Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Бізсіз мемлекеттік төңкерісті тоқтата алмадыңдар": Қазақстандықтар ресейлік азаматқа тиесілі кофехананы бойкоттап жатыр

Фото: Әлеуметтік желіден скринделген

Евгений Глински есімді кәсіпкер "Smart Coffee" (қазір аты "Street Coffee") деген кофехана желісінің атынан әлеуметтік желіде Қазақстан мен қазақ халқына қарсы жағымсыз пікір жазған. Автор кейін бұл жазбаны өзі жазбағанын, парақшасын біреу бұзғанын айтып, ақталып жатыр. Алайда көпшілік оған сенбей, бойкот жариялауға шақырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кәсіпкер "Smart Coffee" брендінің Instagram парақшасында жарияланған даулы пікір үшін сынға ұшырады. Әлеуметтік желі қолданушылары оның елге деген құрметсіз көзқарасын айыптап, мұндай әрекет бизнесті құлдырататынын атап өтті. 

Жазбада Қазақстанды "уақытша" немесе "үшінші сортты" ел ретінде бейнелейтін тұжырымдар айтылған. 

"Путин Жеңістің 80 жылдығына орай Украинамен уақытша бейбітшілік жариялады" деген постың астына evglinsky аккаунты пікір жазған оқырмандардың біріне "Ат мініп, қарсы алмақсыңдар ма? Бізсіз өз еліңдегі мемлекеттік төңкерісті де тоқтата алмадыңдар ғой. Батырсымақтар" деп жауап қайтарған. Бренд атауы кейін "Street Coffee" деп өзгертілгенімен, жұртшылық бойкот жариялап үлгерді.

"Қазақ еліне +1 бойкот. “Smart Coffee” деген бәле бар екен, ойына келгенін жазып жүр. Енді келіп, “мен емес, басқа біреу жазған” деп ақталып отыр. Instagram мен 2GIS-ден көздерін құртайық. P.S. Street Coffee деп атын ауыстырып тастапты", – деп жазған желі қолданушылары.

Дегенмен кәсіп иесі бұл жазбаны өзі жазбағанын, парақшасына басқа біреу кіріп кеткенін айтып ақталды. Алайда көпшілік бұл уәжге сенбеді. Желі қолданушылары дәлел сұрап, мұндай ұлтқа қарсы көзқарасқа жол берілмеу керек екенін айтты.

Евгений Глински бұған дейін кешірім сұрауды ойлағанын, алайда күйзелісте болғанын атап өтті. 

"Халықтан осы жағдайдың бақылаудан шығып кеткені үшін және сіздерге ертерек үн қатпағаным үшін кешірім сұраймын. Аккаунтымнан жарияланған сөздер үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Бұл сөздер менің көңіліме де тиді. Сіздерді қаңтар оқиғасынан кейін өте жақсы түсінемін. Осы жағдай бойынша сіздерді толығымен қолдаймын. Мені жексұрын немесе ар-намысы жоқ адам деп санап, компаниям Қазақстанда болмауға тиіс деген ойда жүргендер болса, осы бейнежазбаны көріп, өз пікірлерін өзгертеді деп үміттенемін. Егер кінәлі адам не адамдар табылып жатса, олар міндетті түрде сіздердің алдарыңызда жауап береді. Бірақ мен Қазақстан халқын бұған дейінгі көргенімдей мейірімді әрі парасатты деп сенгім келеді", – деп Евгений Глински ағынан жарылды.

Глинскидің айтуынша, Smart Coffee компаниясының Қазақстандағы командасында шамамен 40 адам жұмыс істейді, олардың басым көпшілігі қазақтар.

Айта кетейік, Smart Coffee – бұл Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатқан өзіне-өзі қызмет көрсету форматындағы кофеханалар желісі. Компания өз өнімін ел қалаларында орнатылған вендинг аппараттары арқылы ұсынады. Kompra.kz деректеріне сәйкес Қазақстанда бұл атаумен екі ЖШС тіркелген: бірі – Алматы облысы Боралдай кентінде тіркелген "Smart Coffee", екіншісі – Алматы қаласындағы "Smart Coffee LTD". Бұл компаниялардың басшылары ретінде Дамир Волох пен Артём Габдрахманов көрсетілген. .kz домендік аймағындағы сайт қолжетімсіз. Глински өзін кофе сатумен 18 миллион рубль тапқан кәсіпкер ретінде таныстырады. Ол бір стақан кофені 100 рубльге (шамамен 500 теңге) сатқан.

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы Qazaq Coffee кофеханасы қазақ тіліне қатысты даудан кейін жұмысын тоқтатқанын жаздық. Оқиға 2GIS қосымшасындағы қала тұрғынының шағымынан басталды: ол қазақша мәзір жоқтығын атап өтті. Әкімшілік қызметкерлері қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес екенін мәлімдеген соң, бұл пікір қоғамда резонанс тудырды.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 05 Мамыр, 2025 15:20
Талқылау