Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізге де дәл осындай менталитет қажет": Тоқаев Жапония азаматтарын мақтады

Фото:depositphotos.com

Президент озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізуде Жапония тәжірибесіне назар аударуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Жасанды интеллект және цифрлық технологияны дамытуға баса мән беру керек. Менің өткен аптада Жапонияға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Сапар кезінде Токио губернаторымен кездестім. Түрлі салада ынтымақтастық орнатуға келістік, цифрлық технологияларға ерекше назар аудардық. Токиодағы Smart City жобасымен таныстық. Жапония озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізу тұрғысынан зор табысқа жетіп отыр. Біз осы бағытта тәжірибе алмасатын болдық", - деді Тоқаев.

Президент "Таза Қазақстан" жобасын не үшін бастағанын түсіндіріп, 14 миллион адам тұратын Такио қаласын үлгі етті.

"Әрине, қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптасып, тұрғындар ортақ мекеніміздің тыныс-тіршілігіне белсенді араласа бастағаны қуантады. Дәл осы себепті "Таза Қазақстан" жобасын бастадым. Оны бүкіл ел қолдады. Қоршаған ортаны қорғау – стратегиялық мәселе. "Таза Қазақстан" идеологиялық кампаниясына не үшін бастамашы болғанымды айтайын. Өйткені экология, тұрмыс-тіршіліктегі тазалық болмысымыздың бір бөлігіне айналуға тиіс", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жалпы, Азияның бірқатар қаласында қалдықтарды жоюдың экономикаға негізделген тәсілдері қолданылады. Шынында да қоқыспен күресу керек. 

"Токиода 14 миллион адам тұрады. Азғантай аумақта осыншама халық өмір сүріп жатса да, ондағы тазалық пен тәртіп өте жоғары деңгейде. Мысалы, саммитте сөйлеген сөзімде Жапония Премьер-министріне "Еліңіздің қуаты – адамдарыңызда. Сіздер үнемі үйлесімділікке үндейсіздер. Жапондар үйренуден жалықпайды. Өзін қалай ұстауды біледі, өзге адамдарға құрметпен қарайды. Үйін, пәтерін, өзі отырған ғимаратты таза ұстайды. Сонымен қатар олар үздіксіз білім алады әрі оны өскелең ұрпаққа да сіңіреді" деп жылы сөзімді арнадым. Бізге де дәл осындай менталитет қажет. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллектіден үлкен үміт күтемін. Біз алға қарыштап қадам басып, технологиялық ұлт болудың үлгісіне айналуымыз керек",  - деді Мемлекет басшысы.

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 24 Желтоқсан, 2025 18:45