Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да өз үйінде үсік шалған әйелдің екі табаны ампутацияланбақ

Фото: 

Батыс Қазақстан облысында өз үйінде екі аяғының табанын үсітіп алған әйелге ампутация отасы жасалмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазіргі таңда әйел қатар жүретін жүрек патологиясына байланысты жансақтау бөлімінде жатыр.

“РТС кентінің тұрғыны үйіндегі пештің ақауына байланысты екі табанын үсітіп алған. Қазір ол жүрек ауруының асқынуына байланысты жансақтау бөлімінде жатыр және табандарын ампутациялау операциясына дайындалуда”, –  деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері облыс ауруханаларына үсік шалу диагнозымен 24 адам түскен. Ең көп жағдай Жәнібек, Казталов және Ақжайық аудандарында тіркелген. Жеті науқас ауыр дәрежедегі үсікпен ауруханаға жатқызылған. 

Науқастардың тағдырлары әртүрлі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, Ақжайық ауданында бір ер адам далада адасып, үсіп қалған. Дәрігерлер оған екі қолының білезігі мен төменгі аяқ-қолдарын ампутациялауға мәжбүр болған. Қазір ол үйіне шығарылған.

Тағы бір тұрақты мекенжайы жоқ ер адам екі табанын үсітіп, өкпе туберкулезімен ауруханаға түскен. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ол жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Көлігін аязда жөндеп жатқан қала тұрғыны екі қолының білезігін үсітіп алған, оған ота жасалмай, үйіне шығарылған.

Ал тағы бір қала тұрғыны мас күйінде көшеде ұйықтап қалып, аяқ-қолдарын қатты үсіткен. Соның салдарынан оның екі қолының білезігі ампутацияланған.

Тағы бір тұрақты мекенжайы жоқ ер адам да мас күйінде көшеде ұйықтап қалып, аяқ-қолдарын үсітіп алған. Қазіргі уақытта ол екі табанын ампутациялау операциясына дайындалып жатыр.

Медицина қызметкерлері жылы киінуге, қатты аязда алыс жолға автокөлікпен шықпауға және сыртта болу уақытын барынша қысқартуға кеңес береді. Үсіктің алғашқы белгілері байқалған жағдайда мүмкіндігінше тезірек, алғашқы тәулікте-ақ медициналық көмекке жүгіну қажет. 

Еске салсақ, осыған дейін Петропавлда 75 жастағы зейнеткер аурухана маңында үсіп қалғанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 20:56