БҚО-да сот үш адам қаза тапқан жантүршігерлік жол апатына қатысты күдіктіні ақтап жіберді
БҚО-да сот үш адам қаза тапқан жантүршігерлік жол апатына қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: mgorod.kz
Жол апаты 2024 жылы 24 маусым күні Самара-Шымкент тас жолында Батыс Қазақстан облысындағы Аңқаты ауылының маңында болған.
Әлібек пен Құралай Меңдіғалиевтер және олардың 9 жасар немересі Тамерлан мінген Toyota Prado жол талғамайтын көлігі мен Volvo жүк көлігімен соқтығысып, өртеніп кеткен. Жол талғамайтын көліктегі жолаушылардың барлығы қаза тауып, денелері қатты күйіп кеткендіктен, өлім себебін анықтау қиынға соқты.
Соттың мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі 53 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны Двумар Люшанло болған. Сондай-ақ айыпталушылардың қатарында жол апатынан қаза тапқан Әлібек Меңдіғалиев те бар.
"Сот үкімімен Двумар Люшанло қылмыстық кодекстің "Жол қозғалысы ережелерін бұзу" бабы бойынша ақталды. Ол сот залында қамаудан босатылды. Сонымен қатар, Лушанло қылмыстық қудалау органдарынан келтірілген шығынды өтеуді талап етуге құқылы. Сот жәбірленушілердің 15 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіру туралы арызын қанағаттандырудан бас тартты", – делінген хабарламада.
Сот марқұм Әлібек Меңдіғалиевті жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін кінәлі деп танып, өліміне байланысты жауапкершіліктен босатты. Марқұмның туыстары сот үкіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.
"Сот шешімімен түбегейлі келіспеймін. Бар кінәнің марқұмның мойнына артылғанын көру өте ауыр. Бізде куәгерлер де, апаттың сызбасы да болды, бірақ олар ескерілмеді. Тірілер өлген адамды кінәлі етіп көрсетіп, өз мәселелерін шешуде", – дейді марқұмның ұлы Ақылбек.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.