"Мұқағали сорлы еркек": Мақатаевтың туыстары блогерден 10 миллион теңге өтемақы талап етті
Фото: Видеокадрдан скрин
Блогер Әлішер Теменов ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын ауыр сөздермен сынап, оны "дәрменсіз еркек" деп атағаны қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бұған байланысты ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев блогерді сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот ісі Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында, судья Бейнегүл Қайсина төрағалық ететін отырыста қаралып жатыр. Іс Қылмыстық кодекстің 131-бабы, 2-бөлігі "Қорлау" бойынша жүргізіліп жатыр.
Теменов сотқа өзінің қоғамдық қорғаушысы Мейірман Шекеевпен бірге келді. Қазір ол жеке адвокат жалдамаған. Сонымен қатар блогер сот залында бейнетүсірілім жүргізуге қарсылық білдірді. Қоғамдық қорғаушы Шекеев Теменовтің өз сөздері үшін кешірім сұрағанын атап өтті.
"Егер тереңірек қарасақ, бұл екі адам – бір атадан тараған туыстар. Теменов өз әрекеті үшін кешірім сұрады. Мүмкін, ол сізден (Жұлдыз Мақатаевтан) кешірім сұрамаған болар", – деді ол.
Судья тараптарға мәселені бітіммен шешу мүмкіндігін талқылау үшін 10 минуттық үзіліс жариялады. Алайда Жұлдыз Мақатаев бұл жағдайды тек жария түрде кешірім сұрау және 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу арқылы шешуге болатынын айтты.
"Шок жағдайында болдым. Біздің тегімізге дақ түсті. Моральдық зиян келтірді. Сол зиянды өтесін. Интернет арқылы кешірім сұрасын", – деді ол сотта.
Мақатаев осындай шарттар орындалса, татуласуға дайын екендерін жеткізді.
Оқиға өткен жылдың қазан айында басталды. Теменов әлеуметтік желіде Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізген бейнежазба жариялаған. Видеоны көп ұзамай өшіргенімен, ол интернетте кең таралып үлгерді. Бұл халықтың наразылығын тудырды. Ақынның туған ауылы Қарасаздың тұрғындары блогердің үйіне барып, тінту жүргізген. Кейін Теменов әкесімен бірге ауылға барып, жергілікті жұрттан кешірім сұрады.
"Менен ешкім кешірім сұраған жоқ. Әкем Мұқағали бір кезде "Балам, мені халық жазғыра берсін, өйткені мен қарапайым адаммын. Бірақ шығармашылығымды қорлаған адамды кешірмеймін" деген еді", – деді Жұлдыз Мақатаев.
Сот процесі жалғасып жатыр. Келесі отырыс келесі аптаға жоспарланған.
Айта кетейік, Әлішер Теменов Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сұңқар ауылының тұрғыны. Сотта оның бір қызы бар екені және әйелі екінші баласына жүкті екені айтылды. Тұрақты жұмысы жоқ, тек блог жүргізумен айналысады. Бұған дейін сотталмаған.
Еске салайық, бұған дейін Мұқағали Мақатаевты қорлаған тиктокер халықтан кешірім сұрады. Оның айтқандары Мұқағали туған жер – Қарасаз ауылының тұрғындарын қатты ренжітсе керек. Олар Әлішерден бүкіл ауылдан жеке кешірім сұрауын талап етіп, видео жолдады. Әлішер әкесін ертіп ауылға барып, ақынның ескерткіші алдында тізерлеп кешірім сұрады.

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған
