БҚО әкімі өңір тұрғындарын Көрісу күнімен құттықтады
Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі бойынша еліміздің Батыс өңірлерінде Наурыз мейрамын атап өту – 14 наурыз Көрісу күні мерекесімен басталады. БҚО әкімі өңір тұрғындарын Көрісу күнімен құттықтады.
Осы орайда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Көрісу күні Оралдағы Әжғалиевтер әулетіне барды. Әжғалиевтер – өңірдегі көпке үлгі отбасылардың бірі. Әулеттің баларының көпшілігі медицина саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, облыстың денсаулық сақтау саласының даму тарихында елеулі із қалдырды.
БҚО әкімі Әжғалиевтер отбасын бүгінгі мерекемен құттықтады.
"Үлкенге - құрмет, кішіге - ізет" - дейді дана халқымыз. Көрісу күні сіздердің әулетіңізге арнайы келіп отырмын. Бұл мейрам біздің ұлттық құндылықтарымызды нығайтуға септігін тигізеді. Сіздердің отбасыларыңыз медицина саласындағы көп жылғы еңбегімен елдің дамуына зор үлес қосып келеді. Бұл еңбекке адалдықтың және мақсатқа беріктіктің белгісі. Отбасыларыңызға зор денсаулық, бақ-береке, бала-шағаңызға амандық тілеймін"-деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Нариман Төреғалиев облыс тұрғындарын Наурыз мерекесінің басталуымен құттықтады.
"Cіздерді Көрісу күнімен, Амал мерекесімен құттықтаймын! Бұрында ата-бабаларымыз дәл осы күні бір-бірімен қуана қауышып, амандық-саулық сұрасып, ізгі тілектерін арнағаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам — ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі. Өткен жылы ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлерімізді жаңғыртуға бағытталған осы тұжырымдама негізінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыздан бастап тойланады. Және ол он күндік Көрісу күнінен бастау алатыны біз үшін үлкен қуаныш”, – деді өңір басшысы.
Батыс Қазақстан облысында Көрісу күні мейрамы кең көлемде аталып өтілді. Облыстың әр ауданында түрлі танымдық
іс-шаралар өтті.