальды да жеңіп алды. Бұған дейін, Алуа әлем чемпионатында бір рет күміс, бір рет қола жүлде иеленген еді. 

Үшінші алтынды ел қоржынына Аида Әбікеева салды. 63 келі салмақта жарысқа қатысқан отандасымыз алтын үшін таласта тайландтық Тананья Сомнуекті 5:0 есебімен жеңді.



Осылайша Қазақстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионатында 3 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдені еншіледі. Сербияға аттанған он екі боксшының алтауы медальға қол созды.

Жалпы есепте Ресей көш бастады. Көршілеріміз 4 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен бірінші орыннан көрінді. Ал Қазақстан құрамасы екінші сатыға жайғасты. Үздік үштікте Түркия (1-3-2) арулары. 

Сондай-ақ, финалдық бәсекелерде Қытай, Сербия, Солтүстік Корея, Морокко құрамаларынан бір-бір спортшы жеңімпаз атанды.

Қазақстан құрамасы боксшылары бұл әлем чемпионатында 35 жекпе-жек өткізді. 26 кездесуде отандастарымыз жеңіске жетті. Спортшыларымыз 16 рет Еуропа былғары қолғап шеберлеріне, 10 рет Азия, 4 рет Африка, 2 реттен Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлығының өкілдеріне қарсы шықса, бір рет бейтарап аймақтың спортшысымен рингте жекпе-жек өткізген. 

Бокстан әйелдер арасындағы 2025 жылғы әлем чемпионатының медальдар саны бойынша турнирлік кестесі:
1. Ресей — 4-1-2 (7)
2. Қазақстан — 3-2-1 (6)
3. Түркия — 1-3-2 (6)

4. Қытай — 1-1-3 (5)
5. Сербия — 1-0-5 (6)
6. Солтүстік Корея — 1-0-2 (3)
7. Марокко — 1-0-1 (2)
8. Таиланд — 0-2-1 (3)
9. Ирландия — 0-2-0 (2)
10. Өзбекстан — 0-1-3 (4)
11. Словакия — 0-0-1 (1)
11. Вьетнам — 0-0-1 (1)
11. Беларусь — 0-0-1 (1)
11. Молдова — 0-0-1 (1).

Бұған дейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Назым Қызайбайды тарихи жеңісімен құттықтағанын хабарлаған едік.

 

Талқылау