БҚО әкімдігінің қызметкері бірнеше көлік соқтығысқан жол апатына себепкер болды
1 қазан сағат 00:10-да бірнеше көлік соқтығысып, көлік апаты болды. Бұл жол апатына әкімдік қызметкері кінәлі болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Мой город
Тәуелсіздік пен Правдухина көшелерінің қиылысында жол апаты болған. Батыс Қазақстан полиция департаменті Volkswagen Tiguan көлігінің 44 жастағы жүргізушісі бағдаршамда тұрған Mercedes көлігіне соғылғанын атап өтті. Соққыдан Мерседес ВАЗ және Skoda Rapid-пен соқтығысқан.
"Көлік иелеріне материалдық залал келтірілген, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деп түсіндірді полиция.
Жол апатына кінәлі Volkswagen Tiguan көлігін БҚО әкімдігінің қызметкері Ербол Найзабеков жүргізген.
Батыс Қазақстан полиция департаментінің баспасөз қызметі Volkswagen Tiguan жүргізушісінің медициналық сараптамасының қорытындысын жарияламады.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі жол-көлік оқиғасы бойынша полиция департаменті ақпарат беретінін айтып, олар "мән-жайды анықтап жатыр, заңгерлер жұмыс істеп жатыр" деп жауап берді.
Ербол Найзабековтың өзі жол-көлік оқиғасына қатысты түсініктеме бермеді.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің аппарат басшысы Нұрділдә Ораз Ербол Найзабековтің шын мәнінде Батыс Қазақстан әкімдігінің аппаратында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейтінін растады. Әкімдік сайтында Ербол Найзабековтің Ішкі аудит қызметі басқарма басшысы екені жазылған.
Батыс Қазақстан денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жол апатынан 18 жастағы қыз бен 37 жастағы ер адам зардап шеккен.
"Олар қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізіліп, қажет медициналық көмек көрсетілді. Амбулаторлық ем тағайындалды”, – деп қосты облыстық денсаулық сақтау басқармасы.