Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"100 миллиард теңгенің тендерін жеңіп алған": БҚО-да депутатқа тиесілі компанияға жолды сапасыз жөндегені үшін айыппұл салынды

Фото: istockphoto.com

БҚО-да депутатқа тиесілі "Uniserv" компаниясына "Барбастау – Ақжайық – Индер" тасжолын жөндеу кезінде құрылыс ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салында. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Орал апталығы” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының қызметкерлері жобалық құжаттама талаптары бұзылғанын анықтаған. Атап айтқанда, жаңа асфальт беті тегіс емес, көптеген учаскелерде толқынды, жолдың қапталдары бекітілмеген, құрылыс материалдары сапасыз. 

Сондай-ақ компания 8,3 миллиард теңгелік бұл келісімшартты 2021 жылдың сәуірінде алғанымен, жұмысты бірнеше жылға кешігіп, 2024 жылдың қазанында ғана аяқтаған. 

Өткен жылдың шілде айында Шағатай ауылының тұрғындары аталмыш жолды жөндеу кезіндегі "Uniserv" компаниясының сапасыз жұмысын ашық түрде сынап, наразылық танытты. Олар әлеуметтік желілерде жөнделген жолдағы шұңқырлар мен ойықтарды бейнелейтін видеолар жариялады. Оқиға орнына сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің өкілдері, құрылыс компаниясының басшылығы және әкімдік өкілдері барған. 

Осы жылдың маусым айында облыстық сот "Uniserv" ЖШС кінәлі деп танып, 2 584 400 теңге айыппұл салды.

Айта кетейік, "Барбастау – Ақжайық – Индер" трассасының жол қабатын сапасыз жөндеу жұмыстарынан "Uniserv" ЖШС  келтірген залал жарты миллиард теңгеден асқан. Бұл туралы автокөлік жолдары басқармасы мәлімдеген. 

"Uniserv" компаниясы екі шақырылымда мәслихат депутаты болған Нұрғазы Сатпаевқа тиесілі. Қазір компанияның бас директоры оның жиені Дінмұхамед Сатпаев, ол да "Аманат" партиясынан облыстық мәслихат депутаты болып сайланған.

Компания Астананың Есіл ауданында тіркелген.

2024 жылы ТОО "Uniserv" 23,4 миллиард теңгеден астам сомада алты келісімшарт алғаш.

Ал 2025 жылы депутатқа тиесілі компания 100 миллиард теңгеге мемлекеттік келісімшарттар алған. Олардың 66,5 миллиард теңгесі Батыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автокөлік жолдары басқармасының тапсырыстары екен.

Олардың ішінде:

- 27,4 миллиард теңге – "Бөрілі – Ақсай – Жымпиты" тас жолын қайта жаңғырту (БҚО);

- 20,2 миллиард теңге – "Барбастау – Индер" жолын жөндеу (БҚО);

- 18,8 миллиард теңге – "Шапай – Жанақала – Сайхин" жолын қайта жаңғырту (БҚО);

- 8,5 миллиард теңге – "Беспішен – Қошанкөл – Қараоба" тас жолын жөндеу (Қазталов ауданы)

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 21 Тамыз, 2025 21:56
Талқылау