Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында тағы бір боксшымыз жеңімпаз атанды
Сербияның Ниш қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапынан үшінші боксшы алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/qaz_team_official
63 келі салмақта Аида Әбікеева финалда Тайланд спортшысы Тананья Сомнуекке қарсы шықты. Бұл жекпе-жекте қазақстандық боксшы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Төрешілер 5:0 есебін тіркеді. Осылайша Әбікеева Сербиядағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қоржынына үшінші алтын жүлдені салды.
Өкінішке қарай, әлем чемпионатының финалында қос боксшымыз жеңіліс тапты. 60 келі салмақта ел намысын қорғаған Виктория Графеева алтын үшін бәсекеде ресейлік Нуне Асатряннан ұтылып қалды.
Сондай-ақ +81 келіде бақ сынаған Елдана Тәліпова финалдық жекпе-жекте қытайлық Илян Чжанға есе жіберді. Қос боксшымыз күміс жүлдені қанағат тұтты.
Бұған дейін, Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекованың әлем чемпиондары атанғанын жазған едік.