БҚО-да қытайлықтар киік етін қайта өңдейтін зауыт салып жатыр
Фото: Рexels.com
Қытайдың медицина және биотехнология саласы бойынша маманданған Chengtian Runkang Pharmaceutical компаниясы Батыс Қазақстан облысында киік етін қайта өңдеу зауытын салып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірге инвестиция тарту мақсатында Чехия, Ресей, Иран, Қытай және Оңтүстік Кореяға іссапармен барып, бірқатар әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізгенін айтты.
Сол келіссөздер нәтижесінде келісімге қол жеткізілген жобалардың бірі – киік етін қайта өңдейтін ет комбинаты. Оны қытайлық Chengtian Runkang Pharmaceutical компаниясы салып жатыр. Жобаға 4 млрд теңге инвестиция салынып, 200 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Cheng Tian Run Kang Medical Limited компаниясы биотехнологияларды дамыту, денсаулық сақтау жүйесіне жаңа технологиялар енгізу, сондай-ақ биологиялық ресурстарды қайта өңдеу бағытында жұмыс істейді. Компанияның профилін ескерсек, зауыт өнімдері медициналық мақсатта қолданылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, ирандық Persist Kazakh K&K компаниясы "Пуш Руно" былғары зауытын қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Бұл жобаға 1 млрд теңге инвестиция салынбақ.
Айта кетейік, бұған дейін ақбөкен етін тұтыну қаншалықты қауіпсіз екені туралы жазған болатынбыз.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік