БҚО-да саралжындық бүлдіршіндерге жаңа оқу жылында жаңа мектеп ашылды
Білім күнінде Батыс Қазақстан облысында саралжындық балақайлар жаңа оқу жылын жаңа білім ордасында бастады. Ауыл халқының көптен күткен қуанышына облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысып, саралжындықтарды құттықтады.
Білім күніне орай пайдалануға беріліп отырған 60 орындық мектептің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев сөз сөйледі.
“Баршаңызды білім күнімен бірге келген зор қуаныш, мынадай керемет мектептің ашылуымен облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының атынан құттықтаймын! Бұл — мемлекетіміздің сіздерге, ауылда отырған қайсар халыққа, ауылда туып, ауылда өсіп келе жатқан балдырғандарға тартуы. Осы жылы президентіміздің тапсырмасымен облысымызда 11 мектеп салынса, соның бірі — осы! Бұл мектепті КПО б.в. компаниясы облыс алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің аясында салып беріп отыр”— деді облыс әкімінің орынбасары.
Ол мектеп ұжымы мен оқушыларға жылы лебізін білдірді.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс және аудан басшылығымен қатар, Казталов ауданының "Құрметті азаматы", ардагер ұстаз, ақын-жазушы, қоғам қайраткері Дариға Мұштанова, Қарашығанақ Петролеум Оёперейтинг б.в. компаниясының менеджері Қайрат Бимағамбетов және де білім саласының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Саралжын елді мекенінде Мәжит Жүнісов атындағы негізгі орта мектебінің ескі ғимараты 1989 жылы салынған. 2024 жылы қолданысқа берілген жаңа мектеп ғимаратының қуаттылығы 60 орынға есептелген. Жалпы құны – 750 миллион теңге. Мердігер - "Ақсай Строй Сервис" ЖШС. Мектеп жаңа оқу кабинеттерімен жабдықталған. Мектеп ауласында шағын футбол алаңы, баскетбол, жүгіру алаңдары және демалу орны бар.
Саралжын — құтты мекен. Топырағын түртсе тарихы көрінер киелі ауылда ел анасы, қоғам қайраткері, ақын-жазушы Дариға Мұштанова дүниеге келген. Жаңа білім ордасында туған жерін алты алашқа танытып, абыройын асқақтатқан ақынның атында арнайы сынып ашылды.
Ауылым ата қоныс құт мекенім,
Бабалар айтып кеткен құтты екенін.
Қияға қанат қағып перзенттері,
Танытқан топырағының мықты екенін, — деп жырлаған Дариға Ғазезқызы сыныбының тұсауын облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, Казталов ауданының "Құрметті азаматы" Баян Қабиевамен бірге кесіп, шәкірттерге ақ батасын берді.
Қаймағы бұзылмай, өркениетке қадам басқан ауыл халқы сәулеті келіскен, заманға сай білім ордасының бой көтергені үшін облыс және аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді.