"Бокс қазір бизнеске айналды": Жәнібек Әлімханұлы чемпиондарға үндеу жасады
WBO/IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы кәсіби бокстың қазіргі жағдайына және басқа чемпиондардың белбеулерді біріктіру үшін онымен жекпе-жекке шығуға құлықсыздығына көңілі толмайтынын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Іnstagram.com/janibek_alimkhanuly
"Әрқашан чемпиондармен жұдырықтасуға дайын болдым. Қазір де дайынмын. Чемпиондар, сендер қайдасыңдар? Кейбір чемпиондар қорқақ! Мұны бәріміз білеміз! Екінші орта салмаққа көтеріліп, чемпионмен бірден жекпе-жек өткізуге дайынмын. Бірақ ол менімен төбелеспейді. Менімен айқасуға дайын чемпиондар бар ма? Өкінішке қарай, бокс қазір бизнеске айналды. Боксшыларға белбеу емес, ақша керек. Бұл бокста болып жатқаны өте өкінішті", – деп жазды Әлімханұлы Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың қазан айында өткізіп, Жаңа Зеландия өкілі Андрей Михайловичті тоғызыншы раундта нокаутпен жеңген еді. Бокстан өткен жекпе-жекте Қазақстанның ескі гимні орындалды. Бұл жағдай 4 қазанда Аустралияның Сидней қаласында болды. Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі бұл оқиғаға байланысты ұйымдастырушыларға наразылық білдіріп, ресми шағым жіберетінін мәлім етті.