Бизнес пен қайырымдылықтың ортақ жетістігі: Шелек ауылындағы жаңа мектептің бір жылдағы көрсеткіштері

Алматы облысының Шелек ауылында Beeline Қазақстанның корпоративтік қайырымдылық қоры "Zhyly Zhurek" салған жаңа мектептің ашылғанына бір жыл толды. Қазіргі заманға сай білім беру ордасы ауылдың дамуына жаңа серпін беріп, балаларға бұрын қолжетімсіз болып көрінген үлкен мүмкіндіктерге жол ашты.
Аймақтың дамуына жаңа серпін
Мектеп 2024 жылдың 1 қыркүйегінде алғашқы оқушыларын қабылдады. Ашылу күні ауыл үшін үлкен қуанышқа айналды. Алайда оның шын мәніндегі маңызы балалар мен мұғалімдер жаңа кеңістікте оқу процесін бастағанда анық көрінді.
Бүгін мектепте 900-ден астам оқушы білім алады. Кең әрі заманауи кабинеттер, толық жабдықталған зертханалар, шеберханалар, медиастудия, спорт және акт залы − барлығы балалардың оқу форматын түбегейлі өзгертіп, олардың сенімділігі артып, еркін білім алуына көмектесетін ортаға айналды.

Орын тапшылығынан – сапалы білімге
Бұрын Шелек қазақстандық ауылдардың ішінде мектепке түсетін жүгі ең жоғары аймақтардың бірі еді. Оқушылар бірнеше ауысымда оқып, орын тапшылығы білім сапасына тікелей әсер ететін.
13 000 м² аумақта салынған жаңа мектеп бұл мәселені түбегейлі шешті. Ғимарат қазіргі талаптарға сай жобаланып, оқушылардың қауіпсіздігі мен сапалы білімнің қолжетімділігі басты назарға алынды.
"Zhyly Zhurek" қорының директоры Анар Жумагулова алғашқы сапарларын еске алды.
"Балалардың қандай жағдайда оқитынын көргенде, мәселе тек тұрмыстық қиындықтарда емес екенін түсіндік. Білімге қолжетімділік − баланың болашағына тікелей әсер ететін басты фактор. Біздің мақсатымыз − тек орын тапшылығын шешу емес, балаларға заманауи білім алуға тең жағдай жасау", – дейді Анар Жумагулова.
Ол мектептің ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырылғанын да атап өтті.
"Бірнеше жыл ғана емес, ондаған жылдар бойы қызмет ететін, қауіпсіз, ыңғайлы және толық жабдықталған мектеп салғымыз келді. Инклюзия − біздің барлық жобаларымыздың басты құндылығы", – деді "Zhyly Zhurek" қорының директоры.
Алғашқы жылдың нәтижелері
Бір жылдың ішінде мектеп өңірдегі ең белсенді білім орталықтарының біріне айналды.
Мектептің жетістіктері:
• 50-ден астам аудандық, облыстық, республикалық марапатқа ие болды;
• "Әбдуәли Қайдар", "Алтын сақа", "Ақбота", "Кенгуру", "Айқанат", "Тарих ата", "Абай оқулары", "Мағжан оқулары", "Мақатаев оқулары" және басқа да олимпиадаларда жеңіске жетті;
• Алғашқы түлектердің арасында 8 оқушы “Алтын белгі”, 2 оқушы үздік аттестат иегері атанды;
• 44 түлектің 25-і грантпен жоғары оқу орындарына түсті.
Бұл көрсеткіштер Шелек оқушыларының берілген мүмкіндіктерді орынды пайдаланғанын дәлелдейді. Оқушылар сапалы білім алып, болашағын саналы түрде жоспарлап, өз күшіне сенімді болып өсіп келеді.

Мектеп өміріндегі өзгерістер
Мектеп директоры Ляззат Карабаева алғашқы жылдағы өзгерістер жоспардан да жоғары болғанын айтады.
"Балалардың оқу мотивациясы бірден артты. Жаңа кабинеттер, техника мен зертханалар оқушылардың қызығушылығын оятты. Бос уақытын мектепте өткізіп, республикалық, облыстық, аудандық жобаларға қатыса бастады", – дейді Ляззат Карабаева.
Мұғалімдер де оқу процесін жаңа деңгейге көтерді. Практикалық сабақтар, ғылыми жоба жұмыстары, заманауи әдістемелер қолдануға мүмкіншіліктер артты.
"Зертханалар мен IT-кабинеттер балалар үшін нағыз тартылыс орталығына айналды. Мұнда олар тәжірибе жасап, робот құрастырып, бағдарламалар әзірлеп, медиастудияда шығармашылық жобалармен айналысады. Музыкадан бастап 3D модельдеуге дейінгі түрлі студиялар балалардың қызығушылығы мен өз қабілетіне деген сенімін күшейтті", − дейді Ляззат Карабаева.

Бизнес – өңірдің серіктесі
Шелек мектебі − Beeline Қазақстан мен "Zhyly Zhurek" қорының өңірлерде білімді және цифрлық дағдыларды қолдауға бағытталған стратегиялық жобаларының бірі. Компания инклюзия, медицина және білім беру саласында тұрақты әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді.
Бұл жобалар корпоративтік жауапкершілік бір реттік акция емес, аймақтың ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін құрал екенін көрсетеді.
Балалар үлкен қалада, шағын ауылда да заманауи ортада, толық технологиямен қамтылған және барлық мүмкіндіктер қарастырылған қолжетімді ортада білім алуы тиіс.

Beeline Қазақстанның корпоративтік коммуникациялар және әлеуметтік инвестициялар жөніндегі директоры Елена Мухсинова атап өтті.
"Шелек ауылындағы мектеп − тең мүмкіндіктер жасауды көздейтін стратегиялық жобаларымызды жүзеге асырудағы маңызды қадам. Бұған дейін Beeline “Тірек мектептерінің әлеуетін арттыру” жобасы аясында сегіз ауылдық мектепті толық жабдықтады. Ал жаңа мектепті қаржыландыру осы бастаманың жалғасы болды. Біз заманауи оқу орындарының балалардың өмірін өзгертіп, тұтас қауымдастықтың мүмкіндіктерін кеңейте алатынына сенімдіміз. Сондықтан біз әрбір қазақстандыққа тұрғылықты жеріне қарамастан тең мүмкіндік беретін жобаларға инвестиция салуды жалғастырып келеміз", – дейді Елена Мухсинова.
Шелек ауылындағы тәжірибе кешенді әлеуметтік жобалардың білім сапасына ғана емес, бүкіл қауымдастықтың өміріне оң әсер етіп, балалар үшін жаңа мүмкіндіктер беріп, тұрақты даму ортасын қалыптастыра алатынын көрсетті.
"Акушерьге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады