Бокстан кіші әлем чемпионатында бір күнде қазақстандық төрт боксшы жеңіліс тапты
Болгарияның София қаласында өтіп жатқан Странджа кубогы-2025 жарысында бүгін шаршы алаңға шыққан төрт боксшымыз жеңілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: kfb.kz
Қазақстан әйелдер құрамасы сапында 48 келі салмақта рингке шыққан Ақбота Болат Түркия спортшысы Рабиа Топуздан 4:1 есебімен жеңілді. Ақбота Болгариядағы бәсекеде ұлттық құрама сапында жеңіліс тапқан алғашқы спортшы атанды.
50 келі салмақта өнер көрсеткен тағы бір әйелдер құрамасының өкілі Гүлнар Тұрапбай жарысты ширек финалдан аяқтады. ¼ финалда Златистава Чукановаға 5:0 есебімен ұтылды.
Тағы бір спортшымыз ширек финалда сүрінді. 57 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Ұлжан Сәрсенбек түркиялық ару Бенек Пинардан 5:0 есебімен жеңілді.
Бүгін ¼ финалда жарысты аяқтаған спортшылар мұнымен тоқтап қалмады. Соның бірі 60 келідегі боксшымыз Анар Тұрсынбек. Қазақстандық спортшы Косово елінің өкілі Донжета Садикудан ұтылды.
Осылайша бүгін шаршы алаңға шыққан төрт аруымыз жүлдегерлер қатарына қосыла алмады.
Айта кетейік, Странджа жарысын ел арасында кіші әлем чемпионатына теңейді.